АҚШ: ресейшіл қос кандидат қалуы мүмкін
АҚШ: ресейшіл қос кандидат қалуы мүмкін
224
оқылды
Америкада сенаторлар «2020 жылғы сайлауға қол сұқ­қа­ны үшін Ресейге қарсы санк­ция енгізуді» талап етті. Мұның оғаш­тығы сол, прези­денттік до­­да әзірге өткен жоқ: 3 қара­шаға жоспарланған. Құрама Штат­тарда үміткерлер ара­сын­­да тартыс қызған са­йын не­­бір тосын мәлімдеме де т­ас­қындай беретінге ұқ­сай­­ды. АҚШ сенатында қатары аз демократиялық партия өкілдері 25 ақ­пан күні мемлекеттік хатшы Майк Помпеоға және қаржы ми­­нистрі Стивен Мнучинге хат бағыт­тады. Онда сенаторлар алда­ғы АҚШ президенті сайлауына ара­ласқаны үшін Ресейге және оның басшысына жаңа санкция­лар енгізуді талап етті. The New York Times-тің жа­зуын­­ша, тың­шы­лар «Мәскеу Д.Трамп­тың қай­та сайлануына сеп­теспек» де­­ген­ді Конгрестің өкіл­дер па­ла­­­тасына арналған жабық бри­финг­те мәлімдепті. Арнайы қыз­­мет­тердің жоғары лауазымды өкі­­лі «Ресей дезинформацияны тікелей емес, америкалықтар ар­қы­­лы тарататынын», «сай­лау­­да Трамп жеңуі үшін демо­­крат­тардың праймеризі нәти­же­­леріне де ықпал ететінін» ай­тып­ты-мыс. Дональд Трамп мұны «демократтардың де­зин­­фор­­­мациялық науқаны» деп ба­ға­лады. Солтүстік көршіміз, әрине мұн­­дай айыбы барын мойын­да­ма­ды және «Түге, естеріңнен ауыс­қансыңдар ма?» деген ауан­да жауап қайырды. «Кезекті параноидалды хабар. Сайлау жақындаған сайын енді мұндай тек өрши береді», – деді Ресей президентінің баспасөз хат­шысы Дмитрий Песков. Деген­мен бұл жерде «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» деген қазақ даналығын да ұмытпаған жөн. Америкада президент бүкілха­лық­­тық тікелей дауыс берумен емес, таңдаушылар алқасы тетігі ар­­қылы сайланады. Одан бұрын әр пар­тия «бастапқы сайлау» рәсі­мін өт­кізіп, өз атынан ұсы­ны­ла­тын жал­ғыз кандидатты анық­тауы тиіс. Рес­публикалық пар­тия бұл қар­ба­ластан құтыл­ды, оның жал­ғыз үміткері – қазір­гі мем­лекет бас­шысы. Ал демо­­кра­тия­лық пар­тия бірнеше сер­кенің арасынан таңдап әуре. Әйтсе де, сарапшылар Берни Сандерстің демократтардың бет­кеұстарына айналарын се­ні­м­­мен айтуда. Өйткені батылдығы, сөзге шешендігі, ұсыныста популизмге бейім­дігі Трампқа қатты ұқсайтын Сандерс көпшіліктің көңілінен шы­ғатын тәрізді. Мәселен, Сандерс прези­дент болса, жаппай тегін меди­­цина ен­гізетінін, жеке медсақ­тан­ды­ру­шы­ларға тыйым салатынын мә­лімдеді. Бұл капитализмге жат бол­­ғанымен қоймай, жыл сайын АҚШ ЖІӨ-сінің 10% көлемінде ора­сан шығын шығарып отыруды та­лап етеді. Сандерс сапаның құл­­­­дырауы ықтимал екеніне мән бер­мей, университеттердің бар­лы­­­ғын­да жоғары білімді тегін ет­пек ниетте. Ал байларды ауыр са­­лық­тың астында қалдырып, «бо­ла­шақта елде бірде-бір мил­лиар­дер қал­мауына» қол жет­кіз­бек. Америкалық таңдаушылар са­раб­­дал саясаткерлерден жалық­қан деседі, демек демократиялық социалист және экс-троцкист Сан­­дерс бұл жағынан ұтады. Бір қы­зы­ғы, алдын ала сауалнамалар бұ­­­рын­ғы вице-президент Джо Бай­ден­нің жеңіске жететінін көр­сет­кен. Алайда бастапқы бар­лық 3 праймеризде Барни Сан­дерс ең көп дауыс жинап, жал­пы­­ұлт­тық рейтингте бірінші орын­ға шық­­ты. Осылайша, әлем­дегі ең ірі дер­жавада әр сөзін сал­мақ­тай білетін, мемлекеттік құн­ды­­­­лықтарға сүйе­нетін, дәстүрлі сауал­­намаларға сене­тін ескі фор­ма­­циядағы саясат­кер­лер орын­дал­­майтын уәдені үйіп-төгетін, қар­сыласын