Амал мерекесіне он мыңнан астам адам атсалысты
Амал мерекесіне он мыңнан астам адам атсалысты
14 наурызда Қазақстанның батыс аймағында Амал мерекесі “Көрісу күні” тойланады.  Дәстүр бойынша Отпан тауында бабалар рухына бірлік оты жағылды. Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев жиналғандарды және Маңғыстаудағы "Ұлыстың ұлы күні" мерекесімен танысуға келген шет елдік қонақтарды құттықтады. Амал мерекесі жыл өткен сайын танымал болып келеді. «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде Түркия, Әзербайжан және Өзбекстаннан келген қонақтарды қосқанда 10 мыңнан астам адамның қатысуымен Амал мерекесі тойланды. Қонақтарды қарсы алып, мерекемен құттықтауға Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, мемлекет және қоғам қайраткері Ерлан Қошанов, айтыскер ақын Аманжол Алтай, Ринат Зайытов, сондай-ақ биыл мерекені ұйымдастырушылардың бірі – «Тобыш – атаның» ұрпағы Қалнияз Оңдабаев келді. Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев 14 наурыз бірлікті, мейірімділікті, татулық пен ынтымақты білдіретін күнге айналғанын атап өтті.
– Кеңінен тойланатын Амал мерекесі халық бірлігінің символына айналды.  Бүгінде маңғыстаулықтар ғана емес, алыс-жақын шетелдерден келген мәртебелі меймандар да бізбен бірігуде.  Түркиядан, Әзербайжаннан, Өзбекстаннан келген ғалымдар мен көрнекті қайраткерлер мәдениетіміздің алуан түрлілігін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ел ежелден бұл күнді асыға күтеді, ал бірлік пен келісімге шақыратын мереке халқымыздың дәстүрлі жауапкершілігінің жарқын көрінісі, – деді Нұрлан Ноғаев.
Мемлекет және қоғам қайраткері Ерлан Қошанов та барша маңғыстаулыққа алғыс айтып, Амал мерекесімен құттықтады.    width= – Бұл күндері ескі реніштерді кешіру, өзгеге мейірімділік таныту әдетке айналған. Баршаңызға ұзақ ғұмыр, амандық, мызғымас бірлік, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын деп тілеймін, – деді Ерлан Қошанов. Мереке үшін киіз үйлер тігіліп, барлық қонаққа дәстүрлі тағамдар ұсынылды.  Жиналған халық концерттік бағдарламадан бөлек, ат бәйгесін, қазақ күресі мен ұлттық спорттың басқа да түрлерін тамашалады. Сонымен қатар Амал мерекесіне орай халықаралық конференция өтті. Конференцияға Әзербайжан, Түркия, Өзбекстаннан келген ғалым-тарихшылар белсенді қатысты. Конференция мерекені өткізудің ерекшеліктеріне негізделді, ғалымдар түркі елдеріндегі Наурыз мерекесін тойлау дәстүрлеріне тоқталды.    width= Мұхаммед Физули атындағы Әзербайжан ұлттық ғылым академиясы қолжазбалар институтының ғылыми қызметкері, доцент және профессор Незакет Меммедли Наурыз мейрамы әзербайжан халқының ең көне, ең сүйікті мерекелердің бірі екенін айтты. Оның айтуынша, Наурыз мерекесінің ерекшелігі – жанып тұрған оттың үстінен секіру. Оттан секіру арқылы барлық жамандық пен сәтсіздік жойылады деп сенген. Сондай-ақ олар мерекеде тұрғындар ән айтып, халық аспаптарында ойнайды. Түркиядағы «Байрам Вели» университеті және «Қажы Бекташ Вели» зерттеу орталығының директоры Ахмет Ташғын Амал мерекесі «қайдан шықты, не үшін ойлап табылды?» деген сұрақтар төңірегінде толғанғанын атап өтті.    width= – Мерекенің тарихын зерттей келе, түрік пен қазақ мәдениеті өте ұқсас деген қорытынды жасауға болады.  Жаһандану үрдісі кейбір ұлттық дәстүрлерімізді жойып жатқандай. Біздің міндетіміз – барлық ұлттық құндылығымызды жас ұрпаққа жеткізу, – дейді профессор Ахмет Ташғын. Амал мерекесі аясында «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде Адай ата рухына құран бағыштау рәсімі өтті. Салтанатты шара барысында Тобыш ата ұрпақтары Мұңал ата ұрпақтарына дәстүрлі бірлік алауын табыстады.