Астанадағы «Алау» мұз айдынында конькимен жүгіруден IV қысқы Жастар спорт ойындары мәресіне жетті. Әйелдер арасында 1500 метрде елордалық Алина Дауранова қарсылас шақ келтірген жоқ. Дарья Гаврилова (Астана) күміс, Алёна Лифатова (Павлодар облысы) қола медальге қол жеткізді. Ерлер арасында Вадим Якубовский (Қостанай облысы) чемпион атанса, Роман Биназаров (Қостанай облысы) пен Михаил Глущенко (Алматы) одан кейінгі тұғыр сатысына көтерілді. Ұлттық құрама спортшысы Алина Дауранова масс-стартта да мәреге бірінші келіп, осы ойындардағы 6-алтынын мойнына тақты. Қалған жүлдені Солтүстік Қазақстан облысының өкілі Кристина және Алина Шумековалар иеленді. Ерлер арасындағы тартысты сында алматылық Абдумәлік Асқардың мерейі үстем түсті. Ол командаласы Михаил Глущенко мен елордалық Руслан Жанаділовтен бір табан алда болды. Конькимен жүгіруден IV қысқы Жастар спорт ойындарында жалпы есепте Астана қаласы жеңіске жетсе, Қостанай облысы екінші, Алматы қаласының командасы үшінші сатыға тұрақтады. Кешенді жарысқа 8 облыс пен 2 қаладан барлығы 120 таңдаулы конькиші қатысты.