Ұларлы Ұлытау, ұранды Ұлытау
Ұларлы Ұлытау, ұранды Ұлытау
Қазақтың байтақ даласының қай бұрышына барсаңыз да алдыңыздан алты Алаштың арман-мұратын бауырына түйіп алған, тарқата түссең, тарих болып сөйлеп, Ұлы даланың бағзы шежіресінің тұнбасындай болып тұрған тұ­ғырлы тауға ат басын тірейсіз. Аспан-көкке қол созған Алатау, күн ас­тындағы күмбездей болып көрінетін асқақ Алтай, сұлу, сылқым Көкше, бол­мыс-бітімі ерек Баянауыл, ұлылар мекені Шыңғыстау, ...Маңғыстау қой­науына кәрі тарихтың құпия сырларын жиып алып, маңғазданып, мағ­мұрланып жатқан қасиетті Қаратау – бәрі де мына даланың тірлік-қозға­лысын қалт жібермей қадағалап отырған қария-абыз іспетті жаратылыс. Шапқан аттың белі, ұшқан құстың мойны талатын ұлан-байтақ даланың қамсыз-қаперсіз жатқаны да осы таулардың бар болғанынан шығар дейсіз. Ұлытау! Ұлытау – осы таулардың ерекшесі. Ерекше болатынын құр мақтан үшін айтып отырған жоқпыз, оның халық берген атауына қарап түйген ойымыз бұл. 2019 жылы Ұлытау ауданында, Ұлытау бауырында халықаралық туризм форумы өтті. Сол форумда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Ұлытау – ұлтымыздың алтын бесігі, тағылымды тарихымыздың куәсі. Үш жүздің басын қосқан Ұлытауда баба­лары­мыз ұлттың келешегін ойлап, бір­ліктің туын желбіреткен» деп өңір жұртын жалт қаратып, жылылық лебін сездіріп кеткен­дей болды. Мемлекет басшысының тап­сыр­масымен Жошы хан мазарының ба­сында кешен құрылысы басталып, қазір Қазақстан ғана емес, алыс-жақын шетел­дерден қызығушылар қара көрсете бас­тады. Аймақ жұрты мұны да жақсылық нышаны деп бағалаған болатын. Прези­дентіміздің сол форумдағы: «Ұлытау то­пырағы – алып тұлғалардың рухы тоғысқан жер» деген сөзін Ұлытаудың тарихи тағ­дырына ғана емес, ұлт тағдырын, ұлттың ұйысуына қа­тысты айтылған сөз деп санасақ керек. Өткен 2022 жыл Ұлытау өңірі үшін ақжарылқап жыл болды. Ел Президенті 2022 жылдың 16 наурыз­дағы Жолдауында Ұлытау облысының ашылатынын жариялады. Бұл – біз үшін, ұлытаулықтар үшін, жалпы қазақ елі үшін тарихи тосынсый, әділетті шешім еді. Ұлытау, Абай, Жетісу рухы түлеген сол оқиға «Әділетті Қазақстан» құру идеясына соны серпін беретін шешімді қимыл нәтижесі деп бағалаймыз. Өңір халқы ширек ғасырға жуық уақыт бойы күткен қуанышына қол жеткізді. Халықтың сол кездегі көңіл күйінен күллі әлемді құшағына сыйдырып жіберетіндей ғаламат күй сезілді. Көшелерде бір-бірін құттықтаған жерлестер үні әсем ән мен әуезді күйге ұласты. Жезқазғаннан Ұлы­тауға 100-ден астам еріктіден құралған авто­шеру де халықтың қуанышынан хабар беріп тұрды. Мемлекет басшысының бұл Жолдауы өңірдің жарқын болашағына жол ашты. Осылайша, Ұлытау облысы ашыл­ды. Бұл – қайта жаңғырған Жезқазған облысы емес, бұл – жаңадан құрылған Ұлытау облысы. Халық арасында «Кеменің атын қалай қойсаң, солай жүзеді» деген сөзді жиі ес­тиміз, жаңа облысымыздың Ұлытау аталуы­ның өзі бізді ұлы істерге жетелейді. Ал қарт Ұлытаудың тарихи аталуының мәнісіне бір көз жүгіртіп өтейік. Даңқты жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері, энциклопедиялық білім иесі Ә.Кекілбаев: «Ұлытаудың ұлы атануы тауының биіктігі­нен емес, суының көптігінен емес, ол та­рих­тың үлкен оқиғаларында бүкіл ұлы қауымның бас қосқан, ортақ шешімге кел­ген жері болғандықтан Ұлытау атан­ған», – дейді қаламгер аға. Даңқты Жошы ханның Ордабазарын Ұлытау бауырына орнатқанының сыры неде? «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» зұлматында шығыс пен түстікті жапыра жайлап, ойран салып келе жатқан жоңғарлардың Ұлытауды бауырыма басып барып тоқтаймын деуінің мәнісін қалай түсінеміз? Біздің ойымызша, оның сыры біреу: Ұлытау қазақ халқы рухының дәні жатқан топырақ еді. Жошы сол рух ме­кеніне Ордасын тікті. Кейін жоңғарлар сол рухты сындырмақ болды. Алайда Бұланты-Білеутіге келіп маңдайын соқты. Дүлей күштің екпіні қайтты. Біз – Бұланты-Бі­леу­тіні рух, қаһар қамалы деп бағалауымыз керек. Ұлытауға қарай қаптап келе жатқан жауды өткізбейміз деп атойлап атқа мініп, қылышын күнге шағылыстырып, садағы­нан жебе жаудырған қазақ батырларының түп ниеті тұтас еді. Олар Ұлытауды – Алаш, Алашты Ұлытау деп таныды. Міне, өт­кен тарихтың сабағынан түйген ойы­мыздың бір парасы осындай. Жасыратыны жоқ, шамамен осыдан ширек ғасыр бұрын орталығы Жезқазған қаласы болған Жезқазған облысы жа­былып, өңір тұрғындары әрі-сәрі күйді бас­тан кешті. Жаппай көшу үдерісі бас­талды. 1996 жылға дейін 130 мың тұрғыны бар Жезқазған 2022 жылы 89 мың адамға азайған. Өңір халқы Алматы, Астана, Қарағанды сияқты үлкен қалаларға қарай ағылды. Жұмыс орнын ұсынатын меке­мелердің саны күрт азайды. «Қазақмыс» бас офисін Жезқазғаннан алып кетті. Жезқазған, Сәтбаев қалаларының халқы жоғарыда аталған мегаполистерге қарай жылжып, Ұлытау ауданына қарасты ауыл тұрғындары Жезқазғанға келіп қоныстана бастады. Осының салдарынан Ұлытау ауданынына қарасты қуатты, күйлі дейтін ауылдардың тынысы тарылды. Ауыл жүдеп кетті. Соңғы жиырма бес жыл Жошы хан мен Алашахан жатқан жері, тасқа таң­баларын ойып, қазақтың біріккен мекені, ақындардың ордасы, баһадүрлердің елі, Алаш қайраткерлері мен Алаш идеясын қолдаушылардың жұрты, қазақтың тарихи астанасы Ұлытау кенжелеп қалғаны көз алдымызда өтті. Берік Әбдіғалиұлы Тарихи әділдіктің орнығуы, жаңа об­лыстың ашылуы халықтың рухын көтеріп жіберді. Облыс орталығына жан біте бастады. Жазиралы Жаңаарқа, Қазыналы Қаражал, Кеншілер мекені – Сәтбаев, Ұлт ұясы – Ұлытау, мысты қала –Жезқазғанның экономикасына қан жүгіріп, елдің ертеңгі күнге деген жоспарлары нақты бола бас­тады. Өңірдің азаматтары елге оралып, аймақ азаматтары атқа қонып, елдіктің ісін бірге көтеріп кеттік. Облысымыздағы ең алғашқы ауқымды іс-шараның Ұлттық құрылтайдан басталуы да Ұлытаудың ел үшін идеологиялық маңы­зын арттыра түсті. Тұңғыш Ұлттық құ­рылтайдың исі қазаққа қасиетті мекен Ұлытауда, Жошы хан кесенесінің жанында өтуі бірліктің бесігі болған қасиетті жерге берілген құрмет нышаны еді. Негізгі басты міндеті – ұлтты ұйыстыратын парасатты тың идеялар мен ұсыныстарға айрықша мән беріп, жалпыұлттық бірлікті нығайту болды. Халық пен биліктің диалогі жаңа платформада іске асты. Ұлытау осындай берекелі істің бастауында тұрғаны қуан­тады. Облыстағы алғашқы іс-шарамыз – Ұлттық құрылтай бізді әрі қарай ұлы істерге бағыттағаны анық. Ұлытау облысының әкімшілік-аумақ­тың құрамына 3 қала, 2 аудан ғана ен­генімен, халқының саны жағынан аз болғанымен, аумағы жағынан республика бойынша бесінші орында тұрғанымыз алдымызға үлкен міндеттер жүктейді. Бүгінде алдымен көші-қон мәселесіне басты назар аударып, тұрғындардың басқа қалаларға көшуін тоқтатуымыз керек. Жастарды туған ел топырағында тұрақ­тауын қолға алуымыз керек деген болатын­мын. Әрине, ол үшін әуелі облыс орталығы саналатын Жезқазғанның, содан соң 2 қа­ла мен 2 ауданның экономикалық-әлеу­меттік саласындағы қордаланған мәсе­ле­лерді оң шешу қажет. Осы бағытта біз осы өңірдің қиын да күрмеуі шешілмей келе жатқан өзекті мәселелеріне назар аудар­дық. Халықтың үніне құлақ түрдік, ауқым­ды жоспар жасадық. 2022 жылдың қараша айының басында Үкіметте мақұл­данған Ұлытау облысының 2026 жылға дейінгі кешенді даму жоспары осы өзекті мәсе­лелерді шешудің күретамыры болмақ. Жаңа облыстың жаңа жобасы не бермек? Қысқаша тоқтала кетсек, кешенді даму жоспарында белгіленгендей 1,4 трлн теңге инвестиция тартылса, бұл әртүрлі салада 120-дан астам жаңа жобаны іске асыруға мүмкіндік береді. Жоспарланып отырған 9 жаңа зауыт пен өнеркәсіптік кешен, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша қолға алынатын 11 инвестициялық жоба – об­лыс тынысын ашатын жобалар. Салына­тын 5 денсаулық сақтау нысаны, 880 орын­дық 4 жаңа балабақша мен 1 100 орын­дық 4 оқушы сарайы, ашылатын ха­лықаралық техникалық университет, құры­лысы басталатын 6 мәдениет нысаны, оның ішінде музыкалық-драма театры мен амфитеатр, сондай-ақ 10 спорт нысаны – халықты өңірдің ертеңіне, табысты бо­лашағына сендіретін игі істер. Ал жылу, кәріз құбырларын жаңарту, халықты са­палы ауызсумен қамтамасыз ету, эко­логиялық мәселелерді шешу, сапалы