Бидай экспорты: баға мен шама
Бидай экспорты: баға мен шама
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
Жақында елімізге бидай экспортынан түсетін қаржы былтыр 34 пайызға артқаны жа­йында мәлімет шығып, бір марқайып қалған едік. Energyprom.kz-тің жазуынша, 2022 жылы 1,9 миллиард долларға 6,3 миллион тонна астық сатыппыз. Дегенмен бұл қуаныш көпке созыл­майтындай. Өйткені бидай экспортына қатысты алдағы уақытта бірнеше кедергі шыққалы тұр. Нақтырақ айт­қанда, баға құлдырап, жеткізудің машақаты көбей­мек. Амалсыз еліміз бидай экспортын азайтуға көшті. Ендігі жағдай қай арнада өрбімек? Астықтың құны түсті Жалпы, астық экспортына байланысты мәселелер елімізді айналып өткен емес. Дегенмен уақыт өте жағдай реттеліп, бәрі үйреншікті жайтқа айналғандай еді. Бірақ бұл жолғы кедергінің жө­ні бөлек. Жыл басталмай жатып қазақстандық бидай экспорты қиындыққа ұшырады. Бұған әзір­ге негізгі екі фактор себеп ретін­де қаралады. Әуелгісі, астық ба­ғасының тым төмендеп кетуі, екін­шісі, біздегі бидайға құмар Иран аяқасты өнімнен бас тарта бастады. Еліміз қай салада да теріс­кейдегі көршісі Ресейдің зардабын тартып жатыр. Мәселен, бидай бағасының төмендеуіне Ресейден келетін арзан бидай себеп. Теріс­кейден келетін бидайдың тоннасы қазір 93 мың теңге болса, біздегі сыртқа экспорттап отырған бидай­дың құны 100-110 мың теңге шама­сында. Ақырында ресейлік өнім заңсыз жолдар арқылы Орталық Азия нарығына шығып кетеді. Осыдан кейін еліміздегі диқандар шығын­ға батуы мүмкін. Себебі бағаны біз де арзандататын болсақ, өнім өн­ді­ру­ге кеткен шығынның орны толмайды. Біз жоғарыда Иран жайын тіл­ге тиек еттік. Аталған елде Қа­зақстан бидайы сұранысқа ие. Дегенмен биыл олардың сұранысы күрт тө­мендеді. Себебі былтыр Иран же­рінде бидай мол шыққан, 4,9 мил­лион гектар жерден 13 мил­лион тонна бидай алған екен. Бұл көр­сеткіштер алдыңғы жыл­мен са­лыс­тырғанда 45 пайызға ар­тық. Оның үстіне, Ресей мен Иран соңғы кезде келісімге келіп, өзара тауар айналымын жолға қойды. Тек 2022 жылдың өзінде Ресей Иранға 1,8 миллион тонна бидай сатқан. Ал Ресей бидайының бағасы неліктен арзандағаны түсінікті. Көршіміз былтыр өнімді мол алып, астық қоймаларын 260 миллиард рубльге бағаланатын ондаған миллион тонна бидайға толтырды. Оның біразы әлі де тұр. Украинаға қарсы майдан ашқан ел санкция шырмауына түсіп, өнімін өзгеге өткізе алмай жүрді. Содан не керек, бағаны төмендетіп, түрлі жолмен жан-жаққа жөнелте бас­тады. Мұны Ресей сарапшы­лары жақсы білген, қоймада ұзақ сақ­талған астық ай сайын құнын жоғалта береді. Бекерге шығынға батпаудың қамымен енді мил­лиондаған тонна астығын арзан бағамен саудалауға кірісті. Осын­дай жағдайда еліміздің би­дайы жоғары бағалана қоймайтыны сөзсіз. Бізге экспорттық бидайдың құнын түсіруден басқа амал қал­мағандай. Ендігі мәселе, баға бұдан да төмен құлдилауы мүмкін. Санкция қыспағындағы Ресей өнімді өткізу үшін бидай құнын тағы да арзандатуы ғажап емес. Сондықтан еліміздің диқанда­рының басына қара бұлт үйірілді десек те болғандай. 15 есеге дейін құлдырау Былтыр жыл ортасында ел Үкіметі 2022-2023 жылғы астық түсімінен Иран Ислам Республи­касына 1 миллион тонна көлемінде өнім жеткізу туралы меморандумға қол қойғаны есте. Алайда экспорт көлемін бұл көрсеткішке жеткізу мүмкін еместей. Мысалы, Иран биыл ақпан айында бар болғаны 6 600 тонна бидай сатып алған. Салыстырар болсақ, тура бір жыл бұрын 101,8 мың тонна өнім ал­ған. Шамамен 15 есе айырмашылық бар. Қазіргідей қарқынмен ме­морандумдағы көрсеткіштің он­нан бір бөлігін орындаудың өзі қиын. Негізі, еліміз биыл ақпанда 578,5 мың тонна бидай экс­порт­таған. Былтырғыдан 60 мың тон­наға аз. Астық экспортының тө­мендеуі қаңтарда-ақ байқалған. 2022 жылы қаңтарда 583,4 мың тонна экс­портталса, осы жылы 557,4 мың тон­на бидай сыртқы нарыққа кет­кен. Әйтеуір, көрші­міз Өзбекстан Қазақстан асты­ғының негізгі са­тып алушысына айналып үлгерді. Бұл елге ақпан айында 314 мың тонна бидай жіберілген. Одан ке­йінгі орында Ауғанстан (83,6 мың тонна), Тәжікстан (72,6 мың тон­на), Тү­рікменстан (46,2 мың тон­на), Әзер­байжан (38 мың тонна) тұр. Ресей секілді өз еліміздің де логистикалық мәселелері бар. Экс­портшылар транзиттік пойыз­дар жүретін темір жолдар жүкте­месінің артуына байланысты жиі кептеліс болатынын, «Қазақстан темір жолы» ұлттық тасымал­дау­шысының локомотивтерінің азды­ғына байланысты жүктерді дәл мерзімінде жеткізу қиындағанын айтып шағымдануда. Сайып кел­генде, бәрі бағаның арзандауына ғана әсер етіп тұр.
