Теңгелік депозиттер бойынша өтемақы төлеуге арналған қаражат банктерге түсті
Теңгелік депозиттер бойынша өтемақы төлеуге арналған қаражат банктерге түсті
Фото: exclusive.kz
766
оқылды
Биыл 16 наурызда теңгелік салымдар бойынша өтемақы (сыйлықақы) есептеуге арналған қаражат екінші деңгейдегі банктерге түсті. Бұл туралы Aikyn.kz Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына сілтеме жасап хабарлайды.
«Өтемақы төлеу рәсімінің аяқталып келе жатқанын қуана хабарлаймыз. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 15 наурызда банктерден салымшылардың нақты тізілімін алып, оларды операторға жолдады. Жақын күндері банктер төлемдерді толық көлемде аяқтайды», – деді ҚДКБҚ төрағасының орынбасары Алмас Құдайбергенов.
«Проблемалық кредиттер қоры» пен «Қазақстанның орнықтылық қоры» ақшаны банктерге аударды. Аударылған қаражаттардың жалпы сомасы 306,6 млрд теңге болды. Мемлекет тарапынан 10 пайыздық сыйлықақыны алатын салымшылар саны – 2 млн 615 мың 772 адам. Қағидаларға сәйкес, екінші деңгейдегі банктер екі жұмыс күні ішінде (соңғы күнін қоса алғанда 2023 жылдың 20 наурызына дейін) тиесілі сыйлықақыны өтініш берген депозиторлардың шоттарына аударады. Теңгелік депозиттер бойынша 10%-дық сыйлықақы Қаржы министрлігі мен Ұлттық банкінің қаражаты есебінен төленеді. Банктер сыйлықақы төлеуге өтініштерді бес ай бойы – 2022 жылдың қыркүйегінен 2023 жылдың ақпанына дейін қабылдады. Өтініштерді қабылдау биыл 10 ақпанында аяқталды. Сыйлықақыны есептеу бойынша толыққанды ақпарат алу үшін салымшылар депозиттері ашылған банктерге жүгінуі тиіс.