Қазақстанға Қытайдан келгеннен кейін 185 адам карантинге жіберілді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді. «Бізде бірінші санатта Қытайдан келген 185 адам бар. Әзірге олар карантинде. 1 наурыздан бастап тізіміміз кеңеймек. Қатарға Оңтүстік Корея, Италия, Жапония, Ираннан келген азаматтар қосылмақ. Біз олардың барлығын ауруханаларға орналастырғымыз келмейді. Тек симптомы бар адамдар ғана ауруханаға барады», – деді министр журналистермен кездесуінде. Министр көрсеткен мәліметтерге сүйенсек, қазір екінші санат бойынша адам саны – 2 235 адам. Олар шекарадан өткен күннен бастап, 24 күн бойы медициналық бақылауда болады. 14 күн бойы маман күнделікті келіп қадағаласа, 10 күн бойы қашықтықтан бақылап отырады. Үшінші санатта – 1 401 адам. Оларға 24 күн бойы қашықтықтан бақылау орнатылады. Сондай-ақ коронавирустың кең таралуына байланысты эпидемиялық қолайсыз елдердегі Қазақстан азаматтарына байланысты Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияр брифинг өткізді. – Біздің Сеулдегі елшілік тарапынан азаматтарымызды Оңтүстік Кореядағы коронавирусқа қатысты ақпараттандыру бойынша бірқатар шара қабылдады. Дипломаттарымыз отандастарымызбен мессенджер, әлеуметтік желілер арқылы байланыс орнатып, қажетті ақпаратты ресми интернет-ресурстарда орналастыру арқылы және телефон арқылы хабарлауда. Сонымен қатар жедел штаб құрылып, WhatsApp мессенджерінде арнайы чат құрылып, тәулік бойы жедел желі телефоны жұмыс істеуде. Қазақстан азаматтарын консулдық есепке алу жұмысы күнделікті жүргізіліп жатыр, – дейді ведомствоның ресми өкілі. Мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда Оңтүстік Кореяда 35 мыңнан астам Қазақстан азаматы бар. Оның ішінде шамамен 12 мыңдайы – заңсыз жүргендер. Ал консулдық есепте небәрі 848 адам тұр екен. «1 наурыздан бастап Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы рейстер қысқартылады. Осыған байланысты Оңтүстік Кореяда жүрген азаматтарымызды осы шектеу күшіне енгенге дейін елге оралуға шақырамыз» дейді Айбек Смадияр. Г.БЕКЗАТ