Жаһанды бағындырып, елді өнерімен тамсандырған әнші әрі суретші алматылық қыз бүгінде шетел асып, Голливудта жұмыс істеп, музыка әлемінде жұлдызға айналған. Ол Warner Music секілді батыстың ірі компанияларының лейблдеріне тректері енген алғашқы қазақстандық. Есімі – Дениз Рахманова. Бірақ елге Deniz Reno псевдонимімен белгілі. Оның әндері бүкіл әлемде ойнатылып жүр. Басты жетістігінің бірі – диджей әрі продюсер Антон Ишутинмен бірлесіп жасаған Wicked Game трекі. 2015 жылы композиция бүкіл әлемдегі клубтарда ойнатылып, YouTube-та 13 миллионнан астам қаралым жинаған. Мұндай жетістікке жетудің сырын әнші былай деп түсіндіреді: «Менің қолымнан келген дүние – өзге қазақстандықтың да қолынан келеді».
«Ет жемесем тұра алмаймын»
– Дениз, шетелде жерлестеріңізді, яғни қазақстандықтарды жиі кездестіресіз бе? – Канадада не болмаса АҚШ-та жерлестерімді көп кездестіре бермеймін. Қазір көбіне Балидамын, тіпті сол жақта тұрамын деуге келеді. Міне, сол жақта жерлестерімді жиі кездестіремін. Жақында ғана Динара, Айгүл деген астаналық екі қызбен таныстым. Тез тіл табысып кеттік. Айгүлмен Балидің солтүстігіндегі жанартауға шықтық. – Қазақстан жайында естігенде, ең алдымен ойыңызға не келеді? Қазақстанды немен байланыстырасыз? – Еліміз – табиғатқа өте бай мекен. Балалығым Алматыда өткендіктен, ойыма бірден Алатаудың асқар биігі оралады. Сол тауларды жанымнан артық жақсы көремін. Екіншіден, тағамы. Әсіресе, ет. Бес жылдай ет жемей вегетариандықты ұстандым. Бірақ ұзаққа бармадым, қан жібермеді. Кішкентайымыздан ет жеп өстік. Әсіресе, әкемнің саяжайда дайындаған кәуабының дәмі тіл үйіретіндей еді. Бір күні шыдамым таусылып, кәуапты бір жұма бойы жегенім бар. Оған қоса, дәрігердің өзі ет жеу керегін айтты. Сол себепті кәуап, бешбармақ, самса, палау, манты, лағманнан бас тартпаймын. Бауырсақты да жақсы көремін. Бірақ көп жесең, өзің бауырсаққа айналуың хақ. Түсінгенім, қазы мен құрт менікі емес. Үшіншіден, тарихта қазақ – көшпелі халық. Өз қиялымда ақ боз атқа мініп, қолында бүркіті бар қазақ жігітінің кең-байтақ жерде шауып келе жатқанын елестетемін. Қазақстанның халқы өте қонақжай, рухы мықты және отбасы құндылығын қадірлей біледі. Бірде анамның «сен – күрескерсің, бойыңда ортаазиялықтың рухы бар, діттеген мақсатыңа жетпей қоймайсың» деген бірауыз сөзі мені үлкен ойға салды. Шынында да, рухымның мықтылығының арқасында мойымадым, сынбадым, қиындықты еңсере білдім. Осыны мақтан етемін! – Қазақша білесіз бе? Қандай сөздер есіңізде? – «Сәлеметсіз бе», «жаным», «мен тағы да демалуға барамын» деген сөздерді білемін. Қала ішін аралап жүргенде дүкен, қаймақ, балалар деген ауызекі сөздерді жақсы түсінемін.Даяшыдан басталған қадам
– Өнерге келмес бұрын, кофейныйда ыдыс жуып, кафеде аспаздың көмекшісі, бутикта киім сатушысы, сұлулық салонының ресепшінде жұмыс істедіңіз. Алғаш тапқан табысыңыз қанша еді? – Кіп-кішкентай қыз ешкімге дес бермей, тынымсыз жұмыс істеп, әрбір тиынды маңдай терімен тапты. Ол үшін қысылып-қымтырылудың қажеті жоқ, керісінше мақтан ету керек. Мысалы, көпшілігі еден жуатын, даяшы мен сатушылардың білімі жоқ, қоғамның түкке тұрғысыз бөлшегі деп көреді. Тіпті, кейбірі оларды адам санатына жатқызбайды. Мұндайды да басымнан өткергенмін. Клиентке сөз қайтармай, жымиып қойып, сөз де естідік. Одан сынғаным жоқ, қадірімді де түсірмедім. Олардың бәрі бірдей білімсіз, тексіз деу дұрыс емес. Ақшадан қиналып, жұмыс істегенім рас. Ешкімді алдап, арбағаным жоқ. Көзі ашық, оқыған-тоқыған жанмын. Бірақ онда тұрған не бар? Алдымызда бізді не күтіп тұрғанын білмейміз ғой. Бүгін шалқып, үлде мен бүлдеге оранып жүргендер ертеңгі күні көк тиынсыз қалуы мүмкін. Не болмаса түгі жоқ адам келешекте бір компанияның басшысы болуы ықтимал. Сол себепті де жүрген жерімде әрдайым жүргізуші, даяшы, аула сыпырушы болсын, кішіпейілділік танытамын. Олардың жұмысы қаншалықты қиын екенін жақсы білемін, құрметім де зор. Жалпы, еңбегімен жетістікке жеткен жандарды құрметтеймін. Алғашқы табысымды 4 жасымда Алматыдағы Қастеев атындағы мұражайда саздан жасалған кішкентай тауықтардың мүсінін сатып таптым. Сізге оғаш көрінер, бірақ сол ақша әлі күнге дейін менде сақтаулы.Елін аңсаған әнші қыз
– Ал киноға қалай келдіңіз? Костюмердің ассистенті, суретші, мүсінші бәрін алып жүру қиын емес пе? Өзіңізге қайсысы жақын? Суретшілік пе, әншілік пе? – Осы сұрақтың шешімін табу өзіме де қиын түсіп отыр. Жаныма екеуі де жақын. Суретшілікті де, әншілікті де бірінен-бірін бөліп қарай алмаймын. Киноиндустрияның артықшылығы – келісімшартпен жұмыс істеу. Уақыт аралығын өзің таңдай аласың. Сонымен бірге кинода табыс тұрақты әрі жақсы төленеді. Уақытында оның да көп көмегі тиді. Бірақ оның жұмысы өте ауыр, қатты шаршатады. Енді актриса ретінде ғана шақырса баруым мүмкін. Сондықтан киносуретші ретінде 13 жылымды бердім, аларымды алдым.