Түркістан қаласынан 200 шақырым қашықтықта мұнай таптық – Вице-министр
Түркістан қаласынан 200 шақырым қашықтықта мұнай таптық – Вице-министр
255
оқылды
Жуырда Үкіметтің кезекті оты­рысында Экология, геология және таби­ғи ресурстар министрі Мазғұм Мырзағалиев 2021-2025 жылдарға арнал­ған геологиялық барлау бағдарламасының тұжы­рым­дамасын та­ныс­тырған еді. Министрлік бұл мақсат үшін жұмсалатын қаржы көлемін 1 трлн теңгеге бағалаған. Ал қо­­­ғам­­­да «мұншама соманы ге­о­ло­­гия­­­ға бөлмек пе?» деген­дер де та­­­был­­­ды. Шамасы біз жал­пы со­маға ғана назар ауда­рып, са­ла­ның қыр-сырына үңілме­генге ұқсаймыз. Дегенмен әзір­леніп жатқан бағдарламаның ерек­­шеліктері мен елге берері қан­дай боларын білу үшін Эколо­гия, геология және та­биғи ресурс­тар вице-министрі Санжар Жар­ке­шовке жолығып, сұхбаттасқан едік. – Санжар Серікбайұлы, 2021-2025 жылдарға арналған геоло­гия­лық барлау мемлекеттік бағдар­ламасы әзір­леніп жатқанын білеміз. Бұл бағ­дар­лама салаға қандай өзгеріс әкеледі? – Негізі бағдарламаның басты мақ­­саты еліміздің минералдық-ши­кі­заттық базасын толықтыру, жаңа­дан кен орындарын ашу. Қазіргі уақытта ми­нерал­дық-шикізат база­сы елі­міздің эко­но­микасының ал­дың­ғы қа­тарлы салаларының бірі деп ойлаймыз. Жаңадан құрылған Экология, геология және табиғи ре­сурс­тар министрлігі қазір Мемлекет бас­шысынан да, Үкіметтен де үлкен қол­дау көріп отыр. Ал мемлекеттік бағдар­лама осы саланы жаңғырту үшін жа­салып жатқан іс-әрекет. Сондықтан мен мұны позитивті, жақсы жаңалық деп санаймын. Сіз айтып отырған мем­лекеттік бағ­дарламаның алдына нақты жеті мақсат қойылған. Бірінші мақсат Қазақстан аумағының геоло­гия­лық зерттеу дәрежесін арттыру. Өйт­кені еліміздің барлық аумағы то­лық­­тай зерттеліп бітпеген. Қа­зіргі за­ман­да геоло­гиялық барлау жұмыста­рының жаңа әдіс­терін пайдаланып, жер қойнауының терең қабаттарын зерт­теу қажеттігі туындап отыр. Сон­дық­тан Қа­зақ­стан аумағын толықтай жаңадан зерттеуіміз қажет. Екінші мақсат – минерал­дық-шикізат базасын толықтыру. Бұл жаңа кен орындарын ашуды және жеке инвесторларға жұмыс іс­теуге жағдай жасауды көздейді. Мем­лекет түрлі жеңілдіктер жа­сап, жаңа заң қабылдап, пре­ферен­ция­лар берсе, геологиялық зерттеулер нәтижесінде инвес­торлар жаңа кен орындарды аша­ды деген ойдамыз. Яғни, мем­лекет пен жеке компа­ниялардың бірлесіп жұмыс істеуі маңызды. Үшіншіден, саланы ғы­лыми зерт­теумен қамтамасыз етуді көз­дей­міз. Геологиялық барлау ең алды­мен ғылым болғандықтан, бұл ғы­лымды жаңғыртуымыз қажет, себебі ғылымның көмегінсіз еш­қандай нәтиже шықпайды. Қа­зір ғылымға жаңа серпіліс қажет. – Салаға жеке компанияларды тартса ше? – Жеке компаниялар ғылым­ды қарқынды дамыта ал­майды, сондықтан ғылымға мемлекеттің қаржысы құйылуы керек. Елі­мізде Қазақ геология­сының қара ша­ңырағы Қ.