Бақытты «Бақыттан» іздеме!
Бақытты «Бақыттан» іздеме!
938
оқылды
Түрлі зерттеуге сүйенсек, жылына елімізде кемінде 400 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан көз жұмады екен. Әр үшінші қылмыс әйел затына қарсы істелген. Қазақстандағы әйелдердің 15 пайызы күйеу әйелін ұруға құқылы деп ойлайды, сөйтіп ақырында «опық» жеп қалады. Қалай десек те, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көбейгені жақсы үрдіс емес. Бұл мәселе бүгінде әлеуметтік фильмдерден де көрініс тауып жатыр. Режиссер Шәрипа Ораз­баеваның «Мәриям», «Қызыл анар» фильмдері де бұл тақырыпты айналып өтпеген. Режиссер «Мә­риям» фильміне шынайы оқиғаны негіз етіп алады. Төрт баламен жал­ғыз қалған әйелдің күрделі тағ­дырын суреттейді. Балаларын өсі­ріп жеткізу үшін қаншама қиын­дыққа тап болады. Тіпті, күйеуінің денесі табылмағандықтан, асырау­шысы жоқ деген қағаз ала алмай қиналады. Үйсіз-күйсіз сансыраған ананың аянышты халі көркем фильмге арқау болған. Ең қызығы, басты рөлді кейіпкердің өзі ой­найды. Ал «Қызыл анар» фильмі де әлеуметтік негізге сүйенген. Алай­да режиссердің бұл фильмдері ки­нофестивальдарда ғана көрсетіліп, прокатқа шыға қойған жоқ. Про­катқа шыққан әлеуметтік фильм­дердің арасында С.Дворцевойдың «Айкасы» бар. «Айка» – Мәскеудегі қырғыз қыздарының тағдырын су­реттейтін фильм. Басты рөлді қазақ актрисасы Самал Еслямова ойнағанымен, бұл фильмнің қазақ тұрмысына қатысы жоқ. Әлеуметтік фильмдер неге көбейді? Киногерлер бұл саланың да кез келген уақытта тоқырайтын тұсы, сосын қайта өрістейтін кезеңі болады деп санайды. Соңғы он шақ­ты жылдың көлемінде біраз комедия түсірілді. Касса жина­ғандары да бар. Көрермендер ко­медиядан да жалыққан секілді. Осы тұста экранды әлеуметтік фильмдер жаулай бастады.
Киносыншы Ержан Жұма­бековтің айтуынша, керісінше тәуелсіз кезеңдегі қазақ киносы әлеуметтік тақырыптағы фильм­дердің топтап шығуымен ерекше­ленеді. «Шығармашылығын жаңа бастаған «жаңа толқын» авторлық кино бағытының режиссерлері қоғамның өткір әлеуметтік мә­селелерінен айналып өте алмады. Өтпелі кезеңдегі бұл режиссерлер әлеуметтік көріністер арқылы қа­зақ киносын шынайылыққа жа­қындатуға тырысты. Дегенмен де, бұл жағдай олардың көркемдік құндылығына әсер етпеді. Әрбір режиссер тақырып пен көркемдік бөлік арасында тепе-теңдікті сақ­тауы керек. Қазіргі қазақ кино­сында фестивальға бағытталған «псевдо – авторлық кино» басым. Бұл дегеніміз – фильмнің көркем­дік табиғатын ысырып қойып, әлеуметтік тақырыптарды аяусыз пайдалану. Иә, мұндай фильмдер «шок» тудыртатын тақырыптары арқылы шулатуы, авторлары фес­тивальдық марапаттар арқылы өзіне назар аудартуы мүмкін. Алайда бұл санаттағы фильмдер бірреттік көрсетілімге арналғандай, кино өнері ретінде тарихта қалуы екіталай», – дейді киносыншы.
Рас, бұған дейін түсірілген әлеуметтік фильмдердің көбі дер­лік бірреттік көрсетілім ретінде есте қалды. Ә дегенде көрермен ки­нотеатрға ағылып баруы мүмкін, артынша мұндай фильмнің бол­ғанын да ұмытады. Бүгінде жар­намасы жер жарып тұрған «Бақыт» фильмі де осы санаттың қатарынан көрінетін сияқты. «Бақыт» – Баян Алагөзованың фильмі. Режиссері – Асқар Ұза­баев. Ел ішінде бұл фильмге қа­тыс­ты пікірлер де сан алуан. Бірі – жақтайды, бірі – даттайды. «Бес саусақ бірдей емес». Қолдайтын да, қолдамайтын да пікірдің болуы – заңдылық.
Киносыншы Айдана Ала­ман­ның ойынша, бақытсыздықты көр­сететін «Бақыт» фильмі қоғамда үлкен резонас тудыра білді. «Үйдегі зорлық-зомбылық ғаламдық мә­селе болғанымен, бұл фильмде қазақы көзқарас бойынша сурет­теліп отыр. Фильмде режиссер мен сценарист кәсіби ансамбль құра отырып, біздің санамызда қа­лыптасқан нормалды отбасындағы тозақ картиналарын бірінен соң бірін аяусыз көрсете береді. Себебі біз бұған дейін отбасындағы ки­кілжіңдер туралы сары басылым беттерінен, біреудің аузынан естіп жүрсек, осы жолы кәсіби актерлік ойын мен режиссерлік шешімдер арқылы көз алдымызға алып кел­ді», – дейді сыншы.
Адам баласы – күрделі жара­тылыс. Оның психикасын анықтау мүмкін емес. Кейде адамдар өз ба­қытсыздығын өзгеден көріп жа­тады. Себеп-салдарын да содан іздейді. Біреудің бақыты өзгенің қолында болуы мүмкін бе? Жоқ. «Кез келген трагедияның нақты себептері бар». «Бақыт» осы ойды бермек болады.
«Ең үлкен жетістігі арт-хаус бағытындағы фильм болғандық­тан, операторлық жұмыс пен ре­жиссерлік тың шешімдер, актерлік шеберлік арқылы фильм атмос­ферасын сәйкестендіре алған. Режиссер С.Дворцевойдың «Айка» фильмі болсын, «Бақыт» кино­кар­тинасы болсын, деректі драма жанрына барынша жақындатылып түсірілген. Яғни, мұнда ешқандай оқиғаны әспеттеп, көркемдеп, әсерлі музыкамен көмкеріп отыр­майды. «Деректі» деп аты айтып тұрғандай, барынша шынайы, бол­ған қалпында жеткізуге тырысады. «Бақыттағы» сюжет желісі жиын­тық образ емес, бір ғана әйелдің басынан өткен оқиға. Қазақ ки­нематографиясы үшін бұл да бір керек бағыттардың бірі», – дейді Айдана Аламан.
Бақыт формуласы қайда? Сыншының керек бағыт деп отырғанын дұрыс қабылдауға бо­лады. Өйткені қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық көп. Әр әйел ба­қытты болуға ұмтылады. Бірақ қатыгез еркекті де тәрбиелеп шы­ғарған ана емес пе? Демек, ол бала кезінде ана жылуын сезініп өс­пеген. Сол «жарақаты» кейін өзіне «сор» болып тиеді. Жарақатының себебін әркімнен іздейді: әйелін ұрып-соғады, баласын жазалайды. Оның ақыры «өлімге» алып келеді. Әйел де темір емес. Әйел заты ауыр сөзден де «жараланады». Ал ол жарақатты кім емдейді? Міне, осы «шындықтың» бәрі Асқар Ұза­баевтың фильміне арқау болған.
«Себебі дәл осы жанр арқылы көрермендерді катарсиске тезірек түсіруге мүмкіндік туады. Яғни, киноның үлкен идеологиялық құрал екенін ескерсек, қоғамның, мемлекеттің назарын бірден ау­дартуға болады. Фильм продюсері Б.Мақсатқызы үйдегі зорлық-зом­былық мәселесін бұған дейін де көтеріп жүрген болатын. Негізгі мақсаты – отбасындағы әйеліне қол көтеретін еркектердің заңды түрде жазалануы. Бір жағынан түсіруші топ осы мәселені биліктің құлағына қаттырақ жеткізу үшін, қатыгездеу сахналарды, жалпы зор­лық көрсету туралы қате па­йымдарды еш бүкпесіз, көркемдік тәсілдерсіз жеткізсе, екінші жа­ғынан, жалпы қазіргі өнер әлемінде туындыны бұрынғыдай ойдан шы­ғарылған сюжеттер мен ойларға негіздемей, керісінше нақты де­рек­терге сүйене отырып, жарыққа шығару көптеп кездесуде. Мұның өзін заман талабына сай қа­лып­тасқан өнердегі тенденция­лардың бірі деп қабылдауға болады», – дейді Айдана Аламан.
Кейбір киногерлер әлеуметтік фильмдерде «қатыгездіктің» бо­луын заңдылық деп есептейді. «Кино – идеологиялық қару» бол­ғандықтан, оны пайдаланған жөн деп санаған шығар. Бірақ ол кө­рерменге қалай әсер етеді? Біз ол шындық арқылы көрерменді қалай тәрбиелейміз?
«Бақыт» фильміне қатысты пікірлердің бір парасына көз салып көрейікші. Мәселен, Құралай есімді көрермен: «Бақытты» көру «бақыты» бұйырды. Содан аса бақытты бола қоймадым. Себебі фильмде зорлық, агрессия асыра көрсетілген екен. Оны сексуалды зорлыққа да қатысты айтуға бо­лады. Бұл эпизодтарды проблемаға назар аударту деп жақауратудың қажеті жоқ, сол арқылы көбірек касса жинау керек болып, қоюла­тып жіберген секілді» десе, енді бірі «Бақытты» соңына дейін көре ал­мадым. Жолдасым екеуміз кино­ның ортасына жетпей шығып кет­тік. Мұндай фильмді қабыл­дау­дың өзі ауыр» деп жазады.
Тағы бір көрермен: «Жәбір-жапа көріп жүрген әйелдер көбіне өзіне біреудің жаны ашиды деген үмітпен, сеніммен жүреді. Ол – иллюзия! Өзіне жаны ашымаған адамға ешкімнің жаны ашымайды. Сол сияқты өзін сыйламайтын әйелді де ешкім сыйламайды. Ал ақыл-есі дұрыс, ересек адамның өзі сияқты әлдекімнен таяқ жеп, кө­кала қойдай болып жүруі – өзін сыйламайтынын көрсетеді» деген ойды айтады. Қарапайым көрерменнің пікірі осыған саяды. Жалпы, әлеуметтік фильмдердің көбеюінің тағы бір себебі – жұртшылықтың киноны өнер ретінде емес, түрлі мәселені шешудің құралы ретінде пайдалана бастағанында. Бейне бір тығы­рықтан шығудың жолы фильм деп түсінеді. Одан «мәселе» шешіле қояр ма екен?! Киногерлер болса, бұл фильмге «драматургия бар. Авторлар сәтті таңдалған. Көрерменді жалықтыр­майды. Бақытты іздеу – басты мо­тив. Шынайы. Жасандылық жоқ» деген баға береді. «Қазіргі фильмдер шындықтан алыстап кетті» деп сөгетіндер де бар. Ал шындықты экраннан көр­сету қаншалықты тиімді? Экс-де­пу­тат Мақпал Тәжмағамбетова өзі­нің депутаттық сауалында осы мәселені қозғағаны белгілі. Онда: «Балағаттау насихатқа айналды... Кейінгі кезде мазмұны, контексі боқауыз сөздерге толы сериалдар қаптап кетті. Дөрекілік көріністері кинода ғана емес, эпизодтары бар­лық әлеуметтік желіде желдей есіп жүр. Осыдан екі жыл бұрын «Қай­рат болма, адам бол» деген сериалда қазақтың рухты есімін жерге тап­тағанын да көрдік. Олар енді толық метражды фильм ре­тінде кино­театр­ларға шықты» деген еді. Мақ­пал Тәжмағамбетова мысалға кел­тірген дөрекі көрі­ністер «Ба­қыт» фильмінде де анық көрсетіледі. Қанша жерден әлеу­меттік шындық осы десек те, фильм де мәдениеттің бір бөлшегі. Дөрекі көрініссіз-ақ, балағат сөз айтпай-ақ отбасылық құндылық­тарды дәріптеп, фильм түсіруге бо­лады. Отбасы траге­дия­сын бұлай ашық көрсеткеннен ұл­тымыз ұтыс­қа шықпайтыны анық.

Айна ХАСАН