Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаттығына үміткер Құдайберген Бекенов «ТК Фарм Ақтөбе» ЖШС фармацевтикалық зауытының жұмысшыларымен кездесуде облыста медицина саласын дамытуда қолға алынатын шаралар туралы айтып берді. Үміткер «AMANAT» партиясы елімізде Әділетті Қазақстан құру жөніндегі реформалар бағыттарын іске асыруда маңызды рөл атқаратынын, барша қазақстандықтардың мүддесін қорғайтынын жеткізді. Сондай-ақ партия алдағы уақытта халықты жайлы өмір мен қауіпсіз болашақпен қамтамасыз ету үшін биылғы сайлауда арнайы бағдарлама әзірлеген атап өтті.
– Қай кезде де елдің әлеуметтік жағдайы бірінші орында тұруы керек. Осыдан отыз жыл бұрынғы кезімізбен салыстырсақ, қазір қазақстандықтардың жағдайы жақсарып, еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Енді Әділетті Қазақстан құрып, мемлекетімізді дамытсақ, біздің жағдайымыз бұдан да жақсарып, облысымыз қарыштап дамитын болады. Осы ретте партия алдағы бес жылға арнайы бағдарлама жасақтап отыр. Осы бағдарламаға сәйкес облысымызда медицина, білім, спорт, мәдениет, басқа да әлеуметтік салалар дамымақ. «АМАNАТ» партиясы әрбір азамат тұрғылықты жері мен материалдық жағдайына қарамастан, қажетті кәсіби медициналық көмекті дер кезінде алуы керек деп есептейді. Ол үшін алдағы бес жылда өңірімізде 42 денсаулық сақтау нысаны салынып, кем дегенде 35 денсаулық сақтау мекемесі күрделі жөндеуден өтеді. Бұдан бөлек, бюджеттен кем дегенде 400 медициналық жабдықты, сондай-ақ жедел жәрдем машиналарын сатып алуға қаражат қарастырылады, – деді ол.
– Жоғарыда қабылданатын шаралар 2027 жылға қарай азаматтардың өмір сүру ұзақтығын 73,5 жылға дейін ұлғайтуға ықпал етеді. Медициналық кадрлардың тапшылығын шешуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 3 жасқа дейінгі балалардың кемінде 98 пайызы ерте диагностикамен, профилактикалық іс-шаралармен және вакцинациямен қамтылатын болады. Қатерлі ісіктерді ерте анықтау үшін кемінде 100 мың адам скринингпен қамтылады, – деді ол.Өз сөзінде үміткер мәдениет саласын дамыту мәселесін де көтерді.
– Қазақ халқы қашан да өз тарихын, салт-дәстүрін, тілін ерекше құрметтейді. Сондықтан ата-бабамыз болашақ ұрпақтың білімді, мәдениетті болып өсуіне айрықша көңіл бөлген. Осы орайда біз саналы ұрпақ тәрбиелеуіміз үшін мәдени мұрамызды сақтап, рухани-мәдени дамуға жағдай жасап, бос уақытты тиімді өткізу үшін кешенді шаралар қабылдауымыз қажет. Ол үшін облыста алдағы бес жылда 9 мәдениет нысаны салынып, кемінде 25 нысан күрделі және ағымдағы жөндеуден өтеді. Ақтөбе облысының көрнекті тумаларының мұрасын дәріптеу бойынша іс-шаралар ұйымдастырылады. Осының барлығы мәдениет нысандарының инфрақұрылымын жаңартуға, бос уақытты мәдени өткізуге жағдай жасауға, ұлттық құндылықтарды насихаттауға мүмкіндік береді, – деді ол.Кездесу соңында жұмысшылар үміткерге зауыт орналасқан аумаққа асфальт төселмегенін, соның салдарынан автобус қатынамайтынын, сондай-ақ жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар қажет екенін жеткізді.
Ақтөбе облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «AMANAT» партиясы сайлау қорының қаражатынан төленді.