Батура Мамедованы өлтіргендер судьяның қатесін тауып, істі кері қайтарды, – деп хабарлайды КТК арнасы. Телеарнаның жазуынша, соттағы салғырттықтың кесірінен аяқталған процесті қайта бастауға тура келіп отыр. Алматыда асқан қатігездікпен өлтірілген Батура Мамедованың ісіне қатысты сот қайта басталды. Атышулы іс бойынша былтыр үкім шығып, ерлі-зайыптылар ұзақ мерзім арқалаған еді. Бірақ сотталғандар судьяның жіберген қателігін тауып, істі кері қайтартты. Сот мәжілісінде жәбірленуші жақ «біз қазақша түсінбейміз» деп айтқандықтан, осы істі қараған судья орысша жүргізген. Бірақ, сотталушыларға аудармашы қатыстырылған. Енді «істің тілі бұзылды» деп отыр. Іс әуел баста қазақша қаралуы тиіс болған. Алайда жәбірленушілер қазақ тілін түсінбейтін болғандықтан, процесс басынан аяғына дейін орыс тілінде өткен. Үкім шығып қойған соң, сотталушылар құқығының бұзылғанын айтыпты. Оны дәлелдеп шықты. Себебі, орысша түсінбейтінін басында ескерткен екен. Яғни, судья сотталғандардың құқығына атүсті қараған боп шықты. Енді осы салғырттықтың кесірінен үш айға созылып, былтыр қарашада үкім шыққан іс қайта қарала бастады. Осы уақыт аралығында 11 рет сот отырысы өткен. Енді оның бәрі зая кетті. Бәрінен бұрын асқан жауыздықпен өлтірілген Батура Мамедованың туыстарына қиын болды. Себебі, қартайған ата-анасы мен бала-шағасы қайтадан сотқа қатысып, әйелдің қалай өлтірілгенін басынан бастап тыңдауға мәжбүр. Еске сала кетейік, қанды оқида былтыр маусымда болған. Кешқұрым жұмысынан шыққан косметолог келіншекті такси жүргізушісі мен әйелі пышақтап, мәйітін ауыл шетіне көміп кеткен еді. Ал ерлі-зайыптылар 16, 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген болатын.