БАҚ-тың жаңа бағыты
БАҚ-тың жаңа бағыты
© коллаж: Елдар Қаба
523
оқылды
Сөз қадірін білетін ұлт өз қадірін біледі. Мемлекет басшысы өткен жылғы нау­рыздағы халық­қа арнаған Жолдауында БАҚ-тың тәуел­сіз әрі жауапкер­ші­лі­гінің жоғары болуына назар аударды. Ақпарат құрал­дары билік пен халық ара­сында тиімді байланыс ар­насы болып, елдегі қорда­ланған мәселелерді көтеруі тиіс. Бірақ мұнда жауапкер­шілік, кәсіпке адалдық бас­ты ұғым. Адал әрі адуынды Ел Президенті өткен жылғы Жолдауында бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабіле­тін арттыру мәселелеріне айрық­ша көңіл бөлді. Мемлекет бас­шысының байламынша, отан­дық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы ке­рек, Қазақстанда және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуы тиіс. Елі­міздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты. Мемлекет енді ашық ақпараттық кеңістік пен сұранысқа ие, пәр­менді ақпарат құралдарын құ­руға айрықша назар аудармақ. Осы мақсатта алда БАҚ туралы ескірген заң орнына жаңа, сала­лық заң қабылданады. Онда ақ­парат арналарын қолдаудың жаңа тетіктері көзделеді. Өз кезегінде БАҚ қазақтың ұлан-байтақ, қазыналы даласына көз сұғын қадаған сыртқы зәлім күштердің тапсырыстарымен жұ­мыс істеуге немесе көлеңкелі қа­ламақы үшін ел ішіндегі саяси кландардың астыртын тартысына қатыспауы қажет. Журналистерге өз еліне және азаматтарына шы­найы жанашыр болу парыз. «Төр­тінші билік» биліктің үш тар­ма­ғына, яғни заң шығарушы, ат­қару­шы және сот билігіне қара­ғанда, бүкіл елге ықпал ете алар қаруға ие. Сол себепті Мемлекет бас­шысының пікірінше, журна­листер әр сөзді салмақтап қол­да­нып, жұрттың санасы мен сезіміне ықпал етуге мұқият қарағаны жөн. Айтпақшы, журналистика са­ла­сында алда жаңа мереке пайда болмақ. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қазақстандағы мерекелік күндердің тізбесін бе­кіту туралы» 2017 жылғы 31 қазан­дағы №689 қаулысына түзету ен­гізетін Үкіметтің жаңа қаулысы­ның жобасын әзірледі. Құжатта 2 ақпанды «Ұлттық басылым күні» деп атап өту ұсынылады.
«Бұдан бұрын 28 маусым «Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні», ал 2021 жылдан бастап 1 қазан «Радио қызметкерлерінің күні» ретінде бел­гіленді. Бұл дәстүр БАҚ-тың маңыздылығын көрсетіп, осы са­ладағы қызметкерлерді ынталан­дыра түседі. Ұлттық басылымның алғаш шыққан күнін ұлықтау Ресей, Әзербайжан, Тәжікстан, Қырғыз Республикасы секілді елдерде дәстүрге айналды. БАҚ бастауында тұрған «Қазақ» га­зетінің алғашқы саны шыққан күнді тарихи маңызды датаға айналдырудың маңызы зор», – деді министрлік.
Жолдауда Қ.Тоқаев мемле­кеттің мүддесін, қоғамның сұра­нысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ ту­ра­лы заңнаманы қайта қарауды тап­сырған. Соның негізінде «Масс-медиа туралы» жаңа заң жоба­­сы әзірленді. Бұл заң не үшін керек және нендей жаңалықтары бар? Біріншіден, қолданыстағы «БАҚ туралы» заң сонау 1999 жы­лы әзірленді және ондағы бірқа­тар анықтама өзектілігін жоғалт­ты. Ал жаңасында құқықтық қаты­настардың әр түрін реттейтін және соны айқындайтын «мем­ле­кеттік бұқаралық ақпарат құ­ралы», «мемлекеттік ақпараттық саясат», «масс-медиа», «грант», «субсидия», «корреспонденттік пункт», «Ұлттық баяндама» сияқ­ты жаңа ұғымдар енгізілмек. Екіншіден, әлемдегі геосаяси ахуал ұлттық ақпараттық қауіп­сіздікті нығайтудың, сенімді ақ­парат таратудың маңызын көр­сетті. Ақпарат айдынының шек­тен тыс кеңеюі, жаңа медианың өрістеуі, сайып келгенде, дәлел­ден­ген ақпарат пен фейктерді ажыратуды қиындатты. Сарап­шы­лар жалған ақпарат таратуда «жаңа медиа» аталатын субъек­тілер басым рөл атқаратынын қа­перге салады. Сондықтан ин­тернет же­лісінің сегментін қамти­тын заң қабылдауға талап жасалып отыр. Онда Қазақстанда халық­ара­лық құжаттарға сәйкес, сөз бос­тан­дығы құқығын шектеудің нақ­ты шарт­тары да көрініс таппақ.
