Америкада сенаторлар «2020 жылғы сайлауға қол сұққаны үшін Ресейге қарсы санкция енгізуді» талап етті. Мұның оғаштығы сол, президенттік дода әзірге өткен жоқ: 3 қарашаға жоспарланған. Құрама Штаттарда үміткерлер арасында тартыс қызған сайын небір тосын мәлімдеме де тасқындай беретінге ұқсайды.
АҚШ сенатында қатары аз демократиялық партия өкілдері 25 ақпан күні мемлекеттік хатшы Майк Помпеоға және қаржы министрі Стивен Мнучинге хат бағыттады. Онда сенаторлар алдағы АҚШ президенті сайлауына араласқаны үшін Ресейге және оның басшысына жаңа санкциялар енгізуді талап етті. The New York Times-тің жазуынша, тыңшылар «Мәскеу Д.Трамптың қайта сайлануына септеспек» дегенді Конгрестің өкілдер палатасына арналған жабық брифингте мәлімдепті. Арнайы қызметтердің жоғары лауазымды өкілі «Ресей дезинформацияны тікелей емес, америкалықтар арқылы тарататынын», «сайлауда Трамп жеңуі үшін демократтардың праймеризі нәтижелеріне де ықпал ететінін» айтыпты-мыс. Дональд Трамп мұны «демократтардың дезинформациялық науқаны» деп бағалады.
Солтүстік көршіміз, әрине мұндай айыбы барын мойындамады және «Түге, естеріңнен ауысқансыңдар ма?» деген ауанда жауап қайырды. «Кезекті параноидалды хабар. Сайлау жақындаған сайын енді мұндай тек өрши береді», – деді Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков. Дегенмен бұл жерде «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» деген қазақ даналығын да ұмытпаған жөн.
Америкада президент бүкілхалықтық тікелей дауыс берумен емес, таңдаушылар алқасы тетігі арқылы сайланады. Одан бұрын әр партия «бастапқы сайлау» рәсімін өткізіп, өз атынан ұсынылатын жалғыз кандидатты анықтауы тиіс. Республикалық партия бұл қарбаластан құтылды, оның жалғыз үміткері – қазіргі мемлекет басшысы. Ал демократиялық партия бірнеше серкенің арасынан таңдап әуре.
Әйтсе де, сарапшылар Берни Сандерстің демократтардың беткеұстарына айналарын сеніммен айтуда. Өйткені батылдығы, сөзге шешендігі, ұсыныста популизмге бейімдігі Трампқа қатты ұқсайтын Сандерс көпшіліктің көңілінен шығатын тәрізді.
Мәселен, Сандерс президент болса, жаппай тегін медицина енгізетінін, жеке медсақтандырушыларға тыйым салатынын мәлімдеді. Бұл капитализмге жат болғанымен қоймай, жыл сайын АҚШ ЖІӨ-сінің 10% көлемінде орасан шығын шығарып отыруды талап етеді. Сандерс сапаның құлдырауы ықтимал екеніне мән бермей, университеттердің барлығында жоғары білімді тегін етпек ниетте. Ал байларды ауыр салықтың астында қалдырып, «болашақта елде бірде-бір миллиардер қалмауына» қол жеткізбек.
Америкалық таңдаушылар сарабдал саясаткерлерден жалыққан деседі, демек демократиялық социалист және экс-троцкист Сандерс бұл жағынан ұтады. Бір қызығы, алдын ала сауалнамалар бұрынғы вице-президент Джо Байденнің жеңіске жететінін көрсеткен. Алайда бастапқы барлық 3 праймеризде Барни Сандерс ең көп дауыс жинап, жалпыұлттық рейтингте бірінші орынға шықты. Осылайша, әлемдегі ең ірі державада әр сөзін салмақтай білетін, мемлекеттік құндылықтарға сүйенетін, дәстүрлі сауалнамаларға сенетін ескі формациядағы саясаткерлер орындалмайтын уәдені үйіп-төгетін, қарсыласын аяусыз сөгетін, аузына келгенді айта беретін радикалдарға жол беруде.
