Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің әкімшілік-аймақтық құрылымын жетілдіру мәселесіне ерекше назар аударды. Осылайша, ел аумағында жаңа үш облыс құру туралы ұсыныс білдіріп, 2022 жылдың маусымында республика картасында жаңа үш аймақ пайда болды. Ал бүгінде жаңадан құрылған облыстардың халі қандай? Осы сұраққа жауап іздеу мақсатында Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарының қазіргі жағдайы мен даму жоспарына шолу жасадық.
Абай облысы
[caption id="attachment_244997" align="alignnone" width="1280"]
«Алдымызда кезіккен мәселелер аз болмады. Басты мәселе – Семей мен Абай облысындағы кадр тапшылығы. Иә, қалалық әкімдікте жұмыс істейтін тәжірибелі басқарушылар бар. Бірақ облыстық деңгейге көтерілгендіктен, жұмыс ауқымы еселеніп, сұранысымыз артып отыр. Бұл дегеніміз – біздің мамандар вице-министр, департамент, комитет басшылары деңгейіне дейін көтеріле алатындай болуы қажет. Өкінішке қарай, Семейде мұндай адамдар жоқ, көбісі әлдеқашан кетіп қалған. Сондықтан жұмысты нөлден бастап жатырмыз. Бастапқыда бөлімдер екі-үш адаммен ғана жұмыс істегені өтірік емес. Болашақ басшылар ретінде жастарды көбірек қамтуға тырысудамыз», – деді облыс әкімі.Абай облысы өз алдына жеке облыс болып жасақталған соң оның даму жоспары да өзгерді. Биыл жыл басында Үкімет аталған аймақтың 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын бекітті. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарында 9 бағыт бойынша 102 іс-шара көзделген. Өнеркәсіпті дамытуға – 8 іс-шара, оның ішінде тау-кен байыту комбинатын салу және «Айдарлы» мыс кен орнын өнеркәсіптік игеру бар. 2028 жылға қарай облыс экономикасына 1,3 трлн теңге инвестиция тартылып, өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 1,5 есе өсіммен 1,4 трлн теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мақсатында 100,3 млрд теңгеге 13 жоба іске асырылатынын мәлімдеді.
«Бесқарағай және Жарма аудандарында ет өңдеу комбинатының, суару жүйелерінің, сүт-тауар фермаларының құрылысы жоспарланып отыр. Осылайша, өңірдің ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 2028 жылға қарай 1,5 есеге немесе 725,9 млрд теңгеге дейін өседі. Туризм саласында 41 млрд теңгеге 6 іс-шараны іске асыру, оның ішінде сауда ойын-сауық орталықтары (Семей – 3,7 млрд теңге), қонақүй кешені (Семей – 24 млрд теңге) және Алакөл көлінің жағалауындағы демалыс базасын салу (6,1 млрд теңге) жсопары», – деді Ұранхаев.Сондай-ақ облыстағы білім беру саласында да бірқатар игі бастама күтіліп отыр. Апатты, тозығы жеткен мектептерді жою үшін білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен 510 орындық 6 шағын жинақталған мектеп салу жоспарланып отыр. Ал жақында Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған Семей қаласындағы 150 орындық оңалту орталығының құрылысы аяқталды.
«Кешенді жоспарға Семей және Аягөз қалаларында тағы екі оңалту орталығын салу ескерілді. Өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту үшін қатты-тұрмыстық қалдықтар полигонын, қатты-тұрмыстық қалдықтар полигонында ғимарат (ангар) салу және жаңғырту жоспарланған. Кешенді жоспарды іске асыру өңір экономикасының өсу қарқынын арттыруға мүмкіндік береді және халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуды қамтамасыз етеді», – деді Нұрлан Ұранхаев.Ұлытау облысы [caption id="attachment_245000" align="alignnone" width="1202"]
«Кешенді жоспарды орындау жаңа облыстың дамуына айтарлықтай серпін береді және өңір халқының әл-ауқатын арттыруға жағдай жасайды. Сонымен қатар тұрғын үй және көлік инфрақұрылымын, әлеуметтік саланы дамыту бойынша жобалар іске асырылып, экологиялық проблемалар шешіледі», – деді Әлихан Смайылов.Осы ретте аймақта металлургия өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға ерекше назар аудару көзделген. Сондай-ақ жергілікті бюджет қаражаты есебінен «Табысқа жету жолы» атты бизнесті қолдаудың өңірлік бағдарламалары әзірленбек. Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы Абай облысындағыдай кадр тапшылығы мәселесі Ұлытау облысында да болғанын айтқан болатын.
