Ақмола облысында үш ауылға қазақша атау беріледі
Ақмола облысында үш ауылға қазақша атау беріледі
Ақмола облысының Бірлік ауылдық округіне қарасты үш елді мекеннің атауы өзгеруі мүмкін. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған өңір әкімдігі мен мәслихаттың бірлескен шешімінде жазылған, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ақмола облысының әкімдігі мен облыстық мәслихат Бірлік ауылдық округіне қарасты Красная Поляна ауылын – Бірлік, Арбузинка ауылын – Ақкент, Петриковка ауылын Тұмар ауылы деп атау туралы шешім шығарды», – делінген талқылауға шығарылған құжатта.
Қоса кетсек, былтыр Ақмола облысына қарасты Аршалы ауданындағы 2 ауыл мен 1 ауылдық округтің және Бурабай ауданына енетін Красный кордон ауылының атауы өзгерген еді. Жалпы, өткен жылы бұл өңірде 11 елді мекен мен 90 көшеге қазақша атау берілді.