аяусыз сөгетін, аузы­на келгенді айта беретін ради­кал­дар­ға жол беруде. Бұл үрдіс бүгін емес, біраз уа­қыт бұрын бой көтерді. Демо­крат­­тар – америкалық нәзік бол­мыс ие­лері арасынан оқ бойы озып шық­қан лидер, тәжірибелі сая­сат­кер Хил­лари Клинтонның, ал рес­публикалықтар – саяси әулет­тің бел­гілі өкілі, мексикалық миг­рант­­­тың күйеуі, адами сипаттағы кон­­серватизмнің табанды жақ­тау­­шы­сы Джеб Буш жеңеді деп үміт­тенді. Бірақ бәрі расист, сек­сист, миг­рант атаулыны жек кө­ре­тінін жасыр­майтын Д.Трам­п­­қа жол берді. Елдің бүкіл сая­си жүйесінен көңілі қалған қа­ра­пайым халық әлдеқайда жал­тақ­­тамай, ойындағысын дөрекі бол­са да ашық айтатын, саяси сы­­­пайылықты жиып қойып, әр нәр­­сені өз атымен атайтын, Аме­ри­ка әлемге ұлы көрінуі үшін жер­гі­лікті тұрғындардың жеке мүд­деле­рін аяқа­сты етуге бол­май­тынын мә­лім­деген Дональд Трампқа ел тіз­гі­нін тапсыр­ғысы келетінін анық аңғартты. Құрама Штаттарда кезекті пре­зи­денттік сайлау науқаны бас­тал­ғанда, демократтар салмақ­ты кандидатқа бәс тікті. Өйткені олар алдыңғы додада Хиллари Клин­­тонның отбасындағы олқы­лық­­тары, жұртшылық алдында тым қарапайым, сыпайы ұстауы, соны­мен қатар «Ресейдің арала­суы» (Russiagate) кесірінен жеңі­ліп қал­дық деп санайтын. Сондықтан демократтар Джо Байденге жеңіс тілеп, бар үмі­тін үкіледі. Байден Барак Оба­­ма­ның үзеңгілесі болған, афро­а­ме­­рикалықтар арасында да аса та­ны­мал тұлға. Ол ұсынған ба­йып­ты бағ­дарламаның игілі­гі же­терлік және тіпті республи­ка­лықтарды да, айқындалмаған таңдаушыларды да қы­зықтыра алады. Қарсыластар оның ұлы­ның Украинадағы «күдік­ті» ком­мер­циясынан басқа былы­ғын таба алмаған. Сөйтіп, Джо Байден «фаво­рит» ретінде аламанға түсті. Алай­­да сөзінде тегеурін, көзінде жар­­қыл жоқ үміткердің бір са­рын­­­ды үндеуіне демократтар есі­­ней бастады. Байденді қол­дау­­­шы митингтерге жұрт оның бәсе­­келестеріне қарағанда аз жина­ла­тынды шығарған. Ақы­ры Байден Айова мен Нью-Гэмп­шир­де бірде-бір делегаттың дауы­сына ие бола алмай, соңғы орын алды. Невадада екінші орын­ға шықты, бірақ оның 20% көр­сеткіші Сандерстің 47%-ына тең деуге ауыз бармайды. Са­рапшылар байламынша, 29 ақ­пан­да афроамерикалық таң­дау­шылар көп Оңтүстік Каро­ли­на штатында ба­сым жеңбесе, Бай­ден бәй­ге жо­лы­нан шыға берсе де бо­лады екен. Онда елді дүрліктірген ради­кал­дарға қарсы басты байсалды кандидат – миллиардер, Нью-Йорк­­тың бұрынғы мэрі Майкл Блум­­берг болмақ. Ол өзін-өзі дәріп­теу жөнінен рекордсмен: жар­намасына 400 миллион дол­лар шы­ғындаған. Әйткенмен, сая­саттанушылар Блумбергтің бағ­дарламасының таяздығына, ег­жей-тегжейінің жоқтығына ек­пін түсіреді. Сондай-ақ амери­ка­лық­тардың бір бөлігі оны stop and frisk (тоқтат та тінті) сая­сатын іске асырғаны үшін жек кө­­­реді: аталған тәжірибе Нью-Йорк по­лицейлеріне кез кел­ген адам­ды тоқтатып, қа­ла­са, ше­­­шін­ді­руі­не рұқсат етті. Сал­­да­ры­­нан қара нәсілділер мен латынаме­ри­калықтар көп зардап шекті. Блум­берг ұзақ жыл бойы ол сая­сатты қорғаштап келді және тек сайлау науқаны қарсаңында ғана жұрт­шылықтан кешірім сұра­ды. Америкада байлық әді­лет­сіз бөлінген деп санайтын либе­рал­­дар мен социалистер де оны шал­­қыған бай болғаны үшін жақ­тыр­майды. Нәтижесінде, сарапшылар сай­лауда трампизм мен сан­дер­сизм­­нің қайсысы үстем болатыны жөнінде ғана пікір таластыруда.    width=Айхан ШӘРІП