Полиглот полицей әлемнің тыныштығын күзетеді
Полиглот полицей әлемнің тыныштығын күзетеді
2,088
оқылды
Еңбек ете білгеннің ертеңі жарқын болары анық. Бұл сөзімізге дәлел ретінде ІІМ Интерпол Ұлттық орталық бюросының аға жедел уәкілі, полиция капитаны Шыңғыс Қайыржановты айтуға әбден болады. Аз ғана уақыттың ішінде әлемнің бірнеше тілін меңгеріп, алпауыт елдің атақты университетінде білім алған ол бес жасындағы арманын мектеп қабырғасында жүргенде алдына мақсат ете білген жан. Сондықтан «көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» демекші, жас та болса көргені көп, көкейге түйгені мол құқық қорғау қызметкерін аз-кем әңгіме тартқан едік. – Шыңғыс Фазылұлы, ата-анаңыз мүлде басқа саланың адамдары екен. Айтыңызшы, бұл салаға таңдау жасауыңызға не түрткі болды? Ата-анам Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ драма театрында жұмыс істеп танысқан. Алайда олар театрда ұзақ қалған жоқ. Жеке кәсіпкерлікпен айналысып кетті. Ал менің таңдауым олардың саласынан мүлде басқа болды. Бес жасымда туыс әпке-жездем біздің үйге қонаққа келеді. Сол кезде жездемнің үстіндегі полиция формасына қатты қызығып, фуражкасын киіп, фотоға түскенім есімде. Содан бастап өскенде полиция болуды армандадым. Бірақ жоғары сыныпқа келгенде архитектор болуды да ойластыра жүрдім. Себебі суретті өте жақсы салатын едім. 9-сынып оқып жүргенде сол әпкемнің туған інісі Ішкі істер министрлігінің Қарағанды академиясына оқуға түседі. Ағамның ант қабылдауына барғанымда академияның аурасы қатты ұнады. Менің полиция болу арманым осылайша бекіді. Оған дайындықты 10-11 сыныпта жүргенде бастадым. Ата-анам да таңдауыма талас тудырған жоқ. Керісінше қазір жеткен жетістіктерім олардың кез келген мақсатыма қолдау көрсетіп, батасын бергені көп көмегін тигізді деп ойлаймын. Әйткенмен өмірімді құқық қорғау саласына арнағым келетініне таңданыс білдіргені бар. Өйкені мен жалғыз ұлмын әрі екі қарындасымның алдындағы үйдің үлкенімін. Шыңғыс Қайыржанов қарындасымен Бір күні сыныптасым туған ағасы Интерполда істейтінін айтып қалды. Сол уақытта Интерполдың қызметкері атануды алдыма мақсат еттім. Интерпол қызметі туралы түрлі деректі фильмдерді қарап, қызықты газет-журналдарды, кітап беттерін ақтарып оқи бердім. Оның қызметіне не кіретінін өз бетімше зерттеп жүрдім. Ағылшын тілін тереңдетіп оқуға кірістім. Мектептен тыс курстарға қатыстым. 2011 жылы ҰБТ тапсырып, академияға оқуға түстім. Алғашқы кездері қиындықтар болды. Бірақ ешқашан өз мақсатымнан айнып, райымнан қайтқан емеспін. Себебі курсант атану арманымның артында алдағы мақсатқа мүлтікпей, мүдірмей жетудің жолы жатқанын жан-дүниеммен түсіндім. «Екінші рет таңдау мүмкіндігің болса, осы жерге оқуға түсер ме едің?» деген сұрақ қойылса, тағы осы шешімді қабылдаған болар едім. Төрт жыл казармада оқу көп нәрсені үйретті. Уақыт өте келе араңнан ала мысық өткендей болып өштескен жігіттердің