«Aстана LRT» тарих қойнауына кетті
«Aстана LRT» тарих қойнауына кетті
Елордалықтар жеңіл-рельсті көлікке биыл да мінбейтін секілді. Осы жобаның операторы – «Aстана LRT» ЖШС басқарма төрағасы LRT құрылысы туралы сұрағымызға «бұл жоба туралы ештеңе айта алмаймын» деп жауап берді. Былтыр маусым айында Үкімет басшысының бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов есеп беру жиынынан кейін жыр болған жоба құрылысы 2020 жылы күзде аяқталады деген. Ал былтыр желтоқсанда Нұр-Сұлтанның әкімі LRT құрылысын жалғастыру 2020 жылы, яғни биыл басталатынын айтты. Бірақ бұл биыл жеңіл-рельсті көлікте желпілдеп отырамыз деген сөз емес екенін есті адам түсінеді.    

«LRT туралы ештеңе айта алмаймын»

Астана жұрты да, қала қонақтары да LRT бағандарына шошып қарамайтын болған. Көзіміз үйренді ме, жобадан үміт үзе бастадық па, әйтеуір, уақыты келгенде бітер деп жүргендейміз. Жо­баға жауаптылар да бұл тақырыпта сөйлеуге құлықты емес. Ештеңе айт­қысы келмейді. – LRT туралы әзірге ештеңе айта алмаймын. Президент тапсырмасына сәйкес әкімдік Үкіметпен бірлесіп ұсы­ныс дайындап, жолдадық. Қаржы ми­нистрі (Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов – автор) LRT биыл іске қосылады деді. Ол – саяси мемлекеттік қызметкер. Біз – көлік жүйесі опера­торымыз. Біз тек инфрақұрылым бо­йынша сараптама жасап, ұсыныстар береміз. Ал қандай саяси шешім қабыл­данатыны бізге байланысты емес, – дейді Бекмырза Игенбердиев. Оның айтуынша, қазір қыс уақыты болған соң, құрылыс қарқын алмай тұрғаны болмаса, екі нүктеде LRT құрылысы жүріп жатыр. Бас мердігері бұрынғы­ша – Қытай компаниясы, жобадан екі компания кеткен, орнына қазақстандық компания келіпті. Жоба туралы ештеңе айтқысы келмесе де, Б.Игенбердиев бұл бізге өте керек жоба деп санайды. – LRT секілді жоба қалаға ауадай керек. Біз позициямыздан қайтқан жоқпыз. Себебі қала өсіп жатыр, ав­токөлік көбейіп келеді. Көлік кептелісін жою үшін жолды кеңейте бермейміз, бұл тиімді тәсіл емес. Кезінде Алматыда да метро салғанда жұрттың көбі қарсы болды. Ал қазір соған бәрі мініп жүр. Қала сыртынан келгендер метроның жанына көлігін қойып, жұмысына барады. Сондықтан LRT болса да, метро болса да керек, – дейді ол.  

Авторы жоқ логотип

Бүгіннен бастап «Астана LRT» компаниясының атауы мен логотипі өзгерді, компания бұдан былай City Transportation Systems деп аталады. Ағылшын тіліндегі атауды қоюдың се­бебі – компания халықаралық UITP ұйымының (Халықаралық қоғамдық кө­лік одағы) мүшесі. Компания логоти­пінде қоғамдық көлік бейнесі бейне­ленген, әріптер жолмен байланысты­рылған. Жасыл түс тұрақты қозғалысты және алға қойған мақсатқа жетуді білдіреді. Бұл өзгеріс LRT жобасы айнала­сындағы дауды басу үшін жасалды деп болжағандар да жоқ емес. Компания басшысы бұл пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, компания құрылған уақыттан бастап (2011 ж.) жұмыс форматын түбегейлі өзгертті – қызметі кеңейді. Бүгінгі таңда «Астана LRT» интеллектуалдық көлік жүйесін, көлік тұрағы кеңістігін, жолақы төлеудің электронды жүйесін, қоғамдық көлікті диспетчерлендіру жүйесін енгізу, да­мыту және басқарумен айналысады. Сонымен қатар жол қозғалысын ұйым­дастырады, көлік ағынын модельдейді, қоғамдық көліктегі тәртіп бұзушы­лық­тарды анықтайды, көлік маман­дарын оқытады, инвестицияларды тартады және смарт-технологияларды енгізеді. – Сондықтан «Астана LRT» атауы оның барлық қызметін толық көлемде қамти алмайды. Сол себепті қала бас­шы­лығы компания атауын өзгертіп, реб­рендинг жасау туралы шешім қа­былдады. Біз барлық ұйыммен жұмыс істеуге ашықпыз және дайынбыз, – дейді ол. Алайда БАҚ өкілдеріне ашық бола алмады. Мысалы, ребрендинг үшін қан­ша қаржы жұмсалғаны туралы сұрақтың нақты жауабы берілмеді. Тек бюджеттен ақша алмайтынын қайталаумен болды. – Ребрендинг шығын келтіріп ­жат­қан жоқ. Бұл – компания үшін қа­жет. Мысалы, компанияның жаңа ло­готипін дайындауға бар-жоғы 100 мың теңге кетті, – дейді. Жан-жақтан жа­мырай сұраса да, журналистер компания логотипін кім жасағанын біле алмай кетті. Біресе компаниядағы жастар, біресе студенттер деді, бірақ нақты фамилия аталмады. Қысқасы, компания авторы жоқ логотиппен жаңа өмір бастап жіберді.  

