Марапаттар коллекциясы тарихтан сыр шертеді
Марапаттар коллекциясы тарихтан сыр шертеді
530
оқылды
Астанада ғұмырының 50 жылын төсбелгі, орден мен медаль коллекциясын жинауға арнаған қария тұрады. Біз Қайырбек Рамазановпен жолығып, оның хоббиі және қолында жиналған қазынасы туралы сұрап білдік. Қария редакциямызға газетіміздің өткен сандарының бірінде жарияланған «Астанаға да өлкетану мұражайы керек» деген мақала бойынша іздеп келіп таныс­ты. Ол өзінің 50 жылдан бері төсбелгі жи­науды әдетке айналдырғанын айтып, осы мұрасын қалалық мұражай ашылса сонда табыстау жөнінде тоқтамға келгенін жеткізді. Жалпы, орден, медаль жинау кең та­рал­ған хоббидің бірі. Фалеристика ата­латын бұл істі кейіпкеріміз 1970 жылдары бастаған. Оның коллекциясында Ресей империясы, КСРО, Қазақ КСР, тәуелсіз Қазақстан тарихын түгел дерлікке қам­ти­тын қыруар жәдігер жиналған. Төсбелгілер арқылы тарихқа үңілуге болады. Оның ішінде түрлі саладағы сан түрлі шараларға арнаған төсбелгілер, кәсіптік айырым белгілері бар. Фалеристика қазақтың да қолынан келеді
«1969 жылы күзде теледидар көріп отырғанмын. Өскемендегі Медаллург сарайында өтіп жатқан көрме туралы ре­портажды тамашаладым. Үстелдерге кол­лекцияларды жайып қойыпты. Қараймын фалеристердің жасы бар, жасамысы бар барлығы өзге ұлт өкілдері екен. Ішінде бір қазақ жоғын көріп, намыстандым. Дереу осы іспен айналысу керек деп шештім», – дейді коллекционер.
Осылайша, тәуекелге бел бу­ған кейіпкеріміз туралы «Востокмашзавод» кәсіпорнының газетінде мақала жария­ланады. Оның қызықты хоббиі жайлы естіген әріптестері Қайырбектің коллек­циясын көбейтуге атсалысады. Қарапайым жұмысшыдан, кәсіпорын директорына дейін көмектесіп, үйінде жатқан немесе басқа қалаларға барған сапарында сатып алған дүниелерін коллекционерге табыс­тауды әдетке айналдырады. Осылайша, коллекцияның көлемі ұлғая береді. Өзі де ел ішінде, сондай-ақ Ресей, Гер­мания, Аустрия, Италия, Чехия, Словения, Түркия, БАӘ секілді елдерге барған сапарында да мол «олжамен» оралатын. марапаттар коллекциясы Жиылған төсбелгі, медаль, елтаңба, ту үлгілерінің саны көбейген сайын, оларды жіктеп, саласы бойынша жетпейтін түрін толықтыру қолға алынады. Ерекше кол­лек­ционер туралы сол жылдары өңірлік телеарна репортаж да түсіріп көрсетеді. Осыдан бастап Өскемендегі үлкенді-кішілі оқу орындары, түрлі кәсіпорындар ғимаратынан орын беріп коллекцияны көрмеге қою жөнінде ұсыныс тастайды. Фалерист те ұсынысты қуана қабылдап, жиған коллекциясын жұрт назарына ұсынуға кіріседі. Зейнетке шыққан Қайырбек Рама­занов Астанадағы балаларының жанына көшіп келеді. Біртіндеп қалада көрме ұйым­дастыруды қолға алады. Ұлттық музейге коллекциясын қояды. ЭХРО аумағында өткен халықаралық шахмат біріншілігінде де көрме өткізеді. Тарихтан сыр шертетін төсбелгілерін білім инно­вация лицейі шәкірттеріне, Назарбаев университеті мен Еуразия универ­ситеті студенттеріне, сондай-ақ Қазақ­стан теміржол компаниясы ғимаратында, «Барыс арена» мұз сарайында, Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде келушілер назарына ұсынады. Коллекционер жиған қазы­насын жұрт назарына ұсынғаны үшін ақы сұрамайтынын айтады. Төсбелгі шығару да табыс әкеледі Кейіпкеріміз әскери сала, күштік құрылымдардың көп белгісі мен марапатын жинаған. Оның арасында тәуелсіз Қазақстандағы түрлі ведом­стволарына тиесілі саналуан марапат, төсбелгі бар. Қазан төңкерісі, Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі орден-медаль, әскери құрылымдардың айырма белгісі, әскери киімнің жез түймелері, бас киіміне тағатын белгі, белбеудің айылбасы, төсбелгілер, 30-50 жылдық мерейтойға арнайы шығарылған медальдар жинақ­талған. Тіпті, патша заманындағы раритет медальдерді де көрдік. Америка шериф­терінің жұлдызша белгісі де осының ара­сында жүр.
 «Маған коллекциямның барлығы қым­бат. Қымбат дүниемізді жариялауда сақтық танытамыз. Барлық медаль-орден­дердің бағасы қымбат. Біразы асыл метал­дардан әзірленеді. Сондықтан коллек­цияның барлығы жалға алынған арнайы сақтау камерасында сақталады. Өйткені ондай құнды дүниені үйде немесе басқалай күзетілмейтін орында ұстау қауіпті», – дейді ол.
коллекция Коллекцияда «Орден Отечественной Войны» I, II дәрежелі ордені бар. Олар алтын мен күмістен жасалған. КСРО-ның ең жоғарғы әскери марапаты «Победа» орденінің телнұсқасы да бар екен. Оның әлемде тек 18 түпнұсқасы бар. Совет ода­ғының Нахимов, Суворов, Кутузов, Ушаков секілді қолбасшыларға ғана берілетін ордендері, Совет одағының батырына берілетін «Қызыл жұлдыз» ордені, Социалистік еңбек ері белгісі де осында тұр.
 «10 мыңға жуық экспонатты Ұлттық музейге қалдырғым келген. Алайда онда жылына бір-екі апта ғана көрсетуге шығарылады екен. Сол себепті әзірге жү­ріп тұрған кезімде жинағымды өз күшімен адамдарға көрсете берейін деп шештім. «Коллекцияны маған сат» деген ұсыныстар болды. Тіпті, бір кәсіпкер су жаңа Джипіне айырбастайық деді. Мен бұл қазынаны саудаға сала алмаймын. Оның көп бөлігін халық берді. Олар менде бұл бұйым сақ­талады деп сенді. Соны ақтауым керек», – дейді Қайырбек Құдабайұлы.
Бірақ ол коллекциясын мұражайға аманаттап қалдыру жөнінде шешім қабылдаған. Қайырбек Рамазанов қазір елімізде төсбелгі шығаруға мән берілмей келе жатқанына қынжылыс білдірді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ол Теңге сарайында арнайы төсбелгі шығаратын бөлім ашуды ұсынады.
«Төсбелгі сатудан табыс түседі. Оны спорт шараларына, Қызыл кітапқа енген аңдарға арнап шығаруға болады. Мысалы жақында Qazaqstan телеарнасының 65 жылдығы өтті. Осындай мерейтойларға арналып төсбелгі шығарылса, оны жастар қызығып, мақтан етіп тағып жүрер еді. Сонымен қатар Астанадағы ескерткіштер, әдемі ғимараттар, көпірлердің төсбел­гілерін шығаруы қажет. Туристер осындай бұйымды қуана-қуана сатып алады», – дейді коллекционер.
Бір қызығы, Қайырбек Рамазановтың жиған дүниелерінің арасында 10 мыңнан астам түрлі елдердің ақшасы мен тиындары да бар екен. Музей мамандарымен пікір алмас­қанда, ел тарихына қатысты көптеген жәдігерлер ұрпақтарының қолында, арнайы жағдай жасалмаған пәтер де сақталып, тозып бара жатқанын айтады. Оларды тарих ғылымының айналымына шығару үшін, елден жинауға қолдау жасалмайтыны, жәдігерлерді қою үшін мұражайлардың, арнайы ғимараттардың жетіспеушілігі кедергі келтіреді екен. Тарихымызды түгендеу, толықтыру үшін осы салада серпіліс, өзгеріс керек.

Жәнібек АМАНГЕЛДІ