Парламентаралық ынтымақтастық дами береді
Парламентаралық ынтымақтастық дами береді
361
оқылды
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жү­сіп түркі мемлекеттері Парламенттік Ассам­блеясы миссиясының байқау­шы­ларымен кездесті. Кездесуге қатысқан сенаторлар Бибігүл Жексен­бай, Руслан Рүстемов және Нұрлан Бекенов ТүркПА-ның құрылуы мен дамуына өз үлесін қосқан ел ретінде Қазақстан осы Ұйым аясындағы парла­ментаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға зор мән беретінін атап өтті. Халықаралық байқаушылар Мемлекет басшы­сының бастамасымен жүргізіліп жатқан реформаның негізгі мәселелері туралы жан-жақты хабардар болды.
«Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарға сайлау жаңа аралас жүйе бойынша өтеді. Мәжіліс депутат­тарының 70 пайызы пропорционалды, ал 30 пайызы мажоритарлық жүйе бойынша жасақталады. Яғни, партиялар 69 орынға, ал бір мандаттылар 29 орынға таласады. Бұл әртүрлі әлеуметтік топтар мен саяси партиялардың мүшелерін сайлауға мүмкіндік береді және Парламенттің өкілдік қызметін қамтамасыз етеді. Мәжіліс депутаттарын сайлау ауқымды ішкі саяси өзгерістер аясында өтетінін айта кету керек», – деді Нұртөре Жүсіп.
Кездесуге Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясынан Түркияның Ұлы Ұлттық жина­лы­сы­ның депутаттары Режеп Шекер, Шенель Йе­дийл­дыз және Юксел Өзқан, Әзербайжан Рес­публикасы Милли Мәжілісінің депутаты Хикмет Маммадов, ТүркПА Бас хатшысы Мехмет Сурея Эр қатысты.