Ақтөбе облысында 162 мектеп заманауи стандарттарға сай жаңартылады

Ақтөбе облысында 162 мектеп заманауи стандарттарға сай жаңартылады

«АМАNАТ» партиясынан Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаттығына үміткерлер Ерлан Сұлтангереев, Айгүл Нұркеева Нокин ауылының тұрғындарымен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасын түсіндірді. Кездесу барысында тұрғындар жол салу, балабақшалар мен мектептерде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, елді мекендерге жағдай жасау, т.б. мәселелерді көтерді. Үміткерлер «АМАNАТ» партиясы кадр тапшылығы мен мамандарды даярлау сапасы, балабақшалардың, мектептердің, алғашқы медициналық- санитарлық көмек ұйымдарының, спорт және мәдениет нысандарының қолжетімділігі, оларды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелерін шешетінін алға тартты. Айгүл Нұркееваның айтуынша, бүгінде облыста 418 жалпы білім беретін мектеп, 577 мектепке дейінгі мекеме, 49 қосымша білім беру ұйымы бар. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 100 пайыз, 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды тәрбиемен қамту 92,6 пайызды құрап отыр. Қазіргі таңда балабақша кезегінде 2 жастан 6 жасқа дейінгі 4,1 мың бала тұр. Облыста 17,8 мың балаға оқу орындарының тапшылығы мәселесі бар. Сондай-ақ өңірде 6 үш ауысымды және 6 апатты мектеп бар. — Біздің міндетіміз – облыстағы барлық балалардың білім алуға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Білім беру ұйымдарында оқушыларға қолайлы жағдай жасалуы керек. Сондықтан партия тарапынан алдағы 5 жылда орын тапшылығын қысқарту және үш ауысымды және апатты мектептерді жою үшін 21,7 мың орындық 40 жаңа мектеп салынуына қол жеткізіледі. Одан бөлек, кем дегенде 50 білім беру нысанын күрделі жөндеуден өткізу мәселесі де шешіледі. Шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда кем дегенде 162 мектеп заманауи стандарттарға сай жаңартылып, химия, биология, физика, STEM, робототехникаға арналған 270 кабинет жабдықталады, — деді ол. Үміткер өз сөзінде  бұл қабылданған шаралар алдағы 5 жыл ішінде облыстағы қолданыстағы апатты және үш ауысымды мектептерді толығымен жоюға, оқушылар орнының тапшылығын азайтуға, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100 пайыз қамтуға мүмкіндік беретінін жеткізді. Үміткер Ерлан Сұлтангереев медицина саласында жасалынатын жұмыстарға тоқталып өтті. Оның айтуынша, «АМАNАТ» партиясы әрбір ақтөбелік кәсіби медициналық көмекті дер кезінде алуы керек. Сол үшін бұл салада облыста тұрғындарға барлық жағдай жасалмақ. — Облысымызда алдағы жылдары кем дегенде 35 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өтіп, бюджеттен кем дегенде 400 бірлік медициналық жабдықты, сондай-ақ жедел жәрдем машиналарын сатып алуға қаражат қарастырылады. 42 денсаулық сақтау нысаны салынып, жас мамандар жұмыспен қамтылады. Бұл ретте Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің түлектері дәрігерлер жетіспейтін ауылдарға жіберілетін болады. Олар мемлекет тарапынан әлеуметтік пакетті кеңейту, яғни,  баспана, балабақшамен қамту және көтерме ақы төлеу арқылы жұмысқа орналастырылады. Бұдан бөлек, облыста кемінде 12 дәрігер жыл сайын біліктілігін арттыратын болады, — деді Ерлан Сұлтангереев. Кездесу соңында үміткерлер жиналғандарды бірауыздан «АМАNАТ» партиясына және оның үміткерлеріне дауыс беруге шақырды.  

Ақтөбе облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында

партиялық тізімді ұсынған «АМАNАТ» партиясы сайлау

қорының қаражатынан төленді.