Мағжантанушы қайсар қаламгер

Мағжантанушы қайсар қаламгер

Ол қаршадайынан қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін жаттап, әдебиетке, өнерге құштар болып өсті. Асқақ арман жетелеуімен Арқадан ақбасты Алатау баурайындағы ару шаһар Алматыға келіп, зиялылардың қатарынан көрінді. Журналистердің коммунистік институтында оқып, «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында жұмыс істеді. «Шойын жолда» дастаны республикалық әдеби конкурста үздік деп танылып, бас бәйгені еншіледі. Әдебиет пен журналистикадағы осындай жетістіктерімен оқырман ілтипатына бөленген 19 жастағы талант иесінің бұдан кейінгі тағдыры қара түнекке айналды. Соғыс, тұтқын, түрме, нақақтан-нақақ қудалау... Осындай азапқа, қорлыққа шыдап, азаматтық арына дақ түсірмеген қайсар жан кім дейсіз ғой? Ол грузиннің атақты жыр шайыры Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған жиһангер» дастанын аударған кәдімгі қазақ ақыны, мағжантанушы Хамза Абдуллин еді. Өжет қаламгердің өзегіңді өртейтін өкінішті өмірі жайлы естіп, білгенімді оқырманға хал-қадерімше баяндап берейін. 1968 жылдың жаз мезгілі бола­тын. С.Киров атындағы Қазақ мем­ле­кеттік университетінің журна­лис­тика факультетінде сырттай оқы­­ғандықтан, кезекті сессияға қа­тысу үшін Алматыға келдім. Ел­ден шы­ғардың алдында облыстық «Көк­шетау правдасы» газетінің бас редакторы, жазушы-аудармашы Өміржан Оспанов: «Таяуда Ал­матыда идеология қызметкерлерінің кеңесі болады. Оқуыңа қатысты түйінді мәселе болса, «Алматы» қо­нақүйіне келерсің», – деген-ді. «Алматы» қонақүйі ҚазГУ-дың сыртында таяқтастам жерде. Уәделі уақытта редакторым орналасқан бөлмеге келсем, алпысты алқым­даған екі-үш азамат отыр екен. Бөл­меге кірген сәтте Өміржан ақ­сақал: «Мына бала менің қызмет­ке­рім, Зерендінің тумасы», – деп та­ныстырды. Қоп-қою қара шаш­ты, орта бойлы сымбатты жігіт аға­сы орнынан атып тұрып: «Зе­рен­дінің қай жерінен боласың?», – деп сауалды тіке қойды. «Қошқарбай ауылы», – деуім мұң екен, мені ба­уырына басып, көзіне жас алды. Қазақ поэзиясында өзіндік қолтаң­басы бар, жаужүрек талантты ақын Хамза Абдуллинмен күтпеген жағ­дайда осылай таныстым. «Целинный» кинотеатрынан онша қашық емес, Масанчи көше­сіндегі архитектуралық көне үлгі­мен ХІХ ғасырдың орта шенінде салынған еңселі үйге келдік. Ес­туімше, бұл үйде кезінде өнер адам­дары, зиялы қауым өкілдері көбірек тұрыпты. Хамза ағайдың көршісі болған Қазақ ССР-інің Халық әр­тісі Мүлік Сүртібаевты көзім көрді. Алаштың арысы, қазақ әдебиетінің классигі Бейімбет Майлиннің әйелі мен ұлдарын сессияға барған сайын аулада көріп, амандасып жүрдім. Масанчи көшесінің мәртебелі тұрғыны, қазақстандық былғары қолғап шеберлері арасында тұңғыш рет КСРО спорт шебері атанған Шоқыр Бөлтекұлымен танысқа­нымды өзіме үлкен бақыт санай­мын. 1944-1947 жылдар аралығында «Динамо», «Спартак» ерікті спорт қоғамдарының