Ақтөбеде балабақшада екі жасар ұлы соққыға ұшыраған ана билік пен қоғамнан кінәлілерді жауапқа тартуды сұрап, бейне үндеу жариялады. Сөзінше бөбегінің миы шайқалып, емдеуден өтсе де әлі күнге дейін іс дұрыс қаралмаған, – деп хабарлайды “Диапазон” порталы. Айжан Жақсымұратованың екі жасар ұлы Ибрагим 12-шағын аудандағы "Әмір" балабақшасына барады. 8 желтоқсанда бүлдіршін балабақшадан беті көгеріп оралған. Мұғалім бала басын есікке соққанын айтқан. Ал сол күні кешке Ибраһим ерте ұйықтап қалып, түнде қатты ауырып оянған. Жұма күнінен бастап күдіктенген анасы баласын балабақшаға апармай қауіпсіздік камерасынан түсірілген бейнелерді көруді сұрай бастаған. Бірақ балабақша басшылығы видеоны "техникалық ақауларға байланысты" көрсетуден бас тартқан. Кейін ауруханада Ибраһимге миы шайқалған деген диагноз қойылып, анасы мен баласы травматология бөлімінде емделген. Айжан оқиғадан бері үш айдан астам уақыт өтсе де күні бүгінге дейін оның ісінде ілгерілеушілік жоқ екенін алға тартты. Сөзінше, тіпті істі тергеуді тоқтату үшін бірнеше рет қомақты ақша ұсынған. Алайда ол ақшаны алудан бас тартқан. Ана ұлына не болғанын, тек шындықты білгісі келетінін, әділдікті қалайтынын айтты.