Зейнеткерлердің базалық зейнетақысы қашан өседі – министр жауабы
Зейнеткерлердің базалық зейнетақысы қашан өседі – министр жауабы
1,214
оқылды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Әлеуметтік кодекс жобасында көзделген зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер туралы айтты, – деп хабарлайды Azattyq Ruhy. Депутаттарға Әлеуметтік кодекстің жобасын таныстырған ведомство басшысы алдағы 5 жылда қолданыстағы зейнеткерлердің базалық зейнетақысы өсетінін мәлімдеді.
«Еңбек зейнетақысының мөлшерін есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшері 46 АЕК-тен 55 АЕК-ке дейін немесе орташа жалақының 70%-ына дейін ұлғайтылады. Ал болашақ зейнеткерлер үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер тарапынан қосымша зейнетақы жарналары енгізілетін болады», деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Бұдан бөлек, Кодекс жобасына өз активтерін басқару бойынша салымшылардың құқығын кеңейтуге қатысты өзгерістер енгізіледі. Енді азаматтар белгіленген жеткіліктілік шегінен асқан зейнетақы жинақтарын тек емделуге және тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады.
«Салымшыларға зейнетақы жинақтарының 50 пайыздан аспайтын бөлігін активтерді басқару компаниясына беру және мұндай компанияны өздері таңдау құқығы беріледі. Бұл ретте, мемлекет зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдікті жинақтың Ұлттық банк басқаратын бөлігіне ғана беретінін атап өткен жөн», деді Дүйсенова.
Айта кетсек, бүгін ҚР Парламенті Сенатының депутаттары палатаның пленарлық отырысында Әлеуметтік кодекстің жобасын бірінші оқылымда қарастырып, қабылдады.