Ескі обсерватория базасында Observatorium музейін ашу жоспарда бар
Ескі обсерватория базасында  Observatorium  музейін ашу жоспарда бар
224
оқылды
«AMANAT» партиясынан партиялық тізім бойынша депутаттыққа кандидаттар Шолпан Жаманбалаева мен Елена Тё  ҚР Орталық мемлекеттік музейінің  еңбек ұжымымен кездесіп, көпшілікке бұл жиынның мәні мен мазмұнын түсіндіріп, елдің келешегін айқындайтын елеулі шарада баршаны белсенділік танытуға шақырды. Партияның сайлауалды бағдарламасындағы ұлттық құндылықтарды ұлықтау мен отансүйгіштікке тәрбиелеу, мемлекеттік тілді дамыту мен халқымыздың мәдениеті, салт-дәстүрін насихаттау тұрғысындағы ұстанымдарын жеткізді.
«Алматы – еліміздің мәдени қаласы. Мегаполисте 160 мәдени ошақ пен 161 ескерткіш бар. Көбі қаланың тарихи орталығында шоғырланған. Шеткі аймақтарда, қалаға жаңадан қосылған аудандарда театр, музей, кітапхана жоқтың қасы. Оған қоса, нысандардың көбі жаңғыртуды және қайта қалпына келтіруді қажет етеді.  Мәдени мұраны сақтау, рухани және мәдени даму, демалу үшін қажетті жағдайларды жасау үшін кешенді шаралар қажет», – деді Ш.Жаманбалаева.
Қоғамның дамуына мәдениет саласының ықпалы үлкен екенін тілге тиек еткен Елена Тё  партия 2024 жылы инклюзивті мәдениет үйінің, 2025 жылға қарай 11 мың орынды көпфункционалды концерт-холл құрылысын жүргізуге ықпал ететінін мәлімдеді. Сондай-ақ биыл Райымбек батыр мемориалдық кешенінің, 2025 жылға дейін «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық саябағы базасында Сақ мәдениет орталығының ашылуына қол жеткізілмек. Үміткер Ш.Жаманбалаева мегаполистегі жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінші қабатынан жаңа форматтағы 20 кітапхананың ашылуына мұрындық болу жоспарын, микромәдени бағдарламаны дамыту аясында 12 ашық және жабық алаңдарды құруға ықпал ететінін жеткізді. Сонымен қатар жыл сайын 25 мың көрерменді қамтитын тұрақты халықаралық іс-шара  ұйымдастыру жоспарда бар. Қалалықтарға қолайлы болуы үшін қызметтерді цифрландыруға, оның ішінде қалалық музейлерге, іс-шараларға тегін бару, қоғамдық көлікті пайдалану және т.б. үшін «Оңай» төлем картасы негізінде мәдени  City pass  әзірлеу көзделген. Балаларға ғылыми-техникалық музейі мен ескі обсерватория базасында  Observatorium  музейін ашу жоспарын айтты. Жиын соңында үміткерлер партия халқымыздың әлеуметтік жағдайын, құқығының қорғалуын, ел экономикасының өркендеуін мақсат ететін тың бастамалардың жүзеге асырылуына ықпал етіп келе жатқанын айтты. Еліміздің жандануына, болған олқылықтарды еңсеруге, жаңаша дамуға жол ашары сөзсіз екені айтылды.
– Әлем бір орында тұрмайды. Ал даму үстінде неше түрлі сын-қатерлер болуы мүмкін. Ең бастысы,  сол сындарды еңсере білуде, еңсеру жолында біріге алуымыз керек, – деді депутаттыққа кандидаттар.
Алматы қаласы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «AMANAT» партиясының Сайлау қоры қаражатынан төленді.