«Облыстық басқармаға біз қызметкерлерді қаладан, аудандардан әкімдіктерден алуға тырыстық. Әр ауданнан 1-2 адамнан қабылдадық. Өңірлерде жұмыс істеуге дайын, әлеуеті, мүмкіндіктері бар азаматтарды анықтау мақсатында тұрғындармен кеңестім. Себебі облыстық басқарма басшылығына халық сенетін тәжірибелі адамдар маңызды», – деген еді Берік Әбдіғалиұлы.2023 жылдың басында кадр тапшылығы мәселесін азайтып, білікті мамандарды дайындау мақсатында Жезқазғанда «Жас мемлекеттік қызметші мектебі» ашылып, өз жұмысын бастап кетті. Мұндай республикалық жобаны ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті облыс әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырды. Осылайша, Ұлытау облысында аймақты дамыту, тұрғындардың негізгі мәселелерін шеше отырып, өңірді жандандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жетісу облысы [caption id="attachment_244999" align="alignnone" width="1202"]
«Бүгінде Жетісу облысы бойынша 100 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан жер анықталды. Жер – халықтың байлығы. Ол барлық азаматтың игілігіне жарауы керек. Әкімдер бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауы қажет. Облыстың суармалы жерлерді игеруге зор мүмкіндігі бар. Бүгінде аймақтағы жер суаратын желілердің 70 пайызы тозып тұр. Оның бәрін жаңғыртып, қалыпқа келтіру керек. Ақсу, Алакөл және Сарқан аудандарында суармалы жердің көлемін 18 мың гектарға ұлғайтуға болады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі облыс әкімдігімен бірлесіп, осыған орай нақты шаралар қабылдасын», – деген еді Президент өз сөзінде.Жетісу өлкесі – табиғи байлықтарымен танымал. Сондықтан жергілікті әкімдік аймақта туризмді дамытып, сол арқылы экономиканың дамуына жағдай жасамақ. Мысалы, Жетісудағы ұлттық сааябақтар аумағында құны 3 млрд теңгеден асатын ауқымды жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Осы мақсатта ірі инвесторлар да тартылып қойған. Облыстағы өнеркәсіп саласының даму көрсеткіштері де көңіл қуантарлықтай. Жыл басынан бері сала бойынша 23 нысан пайдалануға берілген. Оның ішінде бірнеше жылдан бері тоқтап тұрған жоғары сапалы кремний өндіретін Kazsilicon зауытының қайта іске қосылуы мен темірді тікелей тотықсыздандыратын «Электромарганец» зауытының құрылысын ерекше атап өтуге болады. Сонымен қатар өңірде 7 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп, 162 жобаны қамтитын инвестициялық бағдарлама әзірленген. Бұдан бөлек, өңірді дамытуға септігін тигізетін жобаларды жүзеге асыру мақсатында инвесторларды көптеп тарту көзделіп отыр. Облыс аумағында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту мәселесі де күн тәртібінде тұр. Аймақтағы халықтың 90%-ы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілгенімен, су құбыры желілерінің көпшілігі әбден ескірген. Сондықтан өңірде 1 200 шақырым құбыр желісі күрделі жөндеуден өткізуді қажет етеді. Қазір өңірлік әкімшілік осы мәселені басты назарға алуды жоспарлап отыр. Облыстағы жол мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, бүгінде «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» және «Үшарал – Достық» тасжолдарының құрылысы жүріп жатыр. Жол салу және жол жөндеу жұмыстары келер жылы толықтай аяқталады деп жоспарланған. Осылайша, қазір облыста атқарылып жатқан және болашаққа жоспарланған шаралар өңір экономикасын ілгерілетіп, халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталып отыр. Мемлекет басшысының ұсынысымен аталған өңірлер аудандық деңгейден облыстық деңгейге өтіп, жаңа мәртебеге ие болды. Абай, Ұлытау және Жетісу өңірлерін жаңа әкімшілік орталықтарға айналдыру, оларға мемлекет бюджетінен қаржы бөліп, арнайы инвесторлар тарту әлеуметтік-экономикалық жағдайы әлсірей бастаған аймақтардың қайта дамуына жағдай жасады.