Air Astana ұшқыш болуды армандайтын шымкенттіктерге ашық есік күнін өткізді
Air Astana ұшқыш болуды армандайтын шымкенттіктерге ашық есік күнін өткізді
©Н.Назарбек
Air Astana компаниясы Шымкентте «Ab-initio» ұшқыштарды дайындау ашық есік күнін өткізді. Ашық есік күні ұшқыш болуды армандайтындар үшін керемет мүмкіндікке жол ашты.  Осынау бағдарлама аясында оқуға түскендердің шығындарын авиакомпания толық өтеп береді және бітірген соң осы компанияда жұмыс істеу үшін келісімшарт жасасады. Екі күнге созылған шараға өңірдегі осы салаға қызығушылығы басым жастар көптеп жиналды. Әуе компаниясы «Ab-initio» бағдарламасы арқылы елімізде жоғары деңгейлі ұшқыштарды дайындауды мақсат етіп отыр. «Әлемде ұшқыштар жетіспейді. Сонымен бірге, жаңа әуе компаниялары да ашылып жатыр. Сондықтан біз бәсекелестікке төтеп бере алатын кәсіби, жоғары деңгейлі мамандарды өзіміз дайындауды қолға алғанбыз», – дейді Air Astana компаниясының Embraer флотының екінші ұшқышы Келешек Имангелдин. Air Astana Оқуға ниетті үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар 18-34 жас аралығындағы ҚР азаматы болуы тиіс. Одан соң денсаулығы жақсы және ағылшын тілін еркін меңгеруі міндетті. Сонымен қатар математика және физика пәндеріне жүйрік, орта немесе орта арнаулы білімінің болуы, сотталмаған және полицияда тіркеуде тұрмағаны маңызды.
«Үміткер «Ab-initio» бағдарламасына оқуға тіркелген соң 4 этапты емтиханнан өтеді. Ең алдымен, SHL тесті арқылы үміткердің қабілеттілігі тексеріледі. Кесте арқылы сандарды табу, қосу-алу сынды аса қиын емес есептеу шаралары жүреді. Одан соң, берілген мәтін аясында сұрақтар қойылды. Оның да аса қиындығы жоқ. Ғаламтор арқылы қандай сұрақтар қойылатынын іздеп табуға болады. Кейін Compassтест деген этап бар. Бұл кандидаттың математика, физика, вербалды ойлау, компьютерленген пилоттық тестілер саласындағы психомоторлық және психотехникалық тесттер жиынтығы. Бақылау барысында қатысушылардың ағылшын тілі, математика-физика пәніне жетіктігі де назарға алынады. Жалпы,  ұшқыш болуға ниеттілерге есептеу мен стратегиялық ойлау қабілетінің болуы аса үлкен маңызға ие. Кез келген төтенше жағдайда шешім қабылдай білуі тиіс», – дейді Келешек Имангелдин.
IT мамандығын тәмамдап осы салада 1 жыл жұмыс істегеннен кейін ғана авиацияға қызығушылығы артқан Келешек бүгінде әуеде 1700 сағатты бағындырған 2-ші ұшқыш. Салаға 2014 жылы келіп, 2019 жылдан бері әуедегі жұмысын жалғастырып келеді екен. «Авиация саласында  білім алу өте қымбат, кез келген адам оқи алмайды. Сондықтан бұл қазақстандықтар үшін ерекше мүмкіндік. Бітіріп шыққан соң компанияда жұмыс істейтіндерге арнайы әлеуметтік пакеттер де қарастырылған. Жоғары жалақыдан бөлек, ұшу билеттеріне 90 пайыз жеңілдік, медициналық сақтандыру, қонақүйлер мен мейрамханаларға жеңілдіктер бар», – дейді ұшқыш. Бағдарлама бойынша тіркелушілер Алматы қаласында емтихандардан өткен соң Финляндия, Испания, Ирландия мемлекеттерінде орналасқан үздік ұшу мектептерінде білім алады. Айта кетейік, нарықта 20 жылдан астам тарихы бар әлемдегі үздік әуе компаниялары қатарына енуді көздеген Air Astana бүгінде 84 бағыт бойынша әлемнің 20 мемлекетіне 7,35 млн жолаушы тасымалдаған. Әуекомпанияның маршруттық желісі 40-тан астам ішкі және халықаралық бағыттарды қамтиды. Мұндағы 6000-нан аса қызметкердің 24 пайызы кеңсе жұмыстарын істесе, қалғаны операциялық шараларды атқарады.