қиын күндерде қолдау білдіре алатын нағыз адал досқа айналғанын өзің де түсінбей қалады екенсің. – Курсант кезіңізде сүйіп оқитын пәніңіз қандай еді? Ату дайындығы және ағылшын тілі. Қару атудан акедемияның үш дүркін чемпионы атанғаным бар. Академияны бітіріп келгеннен кейін Астана қаласы Алматы аудандық полиция бөлімшесінде жедел уәкіл болып қызмет еттім. Біздің міндетімізге ауыр қылмыстарды іздестіру кіретін. – Жаңа келген жас маманға ауыр қылмыстарды іздестіру ауырлық туғызды ма? Жоқ. Өйткені 4 жыл қылмыспен күресу, қылмыстың алдын алу және оны іздестірудің әдіс-тәсілін оқытты. Қылмыс орнында өзіңді қалай ұстау керектігі, психологиялық тұрғыда төтеп берудің қыр-сырына қанық болдым. Себебі бұл салаға саналы түрде келдім. Қызметтің қиындығын алдын ала білдім. Алайда бірінші рет мәйітті ұстаған кезде жаман әсерде болғаным рас. Бірақ «бұл жұмыс» деп жұбатып алатын едім. Жүрегіме қатты әсер еткені сол, бір шақыртуға барғанымда жас келіншек суицид жасаған. Отбасылық кикілжіңнен кейін күйеуі әйелін тастап кетеді. Ең жаманы, марқұм әйелдің кішкентай баласының көзінше аузына қару салып, өзін-өзі атып жібергені еді. Сондықтан белгілі бір деңгейде бұл жұмыстың жағымсыз әсері де бар екенін мойындаймын. Бірақ жағымсыз көріністерді жаныма жақын қабылдамауға тырысамын. Жұмыстағы жаңалықтарды бөлімшеде қалдырып, бөлімшеден шыққанда ойымнан мүлдем шығарып тастаймын. Үйге ештеңені ойламай барамын. Жұмыстағы оқиғаларды жақындарыма да айтпаймын. конференция Жалпы кез келген адамда эмоционалдық тұрғыда күйіп кету жағдайы болады. Бұл полицейлер ғана емес, күн сайын жұмысы тікелей адаммен байланысты қызметтің барлығына ортақ. Магистратурада оқып жүргенде «Қазақстан Республикасы полиция қызметкерлерінің эмоционалды күйіп кетуі» деген тақырыпқа зерттеу жасап көрдім. Бір жылдан кейін адам жұмыстан шаршай бастайды, не болмаса күнделікті ісіне еті үйреніп кетеді. – Шетелде оқып жүргенде ғой... Иә. Қарағанды академиясының 4-курсында оқып жүргенде «Болашақ»-пен оқуға түсем деген жоспар қойдым. Таңдауым Ұлыбританияға түсті. «Мемлекеттік қызмет» санаты бойынша түсу үшін екі жыл жұмыс істеу міндеттелген екен. Екі жылдан кейін 2017 жылы құжаттарды тапсырып, тесттен сәтті өттім. Шетелге оқуға түсетініме сенімді болып жүрдім. Алайда сол жылы республикалық комиссияның іріктеуінен өтпедім. Сонда өз-өзіме оқуға түспейінше жыл сайын тапсыра беремін деп шештім. Келесі жылы тағы тапсырдым. Сәтін салып 2018 жылы оқуға түстім. Тізімнің арасынан аты-жөнімді көргенде қатты қуандым. Сол жылы әкем қатты науқастанып қайтыс болды. Оқуға барам ба, бармаймын ба деген ойда жүрдім. Бірақ әкем көзі тірісінде анама «ұлдың жолын байлама, оқуға жібер» деп айтқан екен. Үш айлық ағылшын тілі курсынан өтіп, ары қарай Англияның Лилс Университетіне магистратураға оқуға кеттім. Қауырт қызметте жүріп тіл үйренуге уақытты қалай тапқаным көбісін