Қазір ауырған жерді дәрімен емес, саусақтың күшімен емдеуге болады. Остеопатия аутизм, ДЦП, эпилепсия, сколиоз, омыртқа, бас немесе ішкі органдарға қатысты шағымданған адамдарға көмек береді. Жас шамасына шектеу жоғы тағы бар. Жаңа туған нәресте мен сай-сүйегі сырқыраған қартқа да қол ұшын созуға дайын. Қызығы, Ұлыбритания мен АҚШ-та остеопатия медициналық сақтандырумен қамтылған қызметтер тізіміне кіреді. Ал Ұлыбританияда болашақ аналар міндетті түрде остеопат қызметіне жүгінеді. Осы орайда остеопат Сари Ниязұлымен альтернатив медицинаның жай-күйі туралы сұхбаттастық. – Сари Ниязұлы, кейінгі кезде остеопатия жайлы жиі естиміз. Жалпы, остеопатия қандай ғылым? Остеопат ғалымдар қалай емдейді? – Иә, остеопатия қазір медицинаның ажырамас бөлігіне айналды. Остеопатия анотомиямен тікелей байланысты. Сондықтан емдеу кезінде анатомиялық-функционалды қызметті түгелдей қарастырамыз. Екі қолмен денедегі зардап шеккен аймақтарды анықтап, арнайы техника көмегімен қалыпқа келтіреміз. Артықшылығы – тек саусақ күшін ғана пайдаланады. Остеопатия – дәрі-дәрмексіз альтернатив емдеу әдісі. Көбінесе, остеопатияны мануалды терапиямен шатастырып жатады. Екеуі екі түрлі әдіс. Менің емдеу әдісіме келсек, пациент бір курс аясында бес күн қатарынан қабылдауға келуі керек. Егер тексеруден кейінгі көрсеткіш терапияны ары қарай жалғастыруды нұсқаса, 1,5-2 айдан кейін қайта бастаймыз. Осы аралықта пациент демалады. Ем арқылы ми жұмысын реттеп, ынталандырамыз. Остеопатия неге және қалай көмектеседі? Остеопатия эндогендік және жүйке ритмін, ағзадағы әртүрлі сұйықтықтың микроциркуляциясын реттеу арқылы дененің арнайы анатомиялық нүктелеріне әсер етеді. Мәселен, сколиоз, жүрек-қан тамырлары аурулары, психикалық және эмоционалды бұзылулар, гормоналды фонның бұзылуы, артық салмақ, артрит және артроз, жоғары және төмен қан қысымы, дамудың кешігуі, CNS мәселесі және аутизм, жарық (грыжа) және басқа да диагнозды емдейді. Ем жүргізбес бұрын науқасты толық тексереміз. Остеопат саусақ күшімен денедегі артық-кем тұсты сезіп, анықтайды. Қимыл-қозғалысты бақылайды әрі ағзадағы сұйықтық мөлшерін шамалайды. Сондай-ақ тексеру барысында науқас шағымына қараймыз. Көпшілік толық емдеу үшін қанша сеанс қажет деп сұрап жатады. Ең алдымен, әр ағза остеопатия әсеріне әртүрлі жауап береді. Соған қарай емдеу уақыты да әртүрлі. Оған қоса, аурудың себебі мен ауырлығына, сипатына байланысты. Айта кетерлігі, ісік, жұқпалы және аутоиммунды ауруға шалдыққан науқасқа остеопатқа баруға болмайды. – Білуімізше, елімізде нақты білімі бар 50 шақты остеопат бар. Сіз қайдан білім алдыңыз? – Иә, менің медициналық білімім бар әрі Израильде оқыдым. Жалпы, остеопатия, ғылым ретінде шамамен 130 жыл бұрын АҚШ-та пайда болды. Оның медицина ретін-де пайда болуына және танылуына америкалық хирург Эндрю Тейлор Стилл көп еңбек етті. Ол 1874 жылы мысыр және грек медицинасының ең жақсысын синтездеу арқылы жаңа