Мамандар екі ай бұрын Жайыққа батып кеткен ер адамды іздеуге қайта кірісті
Мамандар екі ай бұрын Жайыққа батып кеткен ер адамды іздеуге қайта кірісті
Фото: mobillegends.net
Атырауда 5 қаңтарда ер адам Жайық өзеніне батып кеткен. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ер адамды 16 наурыздан бастап  1 қайықпен 5 құтқарушы қайта іздеуге кірісті. Биылғы 5 қаңтарда жергілікті уақытпен сағат 11.14 шамасында Атырау қаласындағы «Жұмыскер» шағынауданында екі ер адам Жайық өзенінде қатқан мұз астына түсіп кеткен. Полицейлер өзенге батқан екі адамның бірі – 49 жастағы ер адамды құтқарып қалды. Ол облыстық ауруханаға жеткізілді. Ал, 1975 жылғы ер адамды құтқару мүмкін болмады. Оны іздеу жұмысы 10 күнге созылғанымен, нәтиже берген жоқ. Енді өзенге батып кеткен адамды іздеу қайта жалғасады. Күн жылынып, Жайық өзенінде мұз еріген соң батып кеткен адамның туыстары құтқарушыларға іздестіру жұмысын жалғастыру туралы өтініш жазған.