«Жаңа заңда сөз бостандығы, пікір плюрализмі мен мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, ха­лықтың денсаулығы мен өнегесін қалыптастыруға бағытталған қа­жетті шектеулер арасындағы тепе-теңдікті белгілейтін мүлдем жаңа схеманы бекіту ұсынылады. Осы орайда негізгі реформалар жур­налистердің құқықтық мәртебесін арттыруға және олар үшін құқық­тық кепілдіктерді күшейтуге ба­ғыт­­талады. Перспективті, бә­секеге қабілетті медиажобаларды нақты гранттық қаржыландыру арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландырудың жаңа тетіктері енгізіледі. Сондай-ақ са­ла­­ны қолдау шаралары ретінде субсидиялар бөлу жоспарланып отыр», – деп түсіндірді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.
Журналист қайтсе мәртебелі болады? БАҚ та, сарапшылар да жур­налистердің мәртебесін жоғары­лату мәселесін көптен көтеріп жүр. Халықаралық тәжірибе көр­сеткендей, журналистің құқықтық мәртебесі демократиямен, сөз бостандығымен, цензураға пәр­мен­ді тыйым салынуымен, ақпа­ратты еркін алу және тарату мүм­кіндігімен тығыз қабысып жатыр. Ол болмаған соң қорғансыз еке­нін сезініп, журналистерге кә­дім­гідей әкіреңдеп, басына әңгір­таяқ ойнатуға құмар жандар кө­бейіп кетті. Мысалы, 2023 жылғы ақпанда құзырлы органдар елі­мізде журналистерге шабуылдар ұйы­м­дастырған 18 адамды және топ басшысын ұстады. Олар журналис­терді ұрып-соғу, бетіне жас ағыза­тын газ шашу, жұмысына кедергі жасау, көлігін өртеу сияқ­ты қыл­мыс­тар жасаған деген күдік бар. Құқық қорғау органдарына журна­листерді қорғауға, оларға шабуыл ұйымдастырушыларды табуға Президенттің өзі тапсырма берді. Бұдан бөлек, билік өкілдері, баспасөз хатшылары, жеке және заңды тұлғалар баяғыда, тіпті он жыл бұрын жазылған, яғни сол кезде өзекті болған мақала, жаңа­лықтарды тауып алып, соны жою­ды, жоққа шығаруды талап етіп, тіпті сотқа беріп жатады. Енді «Журналистің құқықтық мәрте­бесін» арттыру аясында бұған ішінара тосқауыл қойылмақ. Атап айтқанда, бір жыл ішінде еш наразылық болмаса, ол жаңалыққа не мақалаға содан кейін ешкім өкпелей алмайды, авторды сотқа сүйреуіне тыйым салынады. Тәжірибе көрсеткендей, жур­налистердің құқықтарын сақтауды мониторингілеу мен талдаудың заңнамалық тетіктері жоқ. Осыған байланысты Журналистердің құ­қықтары мен бостандықтары ту­ралы жыл сайынғы Ұлттық баян­дама дайындалып, соның аясында мониторинг жүргізіледі. Бұл зер­делеу журналистердің қауіпсіз жұмысы, ақпаратты еркін алып, тарату бойынша ұсынымдар әзір­леуге мүмкіндік береді, бұл демо­кратиялық мемлекет құруда ше­шуші мәнге ие. Ұлттық баян­да­маны әзірлеу үшін қоғамдық-кәсіби кеңестер белсенді тарты­латын көрінеді. Қазақстандағы қаңтар оқиға­лары, Украинадағы қарулы қақ­тығыс, өзге де жаһандық ахуал ха­лық тағдыры, ел болашағы сая­сатта не майданда ғана емес, ақ­парат айдынында да шешілетінін паш етті. Сондықтан жоқ жерден ұш­қыннан өрт туындамауы үшін жауапкершілікті күшейтумен шек­телмей, ұлттық ақпарат құрал­да­рын қуатты қолдап, бәсекеге қабі­летін арттыру да мемлекеттік маңыз­ды іс болып отыр. Бұл тұр­ғы­да заңнамадағы өзгерістер арқа­сын­да отандық БАҚ жаңа дәуірге сай жаңа мазмұн, жара­сымды түр тауып, жаңғырса, құба-құп болар еді.