Сәтбаев атындағы Гео­логиялық ғылымдар инс­ти­туты бар. Сол институтта геоло­гиялық зерттеу жұмыстары жа­салады. Ал оқу орындарына тоқ­тала кетсек, Семей геология­лық барлау кол­леджі, Nazarbayev University, Аты­рау мұнай-газ инс­титуты, Қа­рағанды мемле­кеттік техникалық университеті геолог мамандарын даярлайды. Олар даярлайтын мамандарды ғылымға тарту үшін мемлекет тарапынан геология ғылымын қаржыландырып, ғы­лымды ком­мерциялизацияға ба­ғыттап, геологияның мәртебесін арт­тырған жөн. Төртіншіден, са­­ланы ақпараттандыру және цифр­ландыру қажет. Бесінші­ден – саланың инфрақұрылымын да­мыту. Геология саласының ин­фра­құрылымы дегенде ғылым мен өндіріске тікелей қатысы бар зертханалар мен жынысөзек қой­маларын айтқанымыз. Алтын­шысы – кадр мәселесін шешу. Геология саласында қар­жы­лан­дыру жетіспегендіктен бе, соңғы 20-30 жылда жаңадан кен орын­дары ашылмағандықтан ба, кадр­лар азайып кетті. Маман­дардың бірқатары өндіріске, мұнай-газ саласына кетіп қалды. Зертха­на­ларда, геология ғы­лы­мын­да кадр­лар азайды. Сон­дық­тан біз универ­ситеттермен, ғы­лы­ми зерттеу институттарымен тізе қоса отырып жаңа кадрлар дайын­дауды мақсат етеміз. «Бо­лашақ» бағдарла­ма­сымен оқып келген геологтарға, Nazarbayev University-дегі геология факуль­теті даярлаған мамандарға кәсіби бағдар беріп, қарқынды жұмыс істеуге тура келіп тұр. Жетінші­­ден – жаңа бағдарламаның муль­типликативті әсері нәти­же­сінде азаматтарды жұмыспен қамтуға ықпал етуді көздейміз. Бағдар­ла­маның ұзақ мерзімге бағытталға­нын, бір күндік шаруа емес екенін ескерсек, мультип­ликативті әсері өте зор. – Бағдарлама тұжырым­дама­сында салаға тартылатын 1 трлн теңгенің 800 миллиардын инвес­торлардан тарту көзделіпті. Бұл мүмкін бе? Ақшасын әзірлеп отыр­ған инвестор көп пе сонда? – Үкімет отырысында бұл мә­селе айтылған еді. Бірақ қоғамда түсініспеушілік туындаған сияқ­ты. Министрдің өзі айтқандай, 1 трлн деген жалпы сома. Оның 200 мил­лиардын мем­лекет шы­ғарса, 800 млрд тең­гесі инвес­тиция ретінде жеке ком­паниялар құятын қаржы­дан құра­лады. Ол мемле­кеттің ақша­сы емес. Егер инвес­тициялық тер­мин­мен айтсақ, «1 тең­ге 4 тең­геге дейін жеке инвестиция тар­тады» деген сөз. Біз бұл деректерді ауадан алған жоқпыз. Статис­ти­каны қа­радық, зерттеп-зерде­ледік. Соңғы он-он бес жылдың статис­тикасын қа­расақ, кей жылдары бір тең­генің салаға 6-7 теңгеге дейін қаржы әкел­гені бай­қалады. Мем­лекет кө­бірек қаржы құйғанда, инвес­тиция да мол келген. Аз қаржы бөлгенде, ин­вестиция да төмен болған. Сондықтан орта тұсын алдық. Ал 800 млрд қайдан шықты дейтін болсақ, лицензия алған компа­ниялардың Геология коми­т­етіне тапсырған жобалық құжат­тардан мәлім болды. Сол кезде компа­ниялар лицензия бойынша ал­ғашқы жылы, келесі жылы, одан кейінгі жылдарда қанша қаражат құюды жоспар­лағаны жайлы комитетке есеп тапсырады. Ал Геология комитеті мен Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігі жер қойнауын пай­далану­шы­лардың келісім­шарт­тағы міндет­терді орындауын бақылап оты­рады. Осы бақылау мен жобалық құжаттарды сарап­тай келе және де мемлекеттік бағ­дарлама нә­тижесінде берілер жаңа лицен­зияларды санасақ, салаға кемінен 800 млрд теңге құйылады деген болжам шықты. Мәселен, «Қаз­мұнайгаз» ұлттық компа­ниясы аз зерттелген және ішінара игерілген мұнай бассейн­деріне барлау жүргізу үшін қаражат құюға да­йын екенін білдірді. Қарағанды облысында жұмыс істеп жатқан Rio Tinto трансұлттық компа­ния­сы гео­логиялық барлауға арнал­ған қаржысын биыл кө­бейт­пек. «Қа­зақмыс», «Қазцинк» тағы бас­қа компаниялар да даяр отыр. Неміс және австралиялық ком­паниялар да жаңа лицензия алып, қаржы құюға дайындалып жатыр.    