Сиқы қашқан Сұптай
Сиқы қашқан Сұптай
451
оқылды
Бүгінде Жетісудағы Панфилов ауданы Жаскент ауылдық округіне қарайтын Сұптай елді мекенінің сиқы қашты. Заманында еңбек даңқымен аты шыққан елді мекен 2011 жылы болашағы жоқ ауыл санатына қосы­лып кеткен. Сұптайлықтар жанын са­лып жүріп, 2016 жылы болашағы жоқ деген жанама атаудан құтылған­дай болып еді. Әйтсе де, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуында сол күрделі жылдар қолтаңбасын қалдырып үлгерді. Кеңес одағы тұсында атағы жер жарған ауылдың бүгінгі сиқы тым жүдеу. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен заман­да сұптайлықтар да біраз игіліктен қол үзді. Қазір ауылдағы мектеп пен мәдениет үйі қаңырап бос тұр. Басқа дүниелердің де тозығы жеткен.
– Ескі мектеп ғимараты 1971 жылы қол­данысқа берілген. Бір қабатты ғима­ратта сынып бөлмелерімен қоса спорт залы, шеберхана, акт залы болған. 1998 жылы жылу жүйесі істен шығуына бай­ла­нысты бұл ғимарат жабылып тынды. Жыл­дар бойы қараусыз, қаңырап тұрған нысан­ның іші-сыртында іске татитын дүние-мүлік ұстағанның қолында, тісте­геннің ау­зында кетті. 2011 жылы «Алма­ты­құрылыссараптау» ЖШС ғимаратты пай­далануға жарамсыз деп танып, оны бұзу керек деген бітім жасады. Сол жылы мек­теп жанындағы балабақшаға көшірілді, – дейді орта мектеп директоры Руфат Толым­беков.
Қуанарлығы, жыл санап мектептегі бала саны біртіндеп артып келеді. Мәселен, 2015 жылы мұнда 159 бала білім алса, биыл оқушы саны 203-ке жеткен. Бала санының артуына қарап, ауыл халқының бұрын­ғыдай жақсы тұрмыс іздеп ауа көшпей, туған жерде өсіп-өркендеуді құп көргенін аңғаруға болады. Бірақ бір кездегі балабақша ғимаратының мектеп үшін тарлық ете бастаған. Тұрғындар мектеп ғимараты жаңадан салынбаса да, ескі мектепке күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілгенін қалайды. Бірақ бұл ұсынысқа құлақ асар жан табылмай тұр. Бір кездері елге Нұрғиса Тілендиев, Дә­неш Рақышев, кейіннен Жанар Айжа­нова сахнасын думанға бөлеп, ауылдың мәдени-рухани өмірінің қарашаңырағына айналған мәдениет үйінің де жағдайы мәз емес.
– Кезінде осы ғимаратта әжелер сайысын, келіндер сынын өткізетінбіз. Оны ауыл тұрғындары түгел жиналып, тамашалайтын. Бір кісідей өнер де көрсететін. Кейін тоқырау жылдарында мәдениет үйінің де жағдайы нашарлай түсті. Жанашыр жандар сақтап қалуға тырысқанымен, ол кісілердің көзі кеткен соң талан-таражға түсті. Өкінішке қарай, бүгінгі қалпын көріп, ішім удай ашиды, – дейді ауыл тұрғыны Сәбетхан Мамаева.
Ауыл азаматтары ғимараттың айна­ла­сын реттеп, ағашын кесіп, ішінің қоқысын тазалап тұрады. Соны да көңілдеріне медеу тұтып, руханият ордасының шамы қайта жарқырайтын сәттің түбі келетіндігіне үміт артады. «Біздің Мәдениет үйінің сах­насында Нұрғиса Тілендиев өнер көрсетіп, Дәнеш Рақышев, кейінгі кезде Жанар Айжанова, тағы да басқалары ән шыр­қаған», – деп мақтанады. 1984 жылы 120 орынға есептеліп салынған балабақша 1998 жылдан бері осындағы орта мектептің базасына айналған. Қазір оқушылар екі ауысыммен білім алады. Білім шаңырағында спортзал, акт залы, шеберхана деген атымен жоқ. Аядай ғана бір бөлмеде бірде концерт қойып, енді бірде дене шынықтыру пәнін өткізіп, әуреге түсіп жүреді. Соның өзінде ауыл тұрғындары балабақша ғимаратының сақталып қалғанын қанағат тұтады. Бұл болмағанда балаларды көрші ауыл тасып әлекке түсер ме еді, кім білсін?
– Балабақша алғаш ашылғанда 120-дай оқушы болған. Тоқырау жылдары басқа ауылдағы балабақшалар тоналып, бүлініп, сатылып жатқанда Қасқырбай Тоқтасынов ақсақал күндіз-түні ғимаратты күзетіп ұстап тұрды. Біз ол кісінің тұрмыстық жағдайын қамтамасыз еттік. Кейін ескі мектеп жарамсыз деп танылған тұста балабақшаны ішіндегі құрал-жабдығымен мектептің балансына өткіздік. Бала­бақшаны мектепке ауыстыру ыңғайсыз болса да осы шағын ғана ғимарат талай баланың білім нәрімен сусындауына себепші болып келеді. Сонда да болса ауылға жаңа мектеп керек, – дейді ауыл тұрғыны Тұрсынбүбі Сағымбекова апамыз.
Сұптайда жыл өткен сайын тұрғын­дардың саны артып келеді. Бұдан халық­тың әлеуметтік нысандарға деген сұра­нысы еселене түсті. Әрі сапалы медицина­лық қызметтің қолжетімді болуы да ауыл тұрғындарын алаңдататын болған. Мыңға жуық адам тұратын ауылдағы медициналық мекемеде басқаны айтпағанда жедел жәрдем көлігі де жоқ. Ауыл әкімі Руслан Керімқұлов мәсе­леден тиісті орындар хабардар екенін айтады. Оның айтуынша, сұптайлық­тардың сұранысын кезең-кезеңімен өтеу жоспарда бар екен. Әзірге тұрғындар осының өзін көңілге медеу етеді.

Болат АБАҒАН, Жетісу облысы