Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар бірқатар заңды қарап, қабылдады. Алдымен, депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры шеңберінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарады. Сенат депутаттары заң жобасындағы жаңа нормаларды концептуалды тұрғыдан қолдай отырып, оған бірқатар түзету енгізуді ұсынды. Соның нәтижесінде құжатқа ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланбаудың немесе тиімсіз пайдаланудың алдын алуды күшейтуге арналған 78 өзгеріс пен толықтыру енгізілді. Отырыс барысында «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне процестік заңнаманы жетілдіру және сот жүйесін реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралды. Палата Төрағасы атап өткендей, бұл заң жобалары сот жүйесін және сот ісін жүргізу тәртібін одан әрі жетілдіру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін бір топ Парламент депутатының бастамашы болуымен әзірленген.
«Мемлекет басшысы еліміздің сот және құқық қорғау жүйелерін жетілдіруге қатысты бірқатар маңызды міндетті айқындап берді. Бүгін қабылданған заңдар – соңғы жылдары осы бағытта жүйелі түрде іске асырылып жатқан нақты шаралардың жалғасы. Бұл заңдардың мақсаты – азаматтардың әділ, тәуелсіз және кәсіби сотқа қол жеткізуін қамтамасыз ету. Сол үшін осы құжаттар арқылы судьялардың тәуелсіздігін нығайту және сот ісін жүргізу тәртібі жетілдіріледі. Алдағы уақытта заңдар қоғамның, азаматтар мен бизнестің қажеттіліктеріне сай сот жүйесін қалыптастыруға өз үлесін қосады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.Сондай-ақ Сенат отырысында депутаттар Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің жобасын және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер енгізу туралы», «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексіне өзгерістер енгізу туралы» үш заң жобасын бірінші оқылымда қарады. Бұл заң жобаларының нормалары осы саладағы мемлекеттік саясатты жүйелі түрде реформалауға арналған. Атап айтқанда, Кодекс жобасында әлеуметтік қорғау шаралары жағдайлар мен әлеуметтік тәуекелдерді ескере отырып баяндалған. Жалпы, Әлеуметтік кодексті қабылдау арқылы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту, әлеуметтік қорғауды нығайту, сондай-ақ олардың өмір сүруіне және қоғамнан өз орнын табуына тең мүмкіндіктер жасау сияқты нақты басымдықтар көзделіп отыр.