Жақында елімізге бидай экспортынан түсетін қаржы былтыр 34 пайызға артқаны жайында мәлімет шығып, бір марқайып қалған едік. Energyprom.kz-тің жазуынша, 2022 жылы 1,9 миллиард долларға 6,3 миллион тонна астық сатыппыз. Дегенмен бұл қуаныш көпке созылмайтындай. Өйткені бидай экспортына қатысты алдағы уақытта бірнеше кедергі шыққалы тұр. Нақтырақ айтқанда, баға құлдырап, жеткізудің машақаты көбеймек. Амалсыз еліміз бидай экспортын азайтуға көшті. Ендігі жағдай қай арнада өрбімек? Астықтың құны түсті Жалпы, астық экспортына байланысты мәселелер елімізді айналып өткен емес. Дегенмен уақыт өте жағдай реттеліп, бәрі үйреншікті жайтқа айналғандай еді. Бірақ бұл жолғы кедергінің жөні бөлек. Жыл басталмай жатып қазақстандық бидай экспорты қиындыққа ұшырады. Бұған әзірге негізгі екі фактор себеп ретінде қаралады. Әуелгісі, астық бағасының тым төмендеп кетуі, екіншісі, біздегі бидайға құмар Иран аяқасты өнімнен бас тарта бастады. Еліміз қай салада да теріскейдегі көршісі Ресейдің зардабын тартып жатыр. Мәселен, бидай бағасының төмендеуіне Ресейден келетін арзан бидай себеп. Теріскейден келетін бидайдың тоннасы қазір 93 мың теңге болса, біздегі сыртқа экспорттап отырған бидайдың құны 100-110 мың теңге шамасында. Ақырында ресейлік өнім заңсыз жолдар арқылы Орталық Азия нарығына шығып кетеді. Осыдан кейін еліміздегі диқандар шығынға батуы мүмкін. Себебі бағаны біз де арзандататын болсақ, өнім өндіруге кеткен шығынның орны толмайды. Біз жоғарыда Иран жайын тілге тиек еттік. Аталған елде Қазақстан бидайы сұранысқа ие. Дегенмен биыл олардың сұранысы күрт төмендеді. Себебі былтыр Иран жерінде бидай мол шыққан, 4,9 миллион гектар жерден 13 миллион тонна бидай алған екен. Бұл көрсеткіштер алдыңғы жылмен салыстырғанда 45 пайызға артық. Оның үстіне, Ресей мен Иран соңғы кезде келісімге келіп, өзара тауар айналымын жолға қойды. Тек 2022 жылдың өзінде Ресей Иранға 1,8 миллион тонна бидай сатқан. Ал Ресей бидайының бағасы неліктен арзандағаны түсінікті. Көршіміз былтыр өнімді мол алып, астық қоймаларын 260 миллиард рубльге бағаланатын ондаған миллион тонна бидайға толтырды. Оның біразы әлі де тұр. Украинаға қарсы майдан ашқан ел санкция шырмауына түсіп, өнімін өзгеге өткізе алмай жүрді. Содан не керек, бағаны төмендетіп, түрлі жолмен жан-жаққа жөнелте бастады. Мұны Ресей сарапшылары жақсы білген, қоймада ұзақ сақталған астық ай сайын құнын жоғалта береді. Бекерге шығынға батпаудың қамымен енді миллиондаған тонна астығын арзан бағамен саудалауға кірісті. Осындай жағдайда еліміздің бидайы жоғары бағалана қоймайтыны сөзсіз. Бізге экспорттық бидайдың құнын түсіруден басқа амал қалмағандай. Ендігі мәселе, баға бұдан да төмен құлдилауы мүмкін. Санкция қыспағындағы Ресей өнімді өткізу үшін бидай құнын тағы да арзандатуы ғажап емес. Сондықтан еліміздің диқандарының басына қара бұлт үйірілді десек те болғандай. 15 есеге дейін құлдырау Былтыр жыл ортасында ел Үкіметі 2022-2023 жылғы астық түсімінен Иран Ислам Республикасына 1 миллион тонна көлемінде өнім жеткізу туралы меморандумға қол қойғаны есте. Алайда экспорт көлемін бұл көрсеткішке жеткізу мүмкін еместей. Мысалы, Иран биыл ақпан айында бар болғаны 6 600 тонна бидай сатып алған. Салыстырар болсақ, тура бір жыл бұрын 101,8 мың тонна өнім алған. Шамамен 15 есе айырмашылық бар. Қазіргідей қарқынмен меморандумдағы көрсеткіштің оннан бір бөлігін орындаудың өзі қиын. Негізі, еліміз биыл ақпанда 578,5 мың тонна бидай экспорттаған. Былтырғыдан 60 мың тоннаға аз. Астық экспортының төмендеуі қаңтарда-ақ байқалған. 2022 жылы қаңтарда 583,4 мың тонна экспортталса, осы жылы 557,4 мың тонна бидай сыртқы нарыққа кеткен. Әйтеуір, көршіміз Өзбекстан Қазақстан астығының негізгі сатып алушысына айналып үлгерді. Бұл елге ақпан айында 314 мың тонна бидай жіберілген. Одан кейінгі орында Ауғанстан (83,6 мың тонна), Тәжікстан (72,6 мың тонна), Түрікменстан (46,2 мың тонна), Әзербайжан (38 мың тонна) тұр. Ресей секілді өз еліміздің де логистикалық мәселелері бар. Экспортшылар транзиттік пойыздар жүретін темір жолдар жүктемесінің артуына байланысты жиі кептеліс болатынын, «Қазақстан темір жолы» ұлттық тасымалдаушысының локомотивтерінің аздығына байланысты жүктерді дәл мерзімінде жеткізу қиындағанын айтып шағымдануда. Сайып келгенде, бәрі бағаның арзандауына ғана әсер етіп тұр.
«Бірнеше аптада бидай бағасының құлдырағанын байқадық. Бір айдың ішінде экспорттық бағалар күрт төмендеді. Мәселен, DAP Сарыағаш бидайының экспорттық бағасы тоннасына 285 доллардан, 265 долларға дейін түсті. Дәл осындай жағдай ішкі нарықта да байқалады. Ішкі нарықта бағалар 110 мыңнан 98 мың теңгеге дейін төмендеді. Күзгі науқанда өнім алып, көктемде бағаның көтерілуін күткен диқандар ұтылып қалды. Егер олар бидайды күзде сатқан болса, тоннасы 125 мың теңгеден бағаланар еді. Ал қазір бидайдың тоннасы бар болғаны 100 мың теңге ғана», – дейді Қазақстан Астық одағының ресми өкілі Евгений Карабанов.Енді шаруаларды арзандаған баға ғана емес, көктемгі дала жұмыстары басталарда қаражаттың жетпей отырғаны да алаңдатады. Шаруалар қазір көктемгі науқанға кірісуі керек. Фермерлерге жанар-жағармайға, дәнді-дақылдарға, тыңайтқыштарға қаражат қажет екені белгілі жайт. Сол себепті олар амалсыз бидайды арзан бағаға болса да сатуға тырысады. Бұған қоса, мамандар мемлекеттік қаржы институттарынан берілетін көмек кешіктіріліп жатқанын айтуда. Сондықтан шаруалар үшін қазір оңай емес. Тауар өндірушілердің де экономикалық жағдайына оң ықпал ете қоймасы анық.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі көктемгі егін жұмыстарына қосымша 70 млрд теңгеге сұраныс берді деп естідік. Оған қоса, форвардтық сатып алу үшін азық-түлік корпорацияларын бюджеттен капиталдандыру мәселесі қарастырылған екен. Шаруалардың ендігі үміті – Үкіметте. Мемлекеттік қаржыландыру институттары несиелеу көлемін арттырса жақсы болар еді», – дейді Е.Карабанов.Бір қызығы, бидай бағасына теңгенің күшейгені кері әсерін тигізіпті. Өйткені сыртқы нарықта сауда доллармен жүргізіледі. Ал доллардың арзандағанынан теңгеге шаққанда бидай да арзандай түседі. Осылайша, сұраныстың төмендеуіне валюталық фактор да қосылып, «жығылғанға жұдырық» болды. Ендігі сауал: тығырықтан шығар жол бар ма? Бұл сұраққа келгенде астық өсірушілер бұрынғы дағдымен Үкіметке үмітпен қарайтыны белгілі. Қомақты қаржы берілу сұралады. Диқандар мемлекеттік қаржы институттары арқылы несиелеу көлемін арттырып, көктемгі егіс науқанына қаржылай көмек көрсету керегін айтып жатыр. Ол үшін арнайы бағдарлама түзу керегі де сөз болыпты. Жақында Ауыл шаруашылығы министрлігі егін науқанына 140 миллиард теңге бөлінуі мүмкін екенін хабарлады. Дегенмен бұл қаржы тек бидай үшін емес, көмектен дәмелі басқа да астық өндірушілер бар. Яғни, бидай өндірісі бұл қаржыға толықтай сенім арта алмайды. Сонымен, проблема жетерлік. Экспорт көлемі азайды, баға төмендеді, оған қосылып Ресей рекордтық астық жинады – бәрі біз сөз еткен саланың теңселуіне соқтырды. Бұл тұста тиісті органдар ресейлік бидайдың елімізге контрабандалық жолмен жеткізілуіне қарсы тұрғаны жөн. Әйтпесе, бүтін бір саланың жағдайы жарымжан күйде қала бермек.