Қарағанды облысында су тасқынынымен 5700-ге жуық адам күресетін болады. Аудан әкімдері мен әкімдіктердің қызметкерлеріне көктемгі су тасқынына қалай тосқауыл қою керектігі үйретілді. 58 мемлекеттік қызметкер қысқа курстардан өтті, келесі аптада тағы 30 мемлекеттік қызметкер оқытылады. Аймақта «Көктем – 2020» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Екі күн бойы, құтқарушылар су тасқыны кезіндегі төтенше жағдайларды жоюға дайындық жүргізді. Құтқарушылар, полиция қызмектерлер мен медицина мамандары, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен әкімдіктер қызметкерлері үйлесімді жұмыс атқару бойынша машықтарын жетілдірді. Оқу-жаттығуға 2500 адам және 300-ге жуық техника жұмылдырылды. – Оқу-жаттығудың мақсаты – нақты тәжірибелік жұмыс. Барлық пункттерде арналарды, арықтарды тазалау, бөгерттер мен габариттердегі бекіту жұмыстары пысықталды. Барлығы 72 бірлікте 52 тәжірибелік іс-шара өткізілді. Сондай-ақ адамдарды суда құтқару алгоритмдерін, халықты эвакуациялау және басқа да іс-қимылдар пысықталды, – деді Қарағанды облысы ТЖ департаментінің бастығы Ибрагим Күлшімбаев. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек те «Көктем – 2020» оқу-жаттығуында болып қайтты. Өңір басшысына су тасқынына дайындық туралы баяндалды. Қарағанды облысында апатпен күресу үшін 2000-ға жуық техника дайындалған. Оның ішінде жоғары өтімді автобус-вахтовкалар, жол талғамайтын көліктер, мотопомпалар бар. Құтқарушылар үшін – 40 градусқа дейінгі температурада суда жұмыс істеуге мүмкіндік беретін гидрокостюмдер сатып алынды. Оқу-жаттығуға қатысушылар Нұра өзенінде жарылыс жұмыстарын жүргізді. Су тасқыны кезінде ықтимал қауіпті учаскелерде – елді мекендер маңындағы өзендердің сағалары мен бұрылатын иірілімдерінде мұз жару қажет екені айтылды. Жеңіс Қасымбек Садовое ауылының айналасындағы қоршауларды қарап шықты. Бұл жерде 2017 жылы үйлерді су басудан құтқару үшін тосқауыл салынған. Өткен көктемде ол кеңейтілді және нығайтылған болатын. Ал еріген судың қысымын азайту үшін қосымша арна қазылды. Бөгеттің жалпы ұзындығы – 3,6 шақырым, негіздің ені – сегіз метр, ал биіктігі – екі метр. Облыста қоршаулар мен қорғаныс габариттері су тасқынынан зардап шегуі мүмкін барлық елді мекендердің жанында орнатылады және нығайтылады. Ауылдарда тұрақты кезекшілік үшін арнайы құтқарушылар тобы құрылды. Ләззат Қожахметова, Қарағанды облысы