Бұл үрдіс бүгін емес, біраз уақыт бұрын бой көтерді. Демократтар – америкалық нәзік болмыс иелері арасынан оқ бойы озып шыққан лидер, тәжірибелі саясаткер Хиллари Клинтонның, ал республикалықтар – саяси әулеттің белгілі өкілі, мексикалық мигранттың күйеуі, адами сипаттағы консерватизмнің табанды жақтаушысы Джеб Буш жеңеді деп үміттенді. Бірақ бәрі расист, сексист, мигрант атаулыны жек көретінін жасырмайтын Д.Трампқа жол берді. Елдің бүкіл саяси жүйесінен көңілі қалған қарапайым халық әлдеқайда жалтақтамай, ойындағысын дөрекі болса да ашық айтатын, саяси сыпайылықты жиып қойып, әр нәрсені өз атымен атайтын, Америка әлемге ұлы көрінуі үшін жергілікті тұрғындардың жеке мүдделерін аяқасты етуге болмайтынын мәлімдеген Дональд Трампқа ел тізгінін тапсырғысы келетінін анық аңғартты.
Құрама Штаттарда кезекті президенттік сайлау науқаны басталғанда, демократтар салмақты кандидатқа бәс тікті. Өйткені олар алдыңғы додада Хиллари Клинтонның отбасындағы олқылықтары, жұртшылық алдында тым қарапайым, сыпайы ұстауы, сонымен қатар «Ресейдің араласуы» (Russiagate) кесірінен жеңіліп қалдық деп санайтын.
Сондықтан демократтар Джо Байденге жеңіс тілеп, бар үмітін үкіледі. Байден Барак Обаманың үзеңгілесі болған, афроамерикалықтар арасында да аса танымал тұлға. Ол ұсынған байыпты бағдарламаның игілігі жетерлік және тіпті республикалықтарды да, айқындалмаған таңдаушыларды да қызықтыра алады. Қарсыластар оның ұлының Украинадағы «күдікті» коммерциясынан басқа былығын таба алмаған.
Сөйтіп, Джо Байден «фаворит» ретінде аламанға түсті. Алайда сөзінде тегеурін, көзінде жарқыл жоқ үміткердің бір сарынды үндеуіне демократтар есіней бастады. Байденді қолдаушы митингтерге жұрт оның бәсекелестеріне қарағанда аз жиналатынды шығарған. Ақыры Байден Айова мен Нью-Гэмпширде бірде-бір делегаттың дауысына ие бола алмай, соңғы орын алды. Невадада екінші орынға шықты, бірақ оның 20% көрсеткіші Сандерстің 47%-ына тең деуге ауыз бармайды. Сарапшылар байламынша, 29 ақпанда афроамерикалық таңдаушылар көп Оңтүстік Каролина штатында басым жеңбесе, Байден бәйге жолынан шыға берсе де болады екен.
Онда елді дүрліктірген радикалдарға қарсы басты байсалды кандидат – миллиардер, Нью-Йорктың бұрынғы мэрі Майкл Блумберг болмақ. Ол өзін-өзі дәріптеу жөнінен рекордсмен: жарнамасына 400 миллион доллар шығындаған. Әйткенмен, саясаттанушылар Блумбергтің бағдарламасының таяздығына, егжей-тегжейінің жоқтығына екпін түсіреді. Сондай-ақ америкалықтардың бір бөлігі оны stop and frisk (тоқтат та тінті) саясатын іске асырғаны үшін жек көреді: аталған тәжірибе Нью-Йорк полицейлеріне кез келген адамды тоқтатып, қаласа, шешіндіруіне рұқсат етті. Салдарынан қара нәсілділер мен латынамерикалықтар көп зардап шекті. Блумберг ұзақ жыл бойы ол саясатты қорғаштап келді және тек сайлау науқаны қарсаңында ғана жұртшылықтан кешірім сұрады. Америкада байлық әділетсіз бөлінген деп санайтын либералдар мен социалистер де оны шалқыған бай болғаны үшін жақтырмайды.
Нәтижесінде, сарапшылар сайлауда трампизм мен сандерсизмнің қайсысы үстем болатыны жөнінде ғана пікір таластыруда.