Бас прокуратура тыныштық күніне қатысты мәлімдеме жасады

Бас прокуратура тыныштық күніне қатысты мәлімдеме жасады

Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Орталық сайлау комиссиясының отырысында тыныштық күніндегі тәртіп туралы мәлімдеме жасады.

«Бүгін сағат 00:00-де сайлау алдындағы үгіт жұмыстарының кезеңі аяқталады. Ертең, 18 наурызда және дауыс беру күні – 19 наурызда кез келген үгітті жүргізуге тыйым салынады. 14 наурыздан БАҚ-та сауалнама нәтижелерін, сайлау нәтижелерінің болжамдарын, сайлауға, кандидаттарды қолдауға дауыс беруге байланысты өзге зерттеулерді жариялауға да жол берілмейді. Мұндай сауалнаманы дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пункте жүргізуге болмайды», – деді ол.
Өмірәлиев атағандай, тіркелген және Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде хабардар еткен заңды тұлғалар ғана сайлау учаскелерінен шыға берісте жүргізе алады.
«Аталған сауалнамалардың нәтижелерін БАҚ-та дауыс беру күнінен кейін, яғни 2023 жылғы 20 наурыз сағат 00:00-ден бастап жариялауға рұқсат етіледі. Конституциялық заңның осы талаптарын орындамау Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 102 және 120-баптарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады. Аталған заң талаптары Парламент Мәжілісі депутаттарымен қатар, барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауына да қатысты», – деді Бас прокурордың орынбасары.