Қостанай облыстық ауруханасының перинаталдық орталығында салмағы – 6,7 келі, бойы – 69 см қыз бала дүниеге келді, – деп хабарлады «Костанайские новости».
"Акушерлік тәжірибеде 4-5 келі салмақпен дүниеге келетін нәресте алып болып саналады. Ал сәбилердің 6 келі және одан да көп салмақпен дүниеге келуі – өте сирек кездесетін жағдай", – дейді перинаталдық орталық мамандары.Басылымның мәліметінше, сәбидің салмағы қалыптан тыс үлкен болғандықтан жоспар бойынша анасын дәрігерлер кесарь тілігі арқылы босандырып алған. Жаңа туған нәресте екі күн бойы реанимацияда жатқан.
"Қазір оның өміріне төніп тұрған қауіп жоқ. Анасы мен баласының жағдайы жақсы", – дейді перинаталдық орталық дәрігерлері.Ата-анасы сәбиге Айару деген есім берген. Ол – отбасындағы үшінші бала. Әулиекөл ауданындағы үйінде оны әкесі, ағасы, әпкесі және үлкен отбасы күтіп отыр.