Әкімнің дербестігі әділдікке бастайды
Әкімнің дербестігі әділдікке бастайды
© коллаж: Елдар Қаба
376
оқылды
Былтырғы Қаңтар оқиғалары бас­қа-басқа саяси қызметтің монопо­лия­лануының салдары қалай болаты­нын көрсетіп берді. Мемлекет бас­шысы өткен жылдың наурыз айындағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында Президенттің өкілеттілігін қысқарту мәселесіне на­зар аударды. Кейіннен аталған құжат­тағы бастамалар заңды күшіне еніп, Конституцияның жаңа мәтінінде кө­рініс тапты. Бұл суперпрезиденттік басқа­ру үлгісінен кезең-кезеңімен аза­маттардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлі артқан қоғамға кө­шудің алғашқы қадамдары еді. Өткен жылғы Жолдауда Мемлекет басшысының облыс, респуб­ли­калық маңызы бар қала әкімдері шығарған актілерді жоюға немесе ондай құжаттардың қолданылуын тоқтата тұру құқығына баса назар аударылған. Сол жолы Президент бұл норма «қолдан басқарудың» орынсыз тәжірибесінің орнығуына әкеп соқтыратынын атап өткен. Шынында Мемлекет басшысының әкімдер бекіткен қаулы-қарар­ларының күшін жою жергілікті атқарушы органдардың дербесті­гін әлсіретіні анық. Сондай-ақ бұрын Президент аудан, ауыл ла­уазы­мынан босатуға құқылы бол­ды. Қазір бұл норманың да күші жойылды. Атап айтқанда, 2022 жылдың 5 қарашасында Президент Конс­титуцияға өзгерістер мен толық­тырулар енгізу жөніндегі респуб­ликалық референдумнан кейін қабылданған бірқатар маңызды заңға жария түрде қол қойды. Олардың қатарында «Қазақстан Республикасының кейбір конс­титуциялық заңдарына Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы да болды. Конституциялық заң күшіне енген сәттен Президенттің әкімдер бе­кіткен құжаттардың күшін жою­дағы құзіреті шектелді. Нақтырақ айтқанда, жоғарыда аталған заңнан 1995 жылғы 26 желтоқсанда қабылданған «Қазақ­стан Республикасының Президенті туралы» заңының 17-бабының 2-тармақшасы алынды. 2022 жыл­дың 5 қарашасына дейін бұл тар­мақшада Президенттің облыс­тардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкiмдерi актiлерiнiң күшiн жояды не толық немесе iшiнара тоқтата тұратын­дығы тайға таңба басқандай етіп жазылған-ды. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің аға оқы­тушысы, заң ғылымдарының кан­дидаты Қазыбек Дәуітәлі Пре­зиденттің облыс әкімдерінің қау­лы-қарарларының күшін жою және оларға бағынысты аудан, ауыл әкімдерін қызметтен алу мүмкіндігінің шектелуі саланы реттейтін конституциялық-құ­қықтық негіздің сарқа жұмсалуын білдіретінін айтады. Жергілікті әкімдерге бұдан әрі дербестік беру президенттік және унитарлық мемлекеттің конституциялық құрылымына сай келмейтін көрінеді.
– Қазір Президент жергілік­ті әкімдер шығарған бірде-бір құқықтық актіні тоқтатуға, жоюға, өзгертуге құқылы емес. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі туралы» заңға сәйкес заңдылық принципін бұзған болса әкімдердің қаулы-қарарын бұзуға проку­рордың ғана құзіреті бар. Онда да мүлдем жоя алмайды. Оның заңды күшін уақытша тоқтата тұрады. Осы тұрғыдан алып қараған бар­лық деңгейдегі әкімдерде құқық­тық-әкімшілік дербестік беріл­генін атап өткен жөн. Әрине, Президент қызмет бабында өрес­кел саяси, құқықтық қателікке жол берген облыс және республикалық маңызға әкімдерін қызметтен алып тастай алады. Бұл жайттар талайдан бері айтылып келе жат­қан демократияландырудың, билікті орталықсыздандырудағы әлемдік саясаттағы тенденцияларға сай келеді, – дейді ғалым.
