Ақ халаттылар араша іздейді
Ақ халаттылар араша іздейді
1,321
оқылды
Бурабай ауданы Щучинск қаласындағы 74 мыңнан астам адамға қызмет көрсететін аудандық аурухана мен емхана дәрігерлері дау шығарды. 300-ден астам дәрігер мен мейірбике жұмыстан кетпек. Аудандағы жалғыз медициналық мекеме қызметкерлері жекеменшік компанияның еншісіне өткелі бері жағдай­ларының тым күрделеніп кеткеніне алаңдап отыр. Жалақылары жырымдалған дәрігерлер мен мейірбикелер жыл басынан бері үстеме пайыздардың да жөндеп қосылмағанын, берілуі тиісті сауықтыру жәрдемақылары төленбегенін, ал сыйақылары туралы тіпті ұмытқанын айтып шырылдайды. Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасына қарасты Бурабай аудандық көпбейінді ауруханасы осыдан 4 жыл бұрын өз еркінен тыс қайта ұйымдастырылып, «Авиценна-Бурабай» ЖШС жекеменшігіне өтіп кеткен. Бүгінде жекеменшік иесі санала­тын компания құрылтайшылары ерлі-зайыпты Гагаркиндердің бірі қылмыстық іс бойынша іздеуде жүр екен. Дегенмен мемлекеттік коммуналдық қазыналық емхана мен аурухана дәрігерлері еркінен тыс аталған жекеменшік серіктестіктің қызметкеріне айналған. Аурухана дәрігерлері­нің айтуынша, медициналық мекеменің қандай жағдайда қайта ұйымдастырылғаны белгісіз. Тіпті, дәрігерлер мен мейірбикелердің әлеуметтік кепілдіктерінің қарастырылған яки қарастырылмағанын «Авиценна-Бурабай» ЖШС да хабардар етпеген. Ал осы жылдың қаңтарынан бастап, ЖШС басшылығы ауру­хана мен емхана қызметкерлерін жыл сайынғы сауықтыруға бөлінетін қаражаттан да айырып тастаған.
– ЖШС басшысының міндетін атқарушы Евгений Бекаев құрылтайшы Гагаркиндерге сүйеніп, бізге осы жылдың қаңтарынан бастап сауықтыру жәрдемақысын мүлдем төлемей­тінін айтты. Тіпті, «қайда шағымдансақ та» жәрдемақыны төлемейтінін жеткізді. «Ұна­маса, жұмыстан шығып кетіңдер» дейді. Біз осында келгені бері сыйақы дегенді мүлде ұмыттық. ЖШС басшылығы мемлекеттік бюджет есебінен қаражат алып отыр. Мемле­кеттік медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасаған. Оған 15 санаттағы жеңілдікті азаматтар кіреді. Біздің бұл аурухана мен емханадан басқа жұмыс істейтін жеріміз жоқ. Өйткені бұл аудандағы жалғыз аурухана. Мемлекет тарапынан еш бақылаудың жоқты­ғынан біздің еңбек құқықтарымыз аяққа тапталып жатыр, – дейді «Авиценна-Бурабай» емханасының мейірбикесі Жазира Жәкенова.
Ауруханадағы үш жүзден астам дәрігердің ащы жанайқайы бойынша ЖШС басшы­лығынан мәселенің мән-жайын білмек бол­дық. Директордың міндетін атқарушы Евгений Бекаев бәрі заң аясында жүргізіліп жатқанын алға тартты.
– Биыл бізде еңбек төлемінен сауықтыру мүлде алынып тасталған. Бізде барлығы, яғни жалақының аударылуы тек заң шеңберінде ғана жүргізілуде, – дейді «Авиценна-Бурабай» директорының міндетін атқарушы Евгений Бекаев.
аудандық емхана Толғағы жеткен күрделі мәселе бойынша Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасынан ресми түсініктеме беруін сұрадық. Басқарма мәліметінше, жекемен­шікке өткен аурухана облыстық әкімдік пен денсаулық сақтау басқармасын хабарлан­дырмастан жәрдемақыны төлемеуге шешім қабылдаған.
– 2017 жылдың 12 маусымында Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы «Авиценна-Бурабай» ЖШС-мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде келісім­шарт жасаған. Осы жылдың қаңтарына дейін сауықтыру үшін жәрдемақы төленіп келді. Жәр­демақыны төлеуді тоқтату туралы шешім­ді жекеменшік кәсіпорын өзі қабыл­даған. Ол туралы денсаулық сақтау басқар­масын да, облыстық әкімдікті де хабардар етпеген. Еңбек кодексінің 46-бабының 2-тармағына сәйкес, жұмыс беруші қызмет­керлерін еңбек шарты­ның өзгеретіні туралы 15 күнтізбелік күннен кешіктірмей хабарлан­дыруы тиіс. Алайда медициналық мекеме басшылығы заңмен бекітілген мерзімде қызметкерлерді еш хабарландырмаған болып шықты. Мұнымен қоса, қызметкерлердің еңбек шарттарында демалыс ұсынған кездегі төлемді реттеу туралы ереже қарастырылмаған. Басқарма «Авиценна-Бурабай» ЖШС басшы­лығын қызметкерлердің еңбек қатынастарын реттеу мақсатында еңбек келісімшарттарын тиісті жағдайға келтіру қажетігі туралы хабар­дар етілді, – дейді Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Оған қоса, басқарма медициналық қыз­мет­керлер өз мүдделерін қорғау үшін құқық қорғау және өкілетті органдарға жүгінуге құқылы екенін жеткізді.   P.S.

Жекеменшік мекеменің қаржы жүйесін мемлекеттік органдар жөнді бақыламай­тыны рас. Бұл орайда тағы қарапайым қызмет­кер­лердің құқықтары бұзылып жатқаны анық көрінеді. Жүздеген ақ халаттылардың жағдайы қандай болмақ? Ал түйінді мәселенің шешімін табу үшін тиісті құзырлы органдардың тара­пынан бақылау қажеттігі айқын сезіледі...

Ақмола облысы