Батыс Қазақстан облысында су тасқыны әлі де қауіпті болып отыр. Сондықтан табиғи апаттың алдын алу жұмысы жалғасып жатыр. Бұл туралы Aikyn.kz Батыс Қазақстан облысы ТЖД-не сілтеме жасап хабарлайды. «Бір тәулік ішінде Орал қаласы мен облыстың 5 ауданында – Ақжайық, Бөрлі, Қаратөбе, Казталов және Бәйтерек ауданында жұмыс жүргізілді. Жалпы, инертті материал салынған 5000-нан астам қап төселді. Қосымша 4 000-ға жуық қап дайындалды, 75000-нан астам текше метр су сорылды. Су тасқыны кезеңінің басынан бастап Батыс Қазақстан облысы бойынша 500 000 текше метр су сорылды. Су басқан 57 тұрғын үйден су сору жұмысы аяқталды, бұрын эвакуацияланған 275 адам өз үйіне оралды. 22 адам туыстарының үйін паналап отыр. Су тасқыны салдарын жою жұмысы 20 саяжай аумағында жүргізіліп жатыр», – деді Батыс Қазақстан облысы ТЖД бастығы Ернұр Утегенов. Қазіргі уақытта Деркөл, Шаған және Шыңғырлау өзеніндегі су деңгейіне мониторинг жүргізілді. 11 бақылау гидробекеті қойылды.