медициналық бағыттың тұжырымдамасын жасады. Грек тілінен аударғанда остеопатия «сүйек» дегенді білдіреді. Алайда остеопатия пайда болған сәттен бастап адам ағзасына біртұтас жүйе ретінде қарайды. Сондықтан сүйекті емдейді деп ойлау қате. Мәселен, остеопатияда науқастың ауырсынған жерін ғана емес, толық ем-шара жүргіземіз. Өйткені проблеманың себебі көбінесе дененің басқа бөлігінде кездесіп жатады. Остеопатиядағы негізгі қағида – симптомды емес, ау-рудың себебін жою. Ал Ресейде остеопатия тарихы 1991 жылдан басталды. Осылайша, 1994 жылы Санкт-Петербордағы Халықаралық остеопатиялық қоғамның белсенді әрекетімен алғашқы орыс остеопатиялық медицина мектебі құрылды. 2003 жылдан бастап остеопатиялық емдеу әдісін Денсаулық сақтау министрлігі мақұлдады. Сәйкесінше, Ресейде остеопатия ресми медицина ретінде дами бастады. 2013 жылы аталған министрлік бұйрығымен остеопатия медицина қызметкері лауазымы номенклатурасына енгізілді. Мұны неге айтып отырмын? Өйткені елімізде остеопатия 2010 жылдан бері танымал бола бастады. Қазір әлеуметтік желінің көмегімен келетін аудитория көп. Кей остеопаттың қабылдауына бір жыл бұрын жазыласыз. Алайда остеопатқа тіркеудегі аурухана арқылы жазыла алмайсыз. Қызмет ақылы жүргізіледі. Еліміздің кей бөлігінде остеопатия жайлы білмейтіндер де бар. Яғни, министрлік тарапынан остеопатия мойындала қойған жоқ. – Осы орайда бір апталық остеопатия курсын аяқтап, остеопатпын дейтіндерге көзқарасыңыз қандай? – Иә, қазір остеопат дайындайтын курс көбейіп кетті. Жалпы, қоғамның остеопатия туралы түсінігін қалыптастырып, білімін арттыруға күш салсам деймін. Олар тек медициналық білімі бар остеопатқа өзінің және баласының денсаулығын сеніп тапсырғанын қалаймын. Сол үшін бос уақытымда әлеуметтік желіде остеопатияға қатысты жазбамен бөлісемін. Мысалы, жоғары медициналық білімі бар дәрігер остеопат болу үшін қосымша 3,5 жыл білім алады. Сондай-ақ клиникалық тәжірибеден өтеді. Жоғарыда көрсетілген аралық пен екі апталық курс жайын салыстырып көріңіз. Сондықтан қай дәрігерге бармас бұрын барынша зерттеп, бірыңғай реестрде бар жоғын тексеріп алған жөн. – Остеопат ретінде жұмыс істеп жүргеніңізге қанша уақыт болды? Түрлі диагнозы бар балаларды емдейтініңізді білеміз. Сонда остеопатия арқылы кез келген диагнозды жеңуге бола ма? – Остеопат болып жұмыс істеп жүргеніме он жылға жуықтады. Оған қоса, невролог, кинезолог, мануалды терапевтпін. Түрлі диагнозы бар 14 жасқа дейінгі балаларды емдеймін. Аутизм, психо-сөйлеудің кешігуі, сөйлеудің кешігуі, эпилепсия, Даун синдромы, зейін жеткіліксіздігі және гипербелсенділік синдромы, энурез, церебралды сал ауруы, алалия және тағы басқасы бар. Негізінен, орталық Алматы қаласында орналасқан. Уақытым болса, өңірлерді аралап, ем-шара жүргіземін. Остеопатия көмегімен емделетін нақты диагноздар бар. Салыстырмалы түрде қарасақ, жүрек-қан тамырлары проблемасы бар науқастың офтальмологқа бармайтыны сияқты