Сарапшы сондай-ақ дәл жү­йемен осы жергілікті басқару ісін ұйымдастыруда Президент тек облыс және республикалық ма­ңызға ие қалалардың әкімдерін ғана тағайындауға ғана құзіретті болып қалғанына назар аударып отыр. Онда да Мемлекет басшысы жергілікті мәслихат депутаттары талқылауына кемі 2 кандидат ұсы­нады. Ал соңғы шешім айналып келгенде мәслихат депутаттарында қала береді.
– Президент жергілікті ат­қарушы органдарда аудандар мен ауылдық округтік әкімдерін та­ғайындауға немесе сайлауға мүлде араласпайды. Бүгінде ауыл­дық округ әкімдерінің 80 пайызы тұрғындардың сайлауы арқылы қызметке келеді. Келесі жылдан бастап облыстардағы 166 ауданның әкімі де сайланады. Демек, 2022 жылғы конституциялық рефе­рендумға сай Президенттің құзыры тек облыс және республикалық маңызға ие әкімдердің деңгейінде ғана қалып отыр. Бұл тетіктің өзі тікелей емес, жанама сайлау ар­қылы жүзеге асырылады. Мем­лекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттарына кемі 2 кандидат ұсынады. Ал жаңа сайлау жүйесіне сай алдағы уа­қытта аудандық, қалалық мәсли­хаттар толықтай мажоритарлық жүйемен сайланатынын ескерсек, сайып келгенде әкімдерді ха­лық­тың өзі сайлайды, – дейді заңгер.
Жалпы Президенттің өткен жылғы Жолдауында саяси жүйені заман ағымына, уақыттың сұра­нысына сай жаңа жағдайларға бейімдеу жайы сөз болады. Бұл орайда Мемлекет басшысы «бар­лығын Президент шешеді және Президенттің қолында» ұғымы­нан бірте-бірте арылуға шақырды. Осы орайда өзі үлгі көрсетіп, пар­тияның төрағалығынан бас тарт­ты. Сондай-ақ Жолдауда партия­ның мемлекеттік аппаратқа кірі­гуіне мүлдем жол бермеу үшін Пре­зидент өзінің өкілеттігін ат­қару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресім­деуді ұсынды. Бұл норма да Конс­титуцияның жаңа мәтінінен еніп, Парламент Мә­жілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттары сайла­уында әділ саяси бәсеке орнатуға мүмкіндік берді. Президентпен бірге Орта­лық сайлау комис­сиясының, Жо­ғары аудиторлық палатаның, Конституциялық Сот­тың төра­ғалары мен мүшелері де партиядан шықты. Облыстар мен респуб­ликалық маңызға ие қала әкімде­рі мен олардың орын­басарлары­на партия филиал­да­рында да лауазым иеленуге заң жүзінде ты­йым салынды. Ең бастысы Президенттің жақын туыстарына саяси мемле­кеттік қызметші болуға және ква­зимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жү­зінде тыйым салу туралы норма Конституцияға енгізілді. Өз кезегінде Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарту Парламенттің рөлін арттыруға жол ашты. Президенттің Сенаттағы квотасы 15 депутаттан 10 депутатқа дейін азайды. Қысқасы, Президенттің өкі­леттігін қысқартып, оны жергілікті атқарушы органға, Парламентке жүктеу демократияға бет түзеудің алғашқы сатысы. Есесіне бұл тетік облыс және республикалық ма­ңыздағы қала әкімдеріне әрбір қаулы-қарар шығарарда жоғары жаққа жалтақтамай батыл әрекет етуіне мүмкіндік береді. Бастысы, олар осы мүмкіндікті халықтың жағдайын жақсартып, тұрмысын түзеуге жұмсай алса болғаны.