одақтық жарыс­та­рының күміс жүлдегері, үш рет Қа­зақстан біріншілігінің жеңім­пазы Шоқыр ағай – қазақтан шық­қан тұңғыш боксшы. Ол Шерхан Мұртаза айтқандай, ноқтаға басы сыймаған аз қазақтың бірі еді. Екі қапталы кітапқа сыңсып тұрған жұмыс кабинеті, жатын және жеке ас бөлмесі бар пәтерді кедейшіліктің кебін киіп, кісі бо­сағасында жүрген жүдеу шақта Хамзаға халқымыздың қайраткер перзенті Ілияс Омаров әперсе ке­рек. Жалғызбасты болғанымен, үй-іші жып-жинақы. «Қарағым, ай­даудан келген соң отбасын құ­рып, Булаевта мектепте жұмыс іс­тедім. Алайда тағдыр шыр айнал­дырып, қасірет құрсауынан босат­пады. Сүйіп қосылған асыл жарым Бақытжаннан ерте айырылдым. Тіршіліктің мәні кете бастаған соң Алматыға келуді ұйғардым», – деп ауыр күрсінген Хамза ағай әрі қарай шыққан тегі жайлы тебіренді. Кеңес Үкіметі ауқатты отбасы­лардың мал-мүлкін тартып алып, қыспаққа ала бастаған соң жұрт бас сауғалап көше бастады. Көкшетау өңіріндегі Қарауыл Жаулыбайдың Дүйсенінен тарайтын Жақып қа­жының ұрпақтары Солтүстік Қа­зақстан облысының Булаев ауда­нына көшіп барыпты. Елі еркелетіп Жаматан деп атап кеткен Жармұ­хамедтің сүйікті перзенті Хамза еке­уміз жеті атадан қосылады екен­біз. Өзі атамекенде жиі болмаса да, Қошқарбай ауылындағы Торсан, Құдайберген, Ескендір атала­рым­ның амандығын сұрағанына қа­рағанда, ағайындар арасында бай­ланыстың бар екенін аңғардым. Дүйсен атасының Алабас бүр­кіті жайлы Үкілі Ыбырайдың, Мағ­жанның өлеңдерінен бірер шу­мақты жатқа айтып, серпіле сөйлей жөнелді. – Соғыстың алдында КИЖ-де бірге оқыған қимас досым, тұнба талант Рақымжан Сансызбаевтың Қошқарбайға, қайын жұртына көшіп барғанын естігенмін. Аман ба, өзі? – деп сұрады. – Досыңыз о дүниелік болған. Артында қалған жалғыз ұлы Қор­ған­­бек пен қыздарын Бәтима анасы ме­йірім құшағына бөлеп отыр, – дедім. – Рақымжандай алғыр, да­рынды, өжет жігіттер сирек кез­деседі ғой. Әлі жиырмаға толмаған өршіл өреннің мүйізі қарағайдай ақын-жазушылармен «Әдебиет майданы» журналында еңбек етуі­нің өзі тосын құбылыс емес пе? – деп жан жолдасына деген шынайы сүйіспеншілігін білдірді. Ақын, журналист Рақымжанның «Смерш» тобында жаудың үрейін ұшырған ерліктеріне өзім де қанық болсам, қаламдас, қарулас досының аузы­нан жылы лебіз естігеніме іштей қуанып қалдым. «Орнында бар оңалар» демекші, бертіндері Хамза ағай Рақымжан досының ұлы Қорғанбек және келіні Айтжанмен танысып, біте қайнасып кетті. Он тоғыз жасында қапияда тұтқынға түсіп, «Түркістан» легио­нында, кеңес түрмесінде жантүр­шігерлік азапты бастан кешірген Хамза Абдуллин өзінің аянышты тағдыры жайлы тіс жарып айта қоймайтын. Мен де қазбалап еште­ңе­ сұрамадым. Алайда бес жыл бо­йы ҚазГУ-де оқыған кездегі ба­уырмалдық көмегін, ақыл-кеңесін қалайша ұмытайын. Сол себепті де ақын ағаның әдеби мұрасы мен өміріне қатысты деректерді хатқа түсіруді жөн көрдім. Қаршадайынан алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевқа еліктеп жыр жазған Хамза соғыс бастал­ғанда 380-полктің штабында қыз­мет атқарыпты. 