Балаларға базарлық

City Transportation Systems компа­ниясының астаналықтар үшін жасаған игі ісін де айту – парыз. 2020 жылғы 28 наурыздан бастап елордада 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер үшін қоғамдық көлікте жүру тегін болады. Шеткері аймақтарда тұратын балалар да тегін қатынай алады. Бір ескерер жайт, балаларға аттары жазылған көлік карталарын сатып алу керек, ал көлік картасы барларына картаны ауысты­рудың не жаңасын сатып алудың қажеті жоқ. Автобуста көлік картасының вали­дациясы (тегін жол жүретін тұрғындар үшін де) міндетті, себебі сол деректер негізінде қоғамдық көлік маршруттары жасалады. Айта кетейік, бұған дейін 7 жастан 15 жасқа дейінгі жолаушы­лар үшін қоғамдық көлікте жол жүру құны – 40 теңге, ал 15 жастан асқан тұрғындар үшін 90 теңге болатын. Бұл қала тұрғындары үшін сүйінші хабар болғанымен, тасымалдаушылар үшін аса жағымды дей алмаймыз. Себебі бұл жеңілдік енгізілген соң тасымал­дау­шы компаниялар ай сайын 30 миллион теңгеден қағылады. Ал компания бас­шысы тасымалдаушылармен келіссөз жүргізілгенін айтады. – Бұл бір күнде шешіле салған жоқ. Бүгінгі таңда біздің жүйе арқылы 130 мың оқушы өтеді, бұл біздің тасымал­даушылар үшін айына 30 млн теңгеден шығын болады. Олардың шығыны әзірге субсидияланып жатқан жоқ, ал­дағы уақытта мәслихатпен, әкімдікпен сөйлесіп, тасымалдаушылар шығынын өтеу үшін бюджеттің қандай мүмкіндігі барын зерделейміз, – дейді ол.  

Түйін: Ребрендинг жасаған жөн, жаңашылдық керек. Бірақ жаңашыл­дықтың бәрі орыс тілінде жасалсын деген ереже жоқ. Компанияның жап-жақсы жобалары мен жаңалықтарын танысты­руға арналған конференция бастан-аяқ орыс тілінде өтті. Соңғы технологияның түр-түрін енгізіп жатырмыз деген ком­пания қазақ тілінде сөйлейтін спикер таба алмаса да, синхронды аударманы қамтамасыз етуі тиіс еді. Ал БАҚ өкілдері қойған сұрақтың жауабын баяндама соңында беремін деп бас тартуы да әдепке жата қоймайды. «Іскерлік хаттаманы сақтайық, бүгін біз сіздерді бағдарла­мамызбен таныстыру үшін арнайы ша­қырдық, мен қазір ештеңе айтпаймын, баяндамамда айтамын, содан кейін ғана сұхбат беремін. Бәріңізді түсінемін, бір-бірімізді сыйлайық. Бағдарлама бар, белгіленген уақыт бар... біз ұсынған хаттаманы қабылдауды сұраймын», – дегені компания басшының өзіне қалай екенін білмедік, бізге ерсі көрінді...

   width=Халима БҰҚАРҚЫЗЫ