остеопаттың да ырқына бағынбайтын ауру түрлері жоқ емес. – Остеопат емдеу барысында ешқандай препарат қолданбайды. Тек қолымен, пациент денесін сипап сезеді. Мұның сыры неде? – Ешқандай құпия жоқ. Бұған дейін айтқанымдай, емдеу әдісі мидың жұмысын жақсартумен тікелей байланысты. Мысалы, Эндрю Тейлор Стилл ізбасарларына «Остеопатия философиясы» кітабында құнды қазына тастап кетті. Аталған 100 жылдан астам уақыт ішінде остеопатияның мүмкіндігі едәуір кеңейді. Бірақ бірнеше шарт өзгеріссіз осы күнге жетіп отыр. Мысалы, ағзаны біртұтас жүйе ретінде қарау – барлық орган мен құрылымның өзара байланысын түсіну. Организмнің күрделі механизм екенін ескерсек те, оны ішкі тепе-теңдік жүйесін сақтап, өзін-өзі реттеу арқылы емдеуге, қорғауға болады. Анатомиялық құрылым мен физиологиялық функция арасында тікелей байланыс бар. Құрылым функцияны басқарады және керісінше жұмыс істейді. Остеопатияның үш негізгі бағыты бар. Құрылымдық әдістер, соның ішінде омыртқаның, бұлшық ет-байлам аппаратының, тірек-қимыл жүйесінің дисфункциясын жою. Висцералды терапия – ішкі ағзаның, асқазан-ішек жолдарының, жүрек-қан тамырлары, өкпе, эндокриндік, несеп-жыныс жүйесінің функционалды бұзылысын жою. Кранио-сакралды терапия – бас сүйек пен сакрумның анатомиялық құрылымындағы бұзылысты жойып, қалпына келтіріп, интракраниальды қысымды жояды. Мәселен, инсульт алдындағы жағдай және тағы басқасының алдын алады. – Осы орайда тәжірибеңізбен бөліссеңіз. Сіз емдеген ең қиын диагноз қандай болды? Емдеу тарихын айтып берсеңіз. – Әрине, тәжірибемде түрлі диагноз кездесті. Мысалы, церебралды сал ауруы сол жақ гемипарез диагнозы бар бір бала қабылдауыма келді. Емдеу курсын жүргіздік. Ата-анасы да баласының қатарға қосылатынына сенді. Қазір ол – бес жаста. Өте белсенді, көңілді. Бастысы қалыпқа сай өсіп келеді. Әрі мектепке баруға дайындалып жүр. Айта кетерлігі, көпшілік церебралды сал ауруының себебін сұрап жатады. Мысалы, балада гипоксия, ми жарақаты, жүктілік кезіндегі химиялық және улы заттың әсері, гендік мутация, босану кезіндегі асқыну мен баланың шала туылуы да рөл ойнайды. Әдетте, қозғалыс проблемалары, бұлшық еттердің қаттылығы, үйлесімсіздік, діріл, буындардағы гипотония және гиперкинезия пайда болады. Симптомдардың бұл түрлері жалпылануы немесе аяқ-қолдарда немесе дененің белгілі бір жартысында көбірек байқалуы мүмкін. Сондай-ақ бірқатар белгісі бала дүниеге келгеннен кейін бірнеше айдан соң анықтауға болады. Мысалы, алғашқы айларда қатты дыбыстарға жауап бермеу, төрт айда бала ойыншыққа қолын созбауы мүмкін. Жеті айда өздігінен отыра алмайды. Сондықтан бір жасқа дейін бала дамуын уақытылы бақылаған дұрыс. Қандай да бір көңіл толмаушылық болса, бірден дәрігер көмегіне жүгініңіз. Әсіресе, бала дүниеге келген соң остеопаттың қабылдауына жазылған дұрыс. Анаға да, балаға да остеопат көмегі, тексеруі артық болмайды.
Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