1941 жылы Маршал С.Буденный басқарған Оңтүстік майданның армиялары талқан­далып, қоршауда қалған кеңес әс­керлері бірнеше ай орманда қаң­ғырып, ақыры немістердің қолына түседі. Тұтқынға алынған жауын­герлермен бірге Хамза Полтава облысының Хорол қаласындағы лагерьге қамалады. Одан арғы азапты күндерін Ковель-Алтенбург-Демблин-Веньямино лагерьлерінде өткізеді. 1943 жылғы мамыр айында Бер­линнен Веньямино лагеріне келген өзбек жігіті Расулов неміс­тердің түркітілдес тұтқындар үшін жеке газет шығармақшы екенін, га­зет сөзінің өтімді болуы үшін кә­сіби білікті журналистер қажет екенін айтады. Осы сапарында ол «Идеал-Орал» газетін шығарушы татардың көрнекті ақыны Мұса Жәлелдің досы Ғайнан Құрма­шевтің ай­туы­мен Хамза Абдуллинді іздестіреді. Веньямино лагеріндегі 40 мың­ға жуық тұтқын негізінен Орта Азия мен Қазақстанның мұсылмандары. Қараша айында қазақ Біләл мен өзбек Мирахмет келіп профессор Йохан Вензингтің редакторлы­ғы­мен шығарылған «Милли Түркіс­тан» журналын таратады. Тұтқын­дар журналдың бірінші бетіндегі Мұстафа би Шоқайұлының үлкен суретін көріп, қобызшы Қорқыттың «Түркістан» өлеңі мен Асан қай­ғының мақаласын оқып, бір мар­қайып қалады. Берлиндегі Нойенбургштрассе көшесіндегі он төртінші үйде ор­наласқан Түркістан комитеті мен газет-журналдар редакциясына асы­ға жеткен Хамза бірден үшінші қабатқа көтеріледі. Ондағы мақса­ты – қобызшы Қорқыт пен Асан қайғыны көру еді. Бұрыштағы стол басында отырған жігітті бірден көзі шалады. 1939 жылы Қазақстан жа­зушыларының құрылтайында та­нысқан Қорқытың – Мәжит Айт­баевтың нақ өзі. – Әй, мынау біздің жаман Хамза қайдан жүр? – деген қаттылау шық­қан дауысқа жалт бұрылғанда қарсы алдындағы Мәулікеш Қайбалдинді көреді. «Біреуіңіз қазақ елін сағы­нып, күркүретіп қобыз тарттыңыз, екіншіңіз қайғы-мұңға батып ма­қала жаздыңыз. Ал мен болсам екі ағамның ортасында сайрандап жүре берейін де, атымды «Сайран» деп өзгертейін» – дейді Хамза. Хасан Оралтай 1973 жылы Ыс­танбұлда шыққан «Алаш Түркістан түркілерінің ұлт-азаттық ұраны» деген кітабында былай деп жазып­ты: «Сайран – Қазақстанның Көк­шетау жағынан. Өзі журналисти­ка институтының түлегі. Сайран (Хам­за Абдоллаұлы) қазақ түркі­лерінің атақты ақыны Мағжан Жұ­мабайұлын өте жақсы білетін. Оның кейбір өлеңдерін жатқа оқу­мен қатар өмірін де егжей-тегжейлі әңгімелеп отыратын... Сайран мырза Берлиндегі Түр­кістан ұлттық комитетінде қызмет атқарды және көп пайдасын тигізді. Оның кітаптар мен журналдарда жарияланған өлеңдері Мағжан Жұмабайұлының шығармалары сияқты қуатты және тартымды болғандықтан, Түркістан ұлттық ар­миясының мүшелері сүйсініп оқи­тын. Өкінішке қарай, бұл кей­біреулерге ұнамады. Сондықтан жазықсыз жала жабылды. Соғыс­тың соңына таман Сайран мырзаны СС қудалап, нақақтан-нақақ тұт­қындайды.» Жоғарыда айтқанымыздай, ла­герьден еркіндікке шығып, шығар­машылықпен айналысуына мүм­кін­дік алған Хамза Түркістан ко­митеті мен редакциядағы өмірін Мағжаннан бастайды. «Жаңа Түр­кістан» газетінің үш бетіне дауылпаз ақынның өлеңдерін, өмірбаянын жариялайды. Хамзаның жазған мақалалары мен сыршыл өлеңдері мұсылман тұтқындар арасында үлкен серпіліс туғызды. Түркістан комитетінің белсенді мүшелері Ха­кім Тыныбеков пен Қарыс Қанат­баев оның әрбір қадамын мұқият қадағалап, қолдау-көмегін аямады. Хамза сондай-ақ татар жігіттерімен де жақсы қарым-қатынаста болады. Мұса Жәлел Қорқыттың бөлмесіне келген сайын қазақ әндерін шыр­қап, бәрін таңғалдыратын. Хакім мен Қарыс біздерге: «Ен­ді елге бара алмайсыңдар. Ел жаққа жол жабық. Бұл жақта тұрып елің үшін қанша жақсылық істесең де, оны Сталин кешірмейді. Барысы­мен ұстап алады да атады, болмаса он жылға Барсакелмеске жібереді. Соғыс біткен соң бұл екеуінің да­нышпандығына көзіміз жетті», – дейтін Хамзекең. Қазақтың ақын-жазушы­ла­ры­ның алдыңғы толқындарымен жур­налистика институтында оқып, от­ты жырлары оқырманының көңі­лінен шыққанымен, Хамза ақынды Алматы «ыстық» құшағына баса қоймады. Шығармашылық ұжым­дар жұмысқа алмай, баспа­насыз кісі босағасында сандалып көп жүр­ді. Алайда өмірден күдер үзбеген Хамза грузиннің шайыры Шота Рус­тавелидің «Жолбарыс то­нын жа­мылған жиһангер» («Витязь в тиг­ровой шкуре») дастанын ау­дару­ды қолға алды. Аудармасы сәтті шық­қанын зиялы қауым, достары мойындағанымен, ешбір баспа шы­ғаруды өз жауап­кер­ші­лігіне алмады. Ешкімнен қайыр-көмек болмаған соң Хамза сөз зер­гері, академик-жазушы Ғабит Мү­сірепов ағасынан көмек сұрауға мәжбүр болады. Ба­сын сан мәрте бәйгеге тігіп, хал­қы­ның тағдырына араша түсе білген данышпан Ғабаң інісінің аударма кітабының алғы­сөзін жа­зып береді. Өз басы даудан да, қайғы-қа­сіреттен арылмаса да, амалсыздан басқа авторлардың шығармаларын аударып, Мағжан ағасының әдеби мұрасын зерттеуді, насихаттауды жалғастыра береді. Алаштың қос арысы, Тұран елінің даналары – Мұстафа Шоқай мен Мағжан Жұ­мабаев туралы 1993 жылы «Жа­зу­шы» баспасынан мақалалар жи­нағын шығарады. Бұл жинақтың басты ерекшелігі – ұлы тұлғалардың өміріне қатысты бұлтартпайтын тың деректердің көптігі. Осы арада: «Хамза Мағжан ақын­ның өміріне неге осынша­лықты ерекше ықылас танытып отыр?» – деген заңды сауал туын­дауы мүмкін ғой. Оған айтар дә­леліміз мынадай: Мағжанның ата­сы Жұмабай қажы мен Хамзаның атасы Жақып қажы ежелден құ­дандалы. Мағжанның әкесі Бекен болыс болғанда Хамзаның әкесі Жаматан (Жармұхамед) би болып­ты. Екі шаңырақтан тараған ұр­пақтар жұп жазбай, бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүрді. Ал Хамза 1956 жылы лагерьден босанып елге келгенде, паналайтын тұрағы болмағандықтан, Мағжан­ның інісі Сәлімжан жездесі мен немере апасы Бибізайыптың үйінде тұрды. Ол кезде анасы Гүлсім қай­ғы­дан қан жұтып, дүниемен қош­тасқан-ды. Әкесі Жаматан 1938 жылы ұсталғаннан, хабарсыз кет­кен. Шаңырақтың иесі үлкен ағасы Мүбарак соғыста қаза тапса, тірі қалған екі ағасы Ғазиз бен Қалижан, інісі Қанаш шалғайдағы басқа елде өмір сүрді. Мағжанның туған інісінің қызы Райхан Шонаева бір сұхбатында былай дейді: «Ағатайымның өлең­дерін шын мәнінде көзінің қара­шығындай сақтаған ақын Хамза Абдуллин мен оның немере апасы, біздің туған жиеніміз Бибізайып. Мағжан ақынның кішкентай Хам­заға қолтаңбасын жазып қалдырған кітабы соғыс жылдары тәтемнің қолында сақталды». Мағжан Жұмабаев 1929 жылы алғаш рет ұсталғанда Мәскеудегі Бу­тырка абақтысында қамалды. Он жыл­ға сотталып, Карелияда әртүрлі жұмыс істейді. Тек 1936 жылы ғана про­летариат жазушысы Максим Горь­кийдің көмегімен лагерьден бо­санып, еліне оралады. Абақтыда көр­­ген азап оның жігерін мұқалта ал­майды. Қызылжарға келісімен Пуш­кин атындағы №7 орталау мек­тепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ береді. 1937 жылы қазақтың елім деп еңіреген кемеңгер ұлдары мен Ке­ңес Үкіметін орнатуға қатысқан қызыл сұңқарлар жапа-тармағай абақтыға қамалып жатты. Чекис­тердің құрығына қайта іліккен Мағ­жан сол жылдың 27 желтоқса­нында екінші рет қамауға алынады. Оны ұстауға келген үндеместің офицері, қазақ жігіті: «Аға, білім­ділерді түгел қамап болды. Бірақ қорықпаңыз, байқауымызша, сізді тексермейтін де, соттамайтын да сияқты. Мақсаттары сізді сүйген халқыңыздан бөліп, аулаққа әкету. Сізге осыны түсіндіріп айтуды ма­ған тапсырды», – дейді. Алаштың арысы Мағжан Жұ­мабаевтың 1960 жылы бірінші рет ақталғаны жөнінде тиісті орган­дарға арыз жазып, ақталу қағазын елге алып келген де Хамза болатын. Алайда сол кездегі «егде» жазу­шы­лар білгірлік жасап: «Бұл – саяси реабилитация», – деген желеумен үкіметтің мөрі басылған құжатты жоққа шығаруға тырысты. Осылай жазушылар тобынан шыққан бел­сенді большевиктер асыға күткен қуаныштың отын су сепкендей сөндірді. Хамзаның жазғандарына сүйен­сек, ақын Мағжан Жұмабаев 1956 жылы Новая Земля аралында қай­тыс болған. Ол кәдімгі лагерь тұт­қындары сияқты ағаш кесіп, жер қазған жоқ. Совет үкіметі Мақаңдай оқымысты адамды бұқара халықтан аластату үшін әдейі алыс жерде ұстады. Ұлы ақынның 1938 жылы атылмағанын растайтын деректер де көп-ақ. Сол жылдың сәуірінде екінші рет тұтқынға алынғанда оны Алматы түрмесінің басшылары итжеккенге жібермекші болады. Мұндай ұзақ сапарға аттану үшін қаражат керек екені белгілі. «Барар жер, басар тауы» қалмағандықтан, Ташкентте өзі оқытқан шәкірті Құрманбек Жандарбековтің үйіне келеді. Қай күні келіп әкетер деген үреймен жүрген сахна саңлағы есікті ашқанда Мағжан ағасы мен әскери адамды көргенде шошып кетеді. – Қарағым Құрманбек, абақты қызметкерлері Зылиханы бірнеше рет іздеп барып, таба алмай келді. Тегі Алматыдан кетіп қалған көрі­неді. Өзім болсам алыс сапарға ке­тіп барам. Өзің қаржылай көмек көрсет, тірі болсам, бір өтермін, болмаса құдайдан қайтар, – дейді. Құрманбек бөгелместен 500 сом ақшаны әкеліп ұстазының қолы­на ұстатады. Риза болған Мақаң: «Мың рақмет, жаным. Қош, сау бол. Қазақ еліне сәлем айт», – деп кете барады. Ар мен ұяттан безген шолақ белсенділер Мағжан түгіл оның ту­ған-туысқандарының да соңына шам алып түсті. Бекеннің төрт ұлы: Мүсілім, Қаһарман, Мұхамеджан, Сәлімжан халық жауы ретінде тұт­қынға алынса, Қалижан мен Са­быр­жан қырғыз ағайындарды па­налап, ағасының сұлу жырларын оқи алмай Фрунзе қаласында дүние салды. Қыздары Күләндам мен Гүл­барамның да «тағдыры» өкінішпен аяқталды. Мал-мүлкі түгелдей кәмпескеге ілігіп, тоналғаннан кейін барар жері, басар тауы қалмағандықтан, Бекен мен Гүлсім жалғыз келіні (Сәлімжанның әйелі) Бибізайып­тың қолында болады. Еті тірі жас келін Қызылжар қаласындағы ет комбинатында қара жұмыспен ай­налысып, ата-анасына жоқшылық көрсетпеуге тырысады. Барлық ба­ласынан айырылып, кеудесін шер кернеген Бекен әке 66 жасында дүние салса, Гүлсім апа 1943 жылы өмірден озды. «Мағжан мен Сәкеннің жүрген іздерімен Алматының ішкі абақ­тысында бір емес, бірнеше рет отыр­ғандардың бірімін. Тайшет лагерінде бес жыл ағаш кесіп, одан кейін Колымаға барып, бес жыл алтын қаздым. Қай лагерьде болсам да өзімді өмірге әкелген әкем Жар­мұхамед пен жанындай жақсы көр­ген ұстазым, өзімді поэзия бақ­ша­сына бағыштаған Мағжан екеуінің тағдырын зерттеумен шұғыл­дан­дым», – деп жазады Хамзакең. Хамзаның айтқандарын әрі қарай сабақтай отырып, лагерьдегі өмірінің елеулі сәттеріне назар аударайықшы. Тайшет лагеріндегі бір колоннада статист болып істеп жүрген кезінде Анатолий Медников есімді азаматпен танысады. Бұл кісі кезінде қазақ үкіметінің басшысы Құлымбетовтің адъютанты болып­ты. Әскери шені полковник Ана­толий Харлампиевич Колыма ла­герінде Әлихан Бөкейхановты көр­генін айтса керек-ті. Су қайна­татын қазандықта от жағушы, бух­галтерияда есепші болып істеген Әлекең үстінен өзінің еркіндікте киген киімдері: түлкі ішігі мен қаракөл бөрігін тастамайды екен. Жасынан Ленинмен жақсы қарым-қатынаста болғандықтан, лагерь бастықтары оны ерекше құрмет­теген көрінеді. ҚазГУ-де оқыған бес жылдың ішінде Хамза ағайдың арқасында тағ­дыры қызық қазақ зиялыла­ры­ның біразымен таныстым. Солар­дың бірі көзі ашық, көкірегу ояу азамат Әйткеш Толғанбаев досына апта сайын келіп тұратын. Ол маған мінезі жұмсақ, ақжарқын адам сияқты көрінетін. Кейде Хакім есімді мосқалдау ағаймен де бірге келетін. Олар өлім мен өмір арпа­лысқан қиын-қыстау сәтте Бер­линде бірге болыпты. Бертіндегі Ә.Толғанбаевтың қайтыс болғаны жайлы республикалық газеттерде жарияланған қазынамадан оның Қазақстанға әйгілі скрипкашы екенін білдім. Демалыс күндері Хамза ағаймен талдырмаш келген, көрікті, мосқал­дау апаның үйіне жиі барып жүрдім. Әр келген сайын ақжарқын апа­йымыз дәмді тамақпен тойдырып жіберетін. Әсіресе, мантысы мен құймағы қатты ұнайтын. Жастығым ба, аңғалдығым ба, Хамза екеуінің арасындағы әңгіменің әуеніне онша ықылас танытпайтындықтан, нендей тақырып қозғалғаны есімде қалмапты. Тек үйге келгенде ғана Хамза: – Әй бала, сен жаңа кімнің үйінде болғаныңды сезбедің ғой, шамасы. Менің «мыстан» деп әзіл­деп жүргенім кәдімгі жыр дүлдүлі, өмірдегі, әдебиеттегі пірім Мағжан Жұмабаевтың әйелі Зылиха ғой, – деді. Мағжанның бұрындары да үй­ленгені жасырын жайт емес. Мә­селен, бірінші қосағы Зейнидің әкесі Қызылжардың ауқаттысы Шо­қан Тастеміров те, анасы Ха­диша – Шоқан Уәлихановтың інісі Жақып төренің қызы. Зейни бала­дан қайтыс болған соң Бекен Қы­зыл­жардың атақты байы Дәули Қуанышевтың сұлу қызы Жәмилаға құда түседі. Тойға қам жасалып, қалындықты әкелетін күні туған-туысқандары Мағжанды таба алмай әуре-сарсаңға түседі. Арада үш-төрт күн өткеннен кейін Зылихамен көңіл қосқаны белгілі болады. Бұл суыт хабар бүкіл Қызылжар ай­мағын дүр сілкіндіреді. 1968 жылғы кезекті сессиядан кейін Хамза ағаймен Көкшетауға бірге баратын болдық. Самолеттен түсіп келе жатқанымызда қара түсті «Газ-24» Волгасы траптың жанына келіп тоқтай қалды. Жеңіл көліктен күлімдеп шыққан Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің офицері Сай­лаубай Ыбыраев: – Төрлетіңіз, Хамза аға, інім екеуіңді қарсы алуға келдім, – деді. Әскери киімнен оның кім еке­нін бірден аңғарған Хамза: – Туған топыраққа келгенімде де КГБ қарсы алды ғой, – деп қарқылдап күлді. Ертеңіне Қошқарбай ауылына барып, елдің үлкендеріне сәлем берді. Тауға шықтық, сарқырап ағып жатқан бұлақтан су ішкен сайын жаны рақат тапқандай ерек­ше бір сезімге бөленді. Атамекеннен бала кезінде кеткен балғын Хамза енді, міне самайын қырау шалған қария шағында Дүйсен бабасының ұрпақтарымен қайта қауышып отыр. Он тоғыз жасында немістің қапас түрмесінде тұншығып, сегіз жылғы ғұмырын Колыманың азап лагерінде өткізген жан үшін бұдан асқан қандай бақыт бар десеңізші. Алты Алаштың дауылпаз ақы­ны, Тұран елінің данасы Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін жатқа айтып, шығармашылық мұрасын өмір бойы насихаттап өткен Хамза Абдуллиннің де қара жердің қой­науында жатқанына ондаған жыл­дың жүзі болса керек. Ұлтының намысын қызғыштай қорғай білген ардақты азамат ақынның ғибратты өмірбаянына арналған осы мақа­ланы жазуға себеп болып отырған жайт – елге 1956 жылы оралға­нымен, ресми ақталуды сұрап ар­наулы органдарға қанша арызданса да, арманына жете алмай кеткені. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Жарлығымен құрылған «Сая­си тұтқын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік ко­миссия» Түркістан комитетінде бол­ғандарды, оның ішінде мағ­жантанушы қазақ ақыны Хамза Абдуллинді де толық ақтайды деген сенімдемін.

Балталы СӘРСЕНБАЕВ, Қазақстанның құрметті журналисі