Сөз қадірін білетін ұлт өз қадірін біледі. Мемлекет басшысы өткен жылғы наурыздағы халыққа арнаған Жолдауында БАҚ-тың тәуелсіз әрі жауапкершілігінің жоғары болуына назар аударды. Ақпарат құралдары билік пен халық арасында тиімді байланыс арнасы болып, елдегі қордаланған мәселелерді көтеруі тиіс. Бірақ мұнда жауапкершілік, кәсіпке адалдық басты ұғым. Адал әрі адуынды Ел Президенті өткен жылғы Жолдауында бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыру мәселелеріне айрықша көңіл бөлді. Мемлекет басшысының байламынша, отандық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек, Қазақстанда және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуы тиіс. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты. Мемлекет енді ашық ақпараттық кеңістік пен сұранысқа ие, пәрменді ақпарат құралдарын құруға айрықша назар аудармақ. Осы мақсатта алда БАҚ туралы ескірген заң орнына жаңа, салалық заң қабылданады. Онда ақпарат арналарын қолдаудың жаңа тетіктері көзделеді. Өз кезегінде БАҚ қазақтың ұлан-байтақ, қазыналы даласына көз сұғын қадаған сыртқы зәлім күштердің тапсырыстарымен жұмыс істеуге немесе көлеңкелі қаламақы үшін ел ішіндегі саяси кландардың астыртын тартысына қатыспауы қажет. Журналистерге өз еліне және азаматтарына шынайы жанашыр болу парыз. «Төртінші билік» биліктің үш тармағына, яғни заң шығарушы, атқарушы және сот билігіне қарағанда, бүкіл елге ықпал ете алар қаруға ие. Сол себепті Мемлекет басшысының пікірінше, журналистер әр сөзді салмақтап қолданып, жұрттың санасы мен сезіміне ықпал етуге мұқият қарағаны жөн. Айтпақшы, журналистика саласында алда жаңа мереке пайда болмақ. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қазақстандағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулысына түзету енгізетін Үкіметтің жаңа қаулысының жобасын әзірледі. Құжатта 2 ақпанды «Ұлттық басылым күні» деп атап өту ұсынылады.
«Бұдан бұрын 28 маусым «Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні», ал 2021 жылдан бастап 1 қазан «Радио қызметкерлерінің күні» ретінде белгіленді. Бұл дәстүр БАҚ-тың маңыздылығын көрсетіп, осы саладағы қызметкерлерді ынталандыра түседі. Ұлттық басылымның алғаш шыққан күнін ұлықтау Ресей, Әзербайжан, Тәжікстан, Қырғыз Республикасы секілді елдерде дәстүрге айналды. БАҚ бастауында тұрған «Қазақ» газетінің алғашқы саны шыққан күнді тарихи маңызды датаға айналдырудың маңызы зор», – деді министрлік.Жолдауда Қ.Тоқаев мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңнаманы қайта қарауды тапсырған. Соның негізінде «Масс-медиа туралы» жаңа заң жобасы әзірленді. Бұл заң не үшін керек және нендей жаңалықтары бар? Біріншіден, қолданыстағы «БАҚ туралы» заң сонау 1999 жылы әзірленді және ондағы бірқатар анықтама өзектілігін жоғалтты. Ал жаңасында құқықтық қатынастардың әр түрін реттейтін және соны айқындайтын «мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралы», «мемлекеттік ақпараттық саясат», «масс-медиа», «грант», «субсидия», «корреспонденттік пункт», «Ұлттық баяндама» сияқты жаңа ұғымдар енгізілмек. Екіншіден, әлемдегі геосаяси ахуал ұлттық ақпараттық қауіпсіздікті нығайтудың, сенімді ақпарат таратудың маңызын көрсетті. Ақпарат айдынының шектен тыс кеңеюі, жаңа медианың өрістеуі, сайып келгенде, дәлелденген ақпарат пен фейктерді ажыратуды қиындатты. Сарапшылар жалған ақпарат таратуда «жаңа медиа» аталатын субъектілер басым рөл атқаратынын қаперге салады. Сондықтан интернет желісінің сегментін қамтитын заң қабылдауға талап жасалып отыр. Онда Қазақстанда халықаралық құжаттарға сәйкес, сөз бостандығы құқығын шектеудің нақты шарттары да көрініс таппақ.
«Жаңа заңда сөз бостандығы, пікір плюрализмі мен мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, халықтың денсаулығы мен өнегесін қалыптастыруға бағытталған қажетті шектеулер арасындағы тепе-теңдікті белгілейтін мүлдем жаңа схеманы бекіту ұсынылады. Осы орайда негізгі реформалар журналистердің құқықтық мәртебесін арттыруға және олар үшін құқықтық кепілдіктерді күшейтуге бағытталады. Перспективті, бәсекеге қабілетті медиажобаларды нақты гранттық қаржыландыру арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландырудың жаңа тетіктері енгізіледі. Сондай-ақ саланы қолдау шаралары ретінде субсидиялар бөлу жоспарланып отыр», – деп түсіндірді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.Журналист қайтсе мәртебелі болады? БАҚ та, сарапшылар да журналистердің мәртебесін жоғарылату мәселесін көптен көтеріп жүр. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, журналистің құқықтық мәртебесі демократиямен, сөз бостандығымен, цензураға пәрменді тыйым салынуымен, ақпаратты еркін алу және тарату мүмкіндігімен тығыз қабысып жатыр. Ол болмаған соң қорғансыз екенін сезініп, журналистерге кәдімгідей әкіреңдеп, басына әңгіртаяқ ойнатуға құмар жандар көбейіп кетті. Мысалы, 2023 жылғы ақпанда құзырлы органдар елімізде журналистерге шабуылдар ұйымдастырған 18 адамды және топ басшысын ұстады. Олар журналистерді ұрып-соғу, бетіне жас ағызатын газ шашу, жұмысына кедергі жасау, көлігін өртеу сияқты қылмыстар жасаған деген күдік бар. Құқық қорғау органдарына журналистерді қорғауға, оларға шабуыл ұйымдастырушыларды табуға Президенттің өзі тапсырма берді. Бұдан бөлек, билік өкілдері, баспасөз хатшылары, жеке және заңды тұлғалар баяғыда, тіпті он жыл бұрын жазылған, яғни сол кезде өзекті болған мақала, жаңалықтарды тауып алып, соны жоюды, жоққа шығаруды талап етіп, тіпті сотқа беріп жатады. Енді «Журналистің құқықтық мәртебесін» арттыру аясында бұған ішінара тосқауыл қойылмақ. Атап айтқанда, бір жыл ішінде еш наразылық болмаса, ол жаңалыққа не мақалаға содан кейін ешкім өкпелей алмайды, авторды сотқа сүйреуіне тыйым салынады. Тәжірибе көрсеткендей, журналистердің құқықтарын сақтауды мониторингілеу мен талдаудың заңнамалық тетіктері жоқ. Осыған байланысты Журналистердің құқықтары мен бостандықтары туралы жыл сайынғы Ұлттық баяндама дайындалып, соның аясында мониторинг жүргізіледі. Бұл зерделеу журналистердің қауіпсіз жұмысы, ақпаратты еркін алып, тарату бойынша ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік береді, бұл демократиялық мемлекет құруда шешуші мәнге ие. Ұлттық баяндаманы әзірлеу үшін қоғамдық-кәсіби кеңестер белсенді тартылатын көрінеді. Қазақстандағы қаңтар оқиғалары, Украинадағы қарулы қақтығыс, өзге де жаһандық ахуал халық тағдыры, ел болашағы саясатта не майданда ғана емес, ақпарат айдынында да шешілетінін паш етті. Сондықтан жоқ жерден ұшқыннан өрт туындамауы үшін жауапкершілікті күшейтумен шектелмей, ұлттық ақпарат құралдарын қуатты қолдап, бәсекеге қабілетін арттыру да мемлекеттік маңызды іс болып отыр. Бұл тұрғыда заңнамадағы өзгерістер арқасында отандық БАҚ жаңа дәуірге сай жаңа мазмұн, жарасымды түр тауып, жаңғырса, құба-құп болар еді.