«Бірнеше аптада бидай баға­сының құлдырағанын байқадық. Бір айдың ішінде экспорттық ба­ғалар күрт төмендеді. Мәселен, DAP Сарыағаш бидайының экс­порттық бағасы тоннасына 285 доллардан, 265 долларға дейін түс­ті. Дәл осындай жағдай ішкі нарықта да байқалады. Ішкі на­рықта бағалар 110 мыңнан 98 мың теңгеге дейін төмендеді. Күзгі нау­қанда өнім алып, көктемде баға­ның көтерілуін күткен диқандар ұтылып қалды. Егер олар бидай­ды күзде сатқан болса, тоннасы 125 мың теңгеден бағаланар еді. Ал қазір бидайдың тоннасы бар бол­ғаны 100 мың теңге ғана», – дейді Қазақстан Астық одағының ресми өкілі Евгений Карабанов.
Енді шаруаларды арзандаған баға ғана емес, көктемгі дала жұмыстары басталарда қаражаттың жетпей отырғаны да алаңдатады. Шаруалар қазір көктемгі науқанға кірісуі керек. Фермерлерге жанар-жағармайға, дәнді-дақылдарға, тыңайтқыштарға қаражат қажет екені белгілі жайт. Сол себепті олар амалсыз бидайды арзан бағаға болса да сатуға тырысады. Бұған қоса, мамандар мемлекеттік қаржы институттарынан берілетін көмек кешіктіріліп жатқанын айтуда. Сондықтан шаруалар үшін қазір оңай емес. Тауар өндірушілердің де экономикалық жағдайына оң ықпал ете қоймасы анық.
«Ауыл шаруашылығы минис­трлігі көктемгі егін жұмыстарына қосымша 70 млрд теңгеге сұраныс берді деп естідік. Оған қоса, фор­вардтық сатып алу үшін азық-түлік корпорацияларын бюджеттен ка­питалдандыру мәселесі қарас­тырылған екен. Шаруалардың ен­дігі үміті – Үкіметте. Мемлекеттік қаржыландыру институттары не­сиелеу көлемін арттырса жақсы болар еді», – дейді Е.Карабанов.
Бір қызығы, бидай бағасына теңгенің күшейгені кері әсерін тигізіпті. Өйткені сыртқы нарықта сауда доллармен жүргізіледі. Ал доллардың арзандағанынан тең­геге шаққанда бидай да арзандай түседі. Осылайша, сұраныстың тө­мендеуіне валюталық фактор да қосылып, «жығылғанға жұдырық» болды. Ендігі сауал: тығырықтан шығар жол бар ма? Бұл сұраққа келгенде астық өсірушілер бұрын­ғы дағдымен Үкіметке үмітпен қарайтыны белгілі. Қомақты қар­жы берілу сұралады. Диқандар мемле­кеттік қаржы институттары арқылы несиелеу көлемін артты­рып, көк­темгі егіс науқанына қар­жылай кө­мек көрсету керегін ай­тып жа­тыр. Ол үшін арнайы бағ­дарлама түзу керегі де сөз болыпты. Жа­қын­да Ауыл шаруашылығы министрлігі егін науқанына 140 миллиард теңге бөлінуі мүмкін екенін хабарлады. Дегенмен бұл қаржы тек бидай үшін емес, кө­мектен дәмелі басқа да астық өнді­рушілер бар. Яғни, бидай өндірісі бұл қаржыға то­лықтай сенім арта алмайды. Сонымен, проблема жетерлік. Экспорт көлемі азайды, баға тө­мендеді, оған қосылып Ресей ре­кордтық астық жинады – бәрі біз сөз еткен саланың теңселуіне соқ­тырды. Бұл тұста тиісті органдар ресейлік бидайдың елімізге кон­трабандалық жолмен жеткізілуіне қарсы тұрғаны жөн. Әйтпесе, бүтін бір саланың жағдайы жарымжан күйде қала бермек.