Қызылорда облысында жыл басынан бері 50-ге жуық тұтынушының құқығы қорғалып, 900 мың теңгеге жуық қаржы толық қайтарылған. Бұл тұрғыда тұтынушылардан келіп түскен арыз-шағымдардың басым бөлігі бөлшек сауда мен сапасыз тауарлардың нарықта сатылуына тікелей қатысты. Жалпы, әр жыл сайын 15 наурыз – Дүниежүзілік тұтынушылардың құқығын қорғау күні ретінде аталып өтеді. Биыл да бұл күн «Таза энергияға көшу арқылы тұтынушылардың мүмкіндіктерін кеңейту» ұранымен белгіленіп отыр. «Өздеріңіз білетіндей, біздің департамент тұтынушылардың құқықтарын бекітілген заң арқылы қорғайды. Яғни, "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" ҚР заңында сатып алушылардың нақты құқықтары бекітілген. Аталған заң сатып алушылардың тауарларды иеленуге еркін шарт жасасуға, тауар туралы ақпарат алуға, қауіпсіз заттарды сатып алуға, денсаулығына және мүлкіне келтірілген залалды толық көлемде өтеуге байланысты құқықтары қарастырылған. Бұл ретте тұтынушыны нарықтық қатынастарда барынша қорғау мақсатында тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отыратынын атап өткен жөн», – деді бұл жайында Қызылорда облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ерқасым Сүлейменов. Департамент басшысының айтуынша, азаматтар интернет арқылы, оның ішінде әлеуметтік желілер арқылы тауарларды сатып алу және оны төлеу кезінде алаяқтарға жиі тап болып жатады. Осыған байланысты, қазір ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қаулы әзірленуде. Бұл құжат сатып алушылардың құқықтарын қорғау туралы заңға ұсынылатын түзетулер мен әлеуметтік тепе-теңдікті қалыптастыруда оң нәтиже береді деп күтілуде.