width= – Әдетте геологиялық зерттеу мен пайдалы қазбаларды барлауға, өндіруге жеке-жеке лицензия бе­рі­ле­тінін білеміз. Айырмашылық неде? – Негізі бұл өте көп кездесетін сұрақ. Біздің салада болып жатқан өзгерістерге байланысты пайда болған сыңайлы. 2018 жылдан бастап кү­шіне енген «Жер қойна­уы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс бар. Сол құжатта түрлі ұғымдар кездеседі. Солар­дың қатарына геологиялық зерт­теу және барлау ұғымдары кіреді. Ал 2019 жылдың жазында біздің Министрлік құрылысымен, бір­қатар министрліктердің арасында функцияларды бөлісу процесі жүрді. Сөйтіп Экология, геология және табиғи ресурстар минис­тр­лі­гінің құзырына геологиялық зерт­теу лицензиясын беру функ­циясы тиесілі болды. Ал геоло­гиялық барлау бойынша лицен­зияны қатты пайдалы қазбалар жөнінде Индустрия және инфра­құ­рылым­дық даму министрлігі берсе, мұнай-газ жөнінде Энер­ге­тика министрлігі береді. Енді геоло­гиялық зерттеу мен барлау­дың айырмашылығына келсек, зерт­теу үлкен аумаққа бағытталған ауқым­ды шаруа. Геологиялық зерттеу дегеніңіздің өзі төрт са­тыдан құ­ралады. Біріншісі – ау­мақтық жұмыс. Екіншісі – іздеу жұмыс­тары. Үшіншісі – іздеу және баға­лау жұмыстары. Төр­тіншісі – геологиялық барлаудың өзі. Бұл дегеніңіз – нақты жұмыс, яғни бұрғылау, қазу жұмыстары. Жалпы алғанда, зерттеу мен бар­лауды ажырату оңай. Ал гео­ло­гиялық зерттеу лицензиясы әлгі айтқан алғашқы үш саты үшін бе­ріледі. Мұнда жерді қашықтық­тан зондтау, геофизикалық жұ­мыстар, архив деректерін талдау немесе аумақтық жұмыстарды, бір сөзбен айтқанда жердің үс­тіңгі, астыңғы қабаттарына тиіспей жасала­тын шаруаларды мемлекеттік геология­лық зерттеу деп атайды. Ал геоло­гиялық барлау деген төртінші са­ты­сына жер қыр­тыс­тарынан алын­ған үлгілерді таңдау, кен орын­да­рын табу үшін нақты қазу-бұрғылау жұмыстарын жүр­гізу кіреді. Негізі геологиялық зерттеудің тәуекелі көп болады. Өйткені онда кен табу мүмкіндігі шамамен 10-15 пайыз (мұнай-газ сала­сында) құрса, ал қатты пайдалы қазбалар саласында 1 пайыздай ғана. Сон­дықтан «оған бүгін ақша салдық, енді нәтиже қайда?» деп сұрау қисынсыз. Геологтарға «сен­дерге бөлген ақша босқа кетті» деу де орынсыз. Біз мұндай әңгімелер туындамас үшін бұқа­раға мәселені түсіндіргіміз келеді. Саламыздағы ең қымбаты – опе­рациялар, барлау жұмыстары. Сол инвести­цияның тәуекелін азайту үшін алғашқы үш саты жақ­сылап жаса­луы керек. Ол қымбат емес. Бұл іс мемлекет та­рапынан істелмесе, инвестор­лар­дың келуі екіталай. Мемлекеттік бағдарлама жоба­сында айтылған 200 млрд теңге қаржы салудың басым бөлігі не­гізінен осы үш сатыға бағытталған. Ол геология­лық зерттеу жұмыс­тары. Ал бар­лау жұмыстарын жер қойнауын пайда­ланушылар, яғни жеке ком­па­ниялар істейді. Кез келген инвес­тор келгенде «Мен геоло­гия­лық барлауға ақша құй­ғым келеді, бірақ онда тәуекел бар. Осы тәуекелді азайту үшін мем­лекет не істейді?» деген сауал туын­дайды. Сол кезде мемлекет «біз сіздер үшін алғашқы үш са­тыны жасап қойдық. Сіздің мына жерге емес, мына тұсқа барып бар­лау жасағаныңыз дұрыс» дей алады. Мұның өзі инвесторға үл­кен көмек. Өйткені олардың көз­деген жерлерінің болашағы бар ма, жоқ па соны алдын ала анық­тап береді. Сөйтіп олардың кен табу мүмкіндігін едәуір артты­рады. Әдетте геологиялық зерт­теуді жеке компаниялар өте сирек жасайды. Өйткені олар зерттеу жасап, тәуір кен орнын тапқа­ны­ның өзінде геологиялық барлау құқы оларға бірден берілмейді. Сондықтан біздің министрлік бе­­ретін лицен­зияны жеке компа­ниялар алмайды. Зерттеуді өзіміз жасаймыз. Бар­лауды жеке компа­ниялар жасайды. Ал ол лицен­зия­ны беру басқа министрліктің құзырында. – Қазір салада қанша маман жұмыс істеп жүр? Бірқатар ақ­парат көздері тәуелсіздік жыл­дарында геологтар саны он мыңнан бір мыңға дейін қысқарып кеткенін жазып еді... – Негізі мемлекеттік геоло­гиялық зерттеу жұмыстарында ша­мамен мың маман жұмыс істеп жүр. Ал геологиялық барлау са­ласында шамамен 190 мың адам жұмыс істеуде. Олар барлаумен ай­налысатын жеке компаниялар­дың қызметкерлері. Біздің ми­нистрлік «Жас геолог» корпора­тивтік қорымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Аталған қор жастарға геология саласы бойынша кәсіби бағдар беруді көздейді. Өңірлерде 60-тан астам «Жас геолог» үйірмелері ашылған. Біз осы жобаға қаржы құйғымыз келеді. Өйткені бүгін жас буынды салаға қызықтыра білсек, ертең олар ел игілігіне қызмет ететін білікті маман болып шығады. Жалпы, бағдарлама арқылы біз оқу орындарымен байланысты арттыруды көздейміз.

Былтыр Түркістан қа­­ла­сынан 200 шақырым жерде, Қаратаудың бөктерінен бокситке бар­лау жасап жүргенде күтпеген жерден мұнай белгілері табылды. Шымкент, Түркістан тө­ңірегінде бұ­рын-соңды мұнай кездеспеген еді. Бірақ «бір жоқ­ты бір жоқ табады» демекші, қатты пайдалы қазбаларға барлау жасап жүріп мұнай таптық.

  – Әдетте геологиялық барлау жұмыстары көбіне көмірсутегі қорларын іздеуге бағытталғандай көрінеді. Мұнай мен газ саласы. Қателескен жоқпын ба? – Қателесесіз. Әрине, мұнай-газ саласы көбіне елдің аузында жүреді ғой. Оның үстіне геоло­гиялық барлауда мұнай саласын­дағы қаржы өзге кендерге қара­ғанда 10-20 есе көп. Ол – қалыпты дүние. Шетелде де сондай. Өзге елдерде жұмыс істеп көрген ма­ман ретінде айтайын, мұнайдың бір ұңғымасын бұрғылау үшін 100 млн доллар кетуі де мүмкін, ондай ұң­ғыны өз басым Ресейдің Сахалин аралында бұрғыладым. Ал біздің қатты пайдалы қаз­ба­ларды алу үшін бір ұңғыны бұр­ғылауға 100 мың доллар немесе одан да аз кетуі ықтимал. Яғни, екі саланың шы­ғын­дану деңгейі әртүрлі. Ал қаржы көп жер, сөз жоқ, елдің аузында жүреді. Алай­да, бұл Қазақстанда мұнай саласы қатты дамып, қатты пайдалы қаз­балардың геологиялық барла­уы кенже қалды дегенді біл­дір­мейді. Қатты пайдалы қазбалар­ды барлау өзінше дамып жатыр, бірақ біз оны одан әрі күшейтіп, жандандыра түскіміз келеді. Елімізде алтын, мыс, полиметалл және өзге де пайдалы қазбаларды анықтау үшін көптеген зерттеу, барлау жұмыстары жүріп жатыр. Одан бөлек геологиялық барлау бағдарламасында халықты са­палы ауызсумен қамтамасыз ету мәселе­сі де қарастырылған. Өйткені жерасты суларының көзін табу геологтардың міндеті. Демек, біз айтып отырған бағ­дарлама кешенді құжат. Онда мұнай-газ, қатты пай­далы қаз­балар, жерасты суларын барлау мәселесі қарастырылған. Бұлар­дың барлығы стратегиялық ба­ғыттар. Атқарылып жатқан жұ­мыстарда жағымды жаңалықтар да аз емес. Былтыр Түркістан қа­­ла­сынан 200 шақырым жерде, Қаратаудың бөктерінен бокситке барлау жасап жүргенде күтпеген жерден мұнай белгілері табылды. Шымкент, Түркістан төңірегінде бұрын-соңды мұнай кездеспеген еді. Бірақ «бір жоқты бір жоқ табады» демекші, қатты пайдалы қазбаларға барлау жасап жүріп мұнай таптық. – 2017 жылы қабылданған «Жер қойнауы және жер қойна­уын пайдалану туралы» Кодекске «кен іздеушілер» деген ұғым енгізілген. Кен іздеушілер геология саласы үшін пайда әкеле ме? Бұл іспен айналысып жүргендер бар ма? – Негізі заңнамаға енгізілген бұл ұғым өте жақсы дүние. Бұрын бізде болмаған. Алайда бұқара «черный старатель» деп атап кеткен заңсыз кен іздеушілер бұрын да болған, қазір де бар, бәлкім ешқашан жойылмайтын шығар. Әлемде солай. Дегенмен кен іздеушілердің тұтас елдің да­муына ықпал еткен кездері аз емес. АҚШ, Австралия сияқты елдердің тарихына қарасаңыз, кен іздеу­шілердің арқасында та­лай өңірдің бет-бейнесі өзгерген. Сондықтан кен іздеушілерге ресми рұқсат беру жақсы дүние. Біріншіден, заңға бұл норманың енгізілуі халыққа жұмыс тауып береді. Екіншіден, әлгі айтқан «черный старатель­дерді» заңды кәсіпке бейімдейді, үшіншіден мемлекет халықтың күшімен гео­логиялық барлауды жанданды­руды көздейді. Өйткені қарапа­йым азаматтар келіп ай­налыса бастаса, мемлекетке де, салаға да көмек. Кен іздеушілер 3 метрге дейін тереңдікте алтын және өзге де бағалы металдарды, асыл тастарды өндіруге құқылы. Біз қазірге дейін кен іздеушілерге 20-ға жуық лицензия бердік. Бірақ ол өте аз. Лицензия беру мін­деті жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Меніңше, бұл қызметті жандандырып, ашық­­тықты кө­бейту керек. Сөй­тіп берілетін ли­­­цензия санын мо­лайтқан дұрыс. Кен іздеудің шағын және орта бизнес екенін ескеру керек. Біздің елдің аумағы өте үлкен. Ал оның қойнауы қа­зынаға толы. Әсіресе, алтынға бай­­мыз. Шығыс Қазақстан об­лы­сындағы моно-қалалардың төңі­регінде орасан зор потенциал бар. Кен іздеушілер сол жерде қазба жұмыстарымен айна­лысса өңір­дің дамуына да оң әсе­рін тигізеді. Себебі әдетте қой­на­уындағы қо­ры ірі компания­лар­ды қызық­тыра қоймайтын жер­лерде кен іздеушілер жұмыс істейді. – Жаһандық технология на­рығында литий тәрізді металдардың дәурені жүріп тұр. Отандық гео­логтар бұл метал кен орындарын барлауға назар аудара ма? – Қазақстан заңнамасы бо­йынша литий стратегиялық пай­далы қазба болып саналады. Көптеген елде бұл құпия сақтала­тын пайдалы қазба. Біздің ел бұл металдың қан­­ша қоры бар екенін жария­ламайды, ол мемлекеттік құпия­лардың қатарына кіреді. Бізге ке­летін инвесторлардың ара­сын­да бұл металға қызы­ғатындар көп. Өйткені қазір бұл металл заманауи технологияда өте көп қолда­ныла­тын, сұранысы жоғары зат. Біз мемлекеттік бағ­дарлама аясында және Геология коми­тетінің жыл­дық жоспарына сәйкес литий кен орындарын зерттеуге назар ауда­рып ке­леміз. Алайда ол оңай емес. Өйт­кені литий көбіне гранит­пен бірге болады. Әрі литийді іздеп жүріп басқа пайдалы қазба тауып алуыңыз мүмкін. Сон­дықтан литий инвесторларға рен­та­бельді, қызықты болуы үшін оның қоры көп болуы керек. Бірақ біз оның қоры керемет көп деп қазір айта алмаймыз. Сон­дық­тан көбірек зерттеу жасау керек болып тұр. Жал­пы, Шығыс Қазақ­станда мүм­кіндік көп. Риддер, Ал­тай қа­ла­лары төңі­регінде. Сонымен қатар еліміздің батыс аймақ­тарында да перс­пектива бар. Айталық Индер ауданында литий судың ішінде кездеседі. Сирек металдарды іздестіру-бағалау жұ­мыс­тарының нәти­же­сінде Шығыс Қазақстан облы­сын­да Жаңа Ахмер кен орны анық­талды. Ол – үлкен әрі рента­бельді кен орны. Ин­вес­торға кенді ашық карьерлік тә­сілмен игеру ұсынылады. Жал­пы, мемле­кеттік бағдарламада литийді іздеу қа­растырылған. – Кен орындарының төңірегінде мамандар «техногендік минералдық түзілімдер» деп атайтын қалдықтар бар. Әдетте мұндай төбешіктер мен үйінділерді шетелдіктер алғысы келеді дейді бұқара. Бұл қанша­лықты рас? – Негізі құрамында пайдалы компоненттері, қазбалары бар тау-кен өндіру, өңдеу және энер­гетикалық өндіріс қалдық­тары­ның жиналуы «техногендік ми­нерал­дық түзілім» деп танылады. Ал қарапайым жұрт олардың иесі жоқ деп ойлайды. Алайда олар­дың иелері бар. Қалдықтар жай­дан-жай пайда болмайды. Олар өндірістен, геологиялық барлау жұмыстарынан қалған. Оның құрамында түрлі ру­да болады. Қалдықтар кен орнында жұмыс істеп жатқан компанияның меншігі. Демек, оларды иесіз деп жүргендердің ойы қате. Дегенмен осы қалдықтардың перспек­ти­васы да мол. Неге? Себебі бұрын техно­логия басқа еді, қазір бөлек. Күн өткен сайын технология дамып келеді. Бұрын құрамында 1-2 па­йыздан төмен рудасы бар техно­ген­дік минералдық түзілім рента­белді емес деп саналса, қазір 0,1-0,3 пайыз қазынасы бар қалдық рентабелді болып есеп­теледі. Өйткені қалдықтың іші­нен руданы алып, одан пайда көрудің тың тәсілдері шықты. Сондықтан тау-тау болып үйіліп жататын қал­дық­тар инвесторлар үшін қызықты. Бізге де өтініш айтып келген ин­весторлар бол­ған. Бірақ олардың «тағдыры» біздің қолымызда емес. Жалпы, кен өндіру ісінде түр­лі нюанстар болатыны мәлім. Ке­зінде көптеген моно-қалалар­дың бір ғана кен орнына бай­ла­нып, кен азайғанда талай азамат­тың жұмыс­сыз қалғанын білеміз. Алайда за­ма­науи технологиялар кен бар­лау мен өндіруге қатысты көз­қарасты өзгертіп келеді. Өйт­кені елдегі бар­ланған кен орын­дары, өндіріл­ген қазба байлықтар айсбергтің су бетіндегі бөлігіндей ғана. Енді біз жаңа бағдарлама ар­қылы геоло­гиялық барлауды те­реңдікке ба­ғыттаймыз әрі масштаб үлкейеді. Бұл өз кезегін­де жаңа мүмкін­шіліктер туды­рады.   Әңгімелескен Амангелді ҚҰРМЕТ