Қордың қолдауын сезінген көп
Қордың қолдауын сезінген көп
339
оқылды
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жұмыс істейтін аза­маттарды әлеуметтік қорғауды жүзеге асырады. Аталмыш жүйенің қаржы ресурстары жұмыс берушілердің өз жұмыскерлері үшін, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын адамдардың өздері үшін ең төменгі бір жалақыдан кем емес және оның жеті еселенген мөлшерінен аспайтын табыстың 3,5% мөл­шерінде төленетін әлеуметтік аударымдары есебінен қалып­тасады. Биылдан бастап ең төменгі жала­қының 70 мың теңгеге дейін артқанын ескере отырып, 2023 жылғы 1 қаңтар­дан бастап әлеуметтік аударымдардың ең төменгі мөлшері айына 2 450 тең­гені, ал ең жоғары мөлшері – 17 150 теңгені құрайды. Әлеуметтік тәуекелдердің 5 түрі – еңбек ету қабілетінен айырылуы, асыраушысынан айырылуы, жұмысы­нан айырылуы, жүктілікке және бо­са­ну­ға, сондай-ақ бала күтіміне байла­нысты кірісінен айырылуы кезінде азаматтар әлеуметтік төлемдер алады. Биылдан бастап әлеуметтік төлем­дердің 2 түрінің параметрлері өзгерді. Біріншісі – жұмысынан айырылған кезде берілетін әлеуметтік төлем, ол жүйеге қатысушыға жұмыссыз ретінде тіркелген күннен бастап еңбек өтіліне байланысты 1 айдан 6 айға дейін тағайын­далады. Әлеуметтік төлемнің мөлшері әлеу­меттік аударымдар жүргізілген жүйеге қатысушының соңғы 2 жыл­дағы орташа айлық кірісіне, жүйеге қатысу өтіліне және кірісті ауыстыру коэффициентіне байланысты болады. Келесі жылдан бастап кірісті ауыс­тыру коэффициенті 45%-ға дейін ар­та­ды, бұл әлеуметтік төлем мөлшерінің орта есеппен 13%-ға өсуіне әкеледі. Айта кету керек, 2023 жылғы 1 қаң­тардағы жағдайға нақты төлем алу­шыларға 45% коэффициенті қолда­ныла отырып, біржолғы қайта есептеу автоматты түрде жүргізілетін болады. Алматы қаласы бойынша 2 080 көмек алушыға төлем мөлшері ұлғайтылды. Екінші өзгеріс – бала күтімі бойынша берілетін әлеуметтік төлем, ол бұған дейін бала 1 жасқа толғанға дейін тағайындалып келсе, 1 қаңтар­дан бастап төлем ұзақтығы 1,5 жасқа дейін ұзартылды. Әлеуметтік төлемнің мөлшері соң­ғы 2 жылда әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кірістің 40%-ын құрайды. 2023 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша балалары 2022 жылы туған нақты көмек алушыларға төлем автоматты түрде ұзартылатын болады. Алматы қаласы бойынша 25 365 көмек алушыға төлем мерзімі 1,5 жасқа дейін ұзартылды. Сонымен қатар атап өтетін жағдай жұмыскер үшін әлеуметтік аударымдар түскен жағдайда базалық мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша Қордан ұзақмерзімді әлеуметтік төлемнің 2 түрі төленеді. Еңбекке қабілеттілігінен айырыл­ған жағдайда әлеуметтік төлем жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі белгіленген кезеңге тағайын­далады және еңбек қызметін жалғас­тыруына қарамастан төленеді. Асыраушысынан айырылуы жағ­дайына әлеуметтік төлем асырауын­дағылар 18 жасқа толғанға дейін, ал күндізгі оқу нысаны бойынша оқыған жағдайда – 23 жасқа дейін төленеді. Сатып алу қабілетін қамтамасыз ету мақсатында бұл төлемдердің мөл­шері жыл сайын арттырылады. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ұзақмерзімді әлеуметтік төлемдердің мөлшері автоматты түрде 8,5%-ға өсті. Алматы қаласы бойынша 6 358 кө­­мек алушыға еңбекке қабілет­тілігінен айырылған жағдайға және 4 168 асыраушысынан айырылған отба­сына төлемдер мөлшері ұлғай­тылды. Осылайша, жұмыс істейтін азамат­тар алатын төлемдердің жиынтық мөлшері жұмыс істемейтін азаматтарға қарағанда көбейді. Сонымен қатар төлемдерді қайта есептеу, арттыру және ұзарту автомат­тандырылған режимде жүргізілетінін, яғни көмек алушыларға қосымша құжаттар жинаудың қажеті жоқ екенін ерекше атап өту керек.