Арт-шоурум туристер арасында танымал – Бақыт Шүкетаев
Арт-шоурум туристер арасында танымал – Бақыт Шүкетаев
699
оқылды
Бони мен Клайд, Бейон­се мен Джейзи сияқты тек сурет әлемінде қол ұста­сып келе жатқан жұптар бар. Солардың бірі – қа­зақстандық су­рет­ші-дизайнерлер Бақыт Шүкетаев пен оның жұбайы Әйгерім Кәрібаева. Олар елімізде алғаш рет арт-шоурум ашып, қа­­зақ мәдениетінің әлем­­­ге таралуына атса­лы­­­сып жүр. Бүгінде сурет­шілердің қолынан шыққан туындылар әрбір шаңырақта ілулі тұр. Себебі суретшілердің қозғайтын тақырыбы да, стилі де ерекше. Біз суретші-дизайнер Бақыт Шүкетаевпен тілдестік. – Қазақстанда алғашқы арт-шоу­румды ашудағы негізгі мақса­тыңыз қандай? – Темірбек Жүргенов атын­дағы колледж бен өнер академия­сын­да білім алдым. Өмір бойы сурет салып келе жатырмын. Негізгі мамандығым – суретші-дизайнер. Ұзақ жыл бойы дизай­нер ретінде әртүрлі жобада жұмыс істедім. Бір кезеңдерде жеке жобаларымды жүзеге асыру үшін фрилансқа да ауыстым. Дизайнер ретіндегі тәжірибем маған сурет өнерінің құндылықтарын кеңірек түсінуге мү­м­кіндік бе­рді. Осылай­ша, салған суреттерімді Instagram-ға жария­лай бастадым. Алғашқы туынды­ларым­ды сатып алушылар бірден табыла кетті. Жұбайым да суретші болғандықтан, бұл іспен белсенді түрде айналысты. Сол кезде адамдар біздің жұмыстары­мыздың түп нұсқасын тамаша­лайтын арнайы орын ашу керек екенін ойлай бастадық. Арт-шоурум ең бірінші халыққа ың­ғайлы болу үшін ашылды. Біздің шоурум 2 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Қазір­дің өзінде әлеу­меттік желі қолданушылары ара­сында таны­мал. Қазақстандық­тардан бөлек шетелдік қонақ­тар да жиі келеді. Шетелге бара жатқан­дар мен үйіне қонаққа келген­дер міндетті түрде ұлттық кәдесый іздейді. Ал біздің туынды­лары­мыз­да ұлты­мыз­дың барлық ерекше­лігі бейнеленген. Сон­дық­тан да шығар, кәде­сый іздеген адам арт-шоурумға келеді. Осы арқылы турис­тер арасында шоурум танымал бола түсті. Себебі елімізде дәл біздікіндей басқа арт-шоурум жоқ. Осы­лайша, адамдарға мәде­ние­тіміз­ді насихаттап, шығар­ма­шылығымызды дамытып жүрміз. ана мен бала – Арт-шоурумға халық­тың қызығушылығы қай деңгейде? – Халықтың арт-шоурумға қызығушы­лығы жоғары. Шетелдік қонақтар мен деле­гация­лар картиналарды келіп тамашалап жүр. Олар осылайша қазақ хал­қының мәдениетімен танысуда. Өз елдеріне бізден түрлі кәдесый алып кетеді. Сондай-ақ адам­дар біздің картина­лар­ды интерьер мен үй­лерді безендіру үшін де сатып алады. – Суретші болу бала күнгі арманыңыз ба? – Өнерлі отбасында өс­тім. «Архитектор ағам сияқ­ты боламын» деп кішкен­тайымнан сурет салатын­мын. Осы дарынымды бай­қаған анам мені өнер мекте­біне апарды. Содан кейін Темірбек Жүргенов атын­дағы Өнер академиясының көркемсурет колледжіне бардым. Менің шығармашылық жолым сол жерден басталды. Кейін Т.Жүргенов атындағы Өнер ака­демия­сына оқуға түстім. Магис­тра­тураны да сол білім ордасында оқыдым. Графикалық дизайн мамандығын игеріп, көптеген дағдыны үйрендім. сурет – Суреттеріңіздің басым бөлігі ұлттық нақышта екен. Замануи эле­менттерді де пайдаланыпсыз. Мұны сіздің ерекше стиліңіз деп айта аламыз ба? – Иә, өз туындыларымда мә­дени мұра тақырыбын зерттеймін. Байқасаңыз, туындыларымның тақырыбы балалық шақ, мейірім мен жақсылық, естеліктер жай­лы. Сондықтан да картиналарым адамдар арасында үлкен резонанс тудырды. Әр адам суреттен өзін көреді. Себебі біздің өскен орта­мыз, қоғамымыз бір. Суретші ретінде сурет салумен шектелмей, адам өмірінің маңызды сәттерін­дегі салт-дәстүрлерді де зерттей­мін. Осылайша, халқымыздың салт-санасын визуалды тілде жеткіземін. Менің туынды­ларым­да заманауи ноталар да, қазіргі заманғы сюжеттер де бар. Күн сайын көретін, өмір сүріп жатқан қоғамымызды бейнелей­мін. Картиналарымда салт-дәстүр, балалық шақ пен қазіргі қоғам қатар кездеседі. қария – Көрмелерге қаншалықты жиі қатысасыз? Көрерменнің ықы­ласы­на бөленген 3 суретіңізді атаңызшы? – Әлі үлкен жеке көрме өткіз­ген жоқпын. Бірақ болашақта жеке көрме ұйымдастыру ойымда бар. Менің ойымша, бұл кез кел­ген суретші үшін маңызды. Де­генмен көрерменнің арасында қызығушылық туғызып, таны­мал­дыққа ие болып жүрген жұмыстарым бар. Бір қызығы, мұндай картиналардың барлығы ою-өрнекпен байланысты. «Ою-өрнектер», «Үйлесімділік», «Көк­тем­гі Қарлығаш», «Сезім», «Апа­тай», «Шашу» деп аталады. – Суреттеріңізді түрлі кесе, сөмкелер мен жастықтардың да сыртына басып шығарып, саудалап жүрсіз. Бұл нарық заманының сұранысы ма? – Авторлық туындыларымды кейбір заттардың сыртына басып шығарып жүрмін. Бұған көп­жылдық дизайнер ретіндегі тә­жірибемнің пайдасы тиді. Яғни, дизайнды тауардың сыртына басып шығаруды жақсы білемін. Сондықтан да өз суреттерімнің тек үйлердің қабырғаларында тұрғанын қаламадым. Адамдарға менің суреттерім барынша қолжетімді болса және күнделікті өмірде киіп жүрсе деп ойладым. Себебі картиналарда біздің хал­қы­мыздың мәдени коды бей­не­ленген. Осылайша, мәдение­тімізді танымал етуге ниеттендім. Сурет деген тек галереялардан көретін, үйге іліп қоятын өнер болмауы керек. Сурет біздің өмірімізде әрқашан бірге жүруі керек. Мен суретке осындай көзқараспен қарап, өнерді өз шекарасынан шығардым. Суреттерге жаңа форма бердім. Олар әртүрлі тауардың сыртына басылып шығып жатыр. Дегенмен маған сол тауардың сапалы, әдемі болғаны да маңызды. Мысалы, біз шығаратын шоперлердің әрқайсысы қымбат картиналар­дан кем емес. әже – Жалпы, елімізде суретшілерді қаншалықты бағалайды? Еңбек­теріңіз ақталып жүр ме? – Менің ойымша, бұл – шы­ғар­машылық адамдарының зама­ны. Өнер адамдарының өздерінің интеллектуалды еңбектерімен жоғары табыс табуы керек. Себебі қазір заман өзгерді. «Ең кедей ма­ман­дық суретші» деген стерео­тип өзгерген. Дара ойлайтын, шығармашылық адамдары ғана қоғамды өзгерте алады. Мұндай адамдарға ресурс та, жұмыс та көп. Тек соны көре білу керек. Ең бастысы, интеллектуал адамдар өз құндылығы мен маңызын тү­сінуі қажет. – Әңгімеңізге рақмет!