қызықтырады. Айтарым, алдына мақсат қойған адам кез келген жағдайда уақыт таба алады. Жедел уәкілде уақыт болмайды. Уақыттың көбін қылмыскерлерді құрықтауға, қылмысты ашуға арнайсыз. Ағылшын курсынан берген өте көп үй жұмысына да үлгеру керек. Сол үшін түскі аста курсқа қатысып, үй жұмысын ұйықтар алдында орындайтын едім. Әр жетістіктің артында төккен тер жататынын білем. Бүгінгі қиналыс ертеңгі жеңіс. – Полиция қызметкері үшін шетелдік білімнің қандай артықшылығы бар? Әуелгі артықшылық оқыту бағдарламасында. Ұлыбританияда сабақтарды әр семестрге бөледі. 2 міндетті сабақ, үшіншісі таңдау пәні. Аптасына 2-3 рет лекцияға, 3 рет семинарға барасыз. 20-25 пайыз ақпаратты лекция кезінде береді, ал 75-80 пайыз ақпаратты әркім өзі тауып алуы керек. Алдын ала тапсырма береді. Емтихан кезінде білген дүниеңді дәлелдеу үшін эссе жаздырады. Шетелде гуманитарлық мамандықты таңдағандар емтиханды эссе жазып тапсырады. Жазған тапсырмаңызды антиплагиатқа тексертіп бағалайды. Сондықтан ол жақта студенттер күнделікті 4-5 сағат уақытын кітапханада өткізеді. Ең үлкен білімді өзім оқыған кітаптардан алдым. Қазақстан полицейлерінің эмоционалды күйіп кету себеп-салдарын іздеу кезінде көп ақпаратқа қанық болдым. Диссертацияның 25 бетін жазу үшін 100-ге жуық кітапты қарап шықтым. Сол кезде Кеңес одағына кірген елдердің құқық қорғау қызметкерлері қызметте жүріп күйіп кетуінің бірнеше себебін білдім. Ал батыс елдері бұл мәселені ХХ ғасырдың 60-70 жылдарынан бастап зерттеген екен. – Полицейлердің өз қызметіне ұзақ тұрақтамауына, психологиялық тұрғыда өзін тастап жіберуіне не түрткі болады екен? – Біріншісі – жұмыс орнындағы ұйымдастырушылық және жұмыс уақыты. Таңнан кешке дейін күнделікті демалмай жұмыс істеу қызметкерге кері әсер етеді. Екінші – басшылықпен қарым-қатынастың дұрыс жолға қойылмауы және қоғамның теріс көзқарасы. Басшылық қолдау бермесе, қарапайым ғана қылмыстық істі сотқа тапсырғанда демеп, мақтап арқадан қағып қою жетіспейді. Үшіншісі – әлеуметтік жағдай. Төртіншісі –отбасындағы қарым-қатынас. Полицей емес, мәдени ортада жүретін шығармашылық адамдарының өзіне осындай қолдау болмаса, кез келген адам өз жұмысына күйіп кетеді. Шыңғыс Фазылұлы – Сіз оқыған елдегі полицейлердің жұмыс істеу тәсілінде күйіп кетпеудің жолдары қарастырылған ба? – Ұлыбританияда полицейді жұмыстан тыс уақытта мазаламайды. Ол елдің заңы бойынша адам аптасына 40 сағат қана жұмыс істеу керек. Одан асса қосымша ақы төленеді. Қалада жүретін патрульдік полиция күніне 8 сағаттан артық жұмыс істемейді. Оның үстіне көп нәрсе қоғамдық ортадағы мәдениетке де байланысты. Мысалы, Ұлыбританияда халқы өте мәдениетті. Полиция қызметкерлерімен өте сыпайы сөйлеседі. Шағымы болса, мәдениетті түрде жеткізеді. Оған сәйкес полицей де халықтың талап-тілегіне барынша әдепті болуы заңды. Негізінде ағылшындар көп ішімдік ішетін ел. Жұмыстан шыққан адам жол-жөнекей барға кіріп, сенбі-жексенбі күндері де ішімдік ішеді. Бірақ қанша ішіп жатса да бір-біріне дөрекі сөйлемейді. Ал бізде өзіңіз білесіз, екі адамның басы қосылса төбелес шығады. Халқын жақсы танитын полиция оларға шектеу қоймайды. Мереке күндері немесе футбол өтетін күндері де халықты қуалап жүрген полиция қызметкерін көрмейсің. Заң бойынша ағылшын полициясы өзімен бірге тапанша алып жүрмейді. Себебі қылмыс деңгейі төмен. Жалақылары жоғары болғандықтан бір лауазымды он жыл жұмыс істей береді. Одан кейін оларда сыртқы келбеттеріне шектеу қоймайды. Шашын бояп ала ма, денесіне сурет салып алса да өз еркі. Ол маңызды емес, маңыздысы қылмыспен күрес жүргізуге көп көңіл бөледі. Шетел полицейлері спортқа көп уақытын арнайды. Гендерлік теңдік жолға қойылған. Бұл елде әйел полицейлер де ерлермен бірдей жүреді. Бір ғана Лондонның өзінде адам көп жиналған күніне 2-3 митинг болады. Полицияның халықпен жаға жыртысып, қуалап жүргенін көрмейсің. Халық өз талабын айтып тәртіпті келіп, тәртіпті кетеді. Бірақ біздің мемлекетті көш ілгері кеткен батыс елдерімен салыстыруға болмайды. Кеңес үкіметінің шекпенінен шыққанымыздың өзі батыс мәдениетін әлі де бойға сіңірте алмауымызға себеп. Бұл жерде бас-көз жоқ барлық дүниесін қабылдауды айтып отырған жоқпын. Қазақта «жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген бар. Ұлыбритания жас мемлекет болса, халық тарапынан түсінбеушілік көп туындауы мүмкін еді. Себебі, жас мемлекеттің халқы әр нәрсеге сенгіш. Сондықтан митингтің арасында әртүрлі ұстанымдағы адамдар болады. Олар шетелдегідей емес, санасы дұрыс, бағыты әлі де айқындалмаған халықтың ойын басқа арнаға бұрып, өз мақсаттарына жұмыс істетуі мүмкін. Ал мыңжылдық тарихы бар ағылшындардың халқы бөгде саясаттың құрбанына айналуы қиын. – Өзіңіз айтқан эмоционалды себеп-салдарды алдын алуға басшылық іс жүзінде қолдануға мүдделі ме? – Біздің басшылық жүзеге асыруға ниетті. Жаңа министр келгелі біраз жаңашылдықтар енгізіліп жатыр. Үй бетін көрмей қызметте жүретін полицейлерге қолдау ауадай керек. – «Интерпол» деген бізге кинодан көргендей қылмыскердің ізінен түсіп, қылмысты ашатын адам секілді елестейді. Сіздің міндетіңізге не кіреді? Бұл жерде қызмет істеу өте қызық. Қылмыстық іздестіру қызметі шығармашылық жұмыс секілді. Қылмысты ашу алдында адамдармен тіл табысу, стратегиялық жоспар жасау, шараларды қолдану кезінде өзіңнің қарым-қабілетің маңызды рөл атқарады. Мұнда қосымша дипломатиялық қарым-қатынас жасау да маңызды. Біз дипломаттық погондағы қызметкерміз. Біздің қызметіміздің 90 пайызы қағазбен жұмыс. Оның 80-85 пайызы ағылшын тілінде. Интерполдағы 195 елдің ортақ почтасы арқылы ақпарат алмасып жұмыс істейміз. Күніне 20-30 шақты сұрау келеді. Біздің міндетімізге шекара асып қашқан қылмыскерлерді және шетелден біздің елде бой тасалап жүрген қылмыскерлерді іздестіру кіреді. Шыңғыс – Сіздің көп тіл білетініңіз туралы естіп едік. Қазақ тілінен бөлек тағы қандай тіл білесіз? Орыс тілі, ағылшын, түрік және италиян тілі. Түрік тіліне мектепте оқып жүргенде қызықтым. Сөйтіп, өз бетімше оқып үйрендім. Ал италиян тіліне шетелде оқып жүргенде қызығушылық басталды. Бұл тілді қазір де оқып жүрмін. Тағы да сол жұмысыма кедергі келтірмеу үшін түскі астың уақытын ұрлауға тура келеді. Басқалар айтқандай, бір тілді үйрену кезінде басқа тілді ұмытуға мүмкіндік жоқ. Менің қызметімде күнделікті бірнеше тілді қолдану керек. Сол секілді қазақ тіліне де қызығушылық танытатын шетелдік группаластарым болды. Олардың ойынша, қазақ тілі құлаққа жағымды естіледі. – Сарыарқаның сайын даласында дүниеге келген баланың Эверестке шығуды арман еткені қызығушылық тудырып отыр. Шыңғыстың ендігі арманы шыңды бағындыру ма? Тауға деген махабаттым былтырдан басталды. Эверестің 8849 метрлік биігіне шығып, Қазақстанның жалауын көтеру – арманым. Бүгіннің өзінде Эверестің 5400 биіктігін бағындыра алғаным – үлкен жетістік. Сол он күннің ішінде өткен өміріме қорытынды жасауды, алда қандай шешім қабылдауды үйрендім. Өмірдің қадірін сезіндіреді. Мақсатым Эверестің шыңын ғана емес, қызметімде де үлкен жетістікке жетуді армандаймын. – Сіз жақында Үндістанға, БАӘ-не барып келген екенсіз. Шетелге жұмыс бабымен бардыңыз ба? Былтыр Дубайда Халықаралық жас полиция лидерлерінің жарысына қатыстым. Сол жарыстың конкурсынан өтіп, биыл Үндістанның үш қаласында ел намысын қорғауға мүмкіндік алдым. Он күн ішінде халық пен полиция арасындағы сенімді нығайту мәселесін талқылап, соңында 50 адам 3 топқа бөлініп Интерпол басшыларына ұсыныстарымызды жеткіздік. – Халық сеніміне ие болу үшін не істеу керек екен? Ең бірінші кезекте ашық болу керек. Бұл тәжірибені біздің елде де қолданып жатыр. Шетелден үйренетін дүние көп. Мысалы, БАӘ-дегі полицейлер форма кимейді. Оларды формамен жүргенін әуежайда ғана көруің мүмкін. Оның өзінде аз. Көбінесе ұлттық киімдерімен жүреді. Бұл алдыңа келген арызданушыға психологиялық қысым жасауға себеп болмайды. Азаматтық киіммен келсең, ашылып сөйлеседі. Ал форма алдыңдағы адамның қорқу сезімін тудырады. Жақында болған шетелдік сапарымда аудармашының қызметін атқардым. Интерпол басшыларының кездесуінде және Ішкі істер министрлігінің арнайы жасақ қызметкерлері халықаралық жарысқа қатысты. Сол жарыста әріптестеріме аудармашы болдым. Ал келешекте IT саласында білім алғым келеді. Бұрын киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінде жұмыс істегенімде IT саласына қатысты курстарға қатысып, сертификат алып қойдым. Алда Интерполдың инновациялық орталығында білімімді шыңдағым келеді. Жетістікке жету үшін оқу, өзіңді дамытуды қолға алып, бір орында тұрып қалмау керек. Жиған білімім мен тәжірибемді қылмыстың алдын алу мен қылмыскерді құрықтауға арнап, осы арқылы халықтың алаңсыз ұйқысына азаматтық үлесімді қосқым келеді. – Әңгімеңізге рахмет!