Қызылордада Наурыз мерекесінде 85 баланың тұсауы кесіледі
Қызылордада Наурыз мерекесінде 85 баланың тұсауы кесіледі
Биыл Наурыз мерекесі Қызылордада  ерекше сипатта аталып өтілетін болады. Мерейлі күн сыр өңірінде Амал мерекесімен бастау алады. Ал негізгі шаралар облыс аумағында 21-22 наурыз күндері тойланады. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлім болды. Брифингте Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов Наурыз мейрамын жоғары деңгейде өткізу көзделіп отырғанын мәлімдеді. Алғашқы күні Амал мерекесі аясында медициналық мекемелерде ем қабылдап жатқан жандардың жағдайын біліп, әлеуметтік қызмет көрсету нысандарында қызмет алып жатқан тұрғындарға арналған түрлі шаралар өткізу жоспарланған. Спектакльдер, мерекелік кештер ұйымдастырылып, жаңа тұрғын үйлердің кілті табыстау шарасы өткізілмекші.  width=
«Биылғы мерекеге орай аймақтағы 146 кент және ауылдық округтерде барлығы 300-ге жуық мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылатын болады. Оған дайындық жұмыстары тыңғылықты жүргізілді. Оның ішінде жастарға тәрбиелік мәні зор түрлі тағылымдық шаралар, кітап көрмесі, «Наурыз-думан» тақырыбы аясында ұлттық ойын түрлерінен сайыстар өткізіледі. Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында Д.Исабековтың «Құстар фестивалі», Ғ. Мүсіреповтің «Ақбаян» спектакльдері мен Қ. Бегмановтың «Ер Төстік» балалар спектаклі көрерменге ұсынылады. Сондай-ақ, этнографиялық көрме, көшет отырғызып акциялары, мерекелік шаралар мен ашық есік күндері өтеді», – деп мәлімдеді басқарма басшысы.
Мереке Қызылорда қаласында да жоғары деңгейде аталып өтетін болады. Бұл жайында Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейілов жеткізді.  width=
«Наурыз мейрамында қала тұрғындары ерекше көңіл күй сыйлауды мақсат тұтып отырмыз.  Яғни, Қызылорда қаласында 14 наурыздан бастап 22 наурызға дейінгі 6 күнге жеке-жеке атау беріліп, әр күннің іс-шаралар тізбегі, оқиғалар қатары бекітілді.  Атап айтқанда,  Қызылорда қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерінің азық-түлік жәрмеңкесі өткізіледі. Тұңғыш Президент саябағында облыс әкімінің және зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен көктемгі көшет отырғызу шарасы болады. Сол сияқты Наурыз мерекесі аясында Қызылорда қаласы, сол жағалаудағы жерлестерімізге 40 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй табысталады.  Сонымен қатар, қолөнершілердің арнайы киіз үйі тігіліп, ұлттық бұйымдар көрмесі ұсынылады. Мереке күндері Қызылорда қаласы бойынша және қалаға қарасты кент, ауылдық округтерде, қаланың барлық мөлтек аудандарында, білім, спорт, мәдениет ошақтарында түрлі сипатта барлығы 100-ге жуық мерекелік шаралар ұйымдастырылады», – дейді қала әкімінің орынбасары.
Мерекелік шара барысында «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылынан шыққан жас жұптың беташар рәсімі жасалып, 85 бүлдіршіннің тұсау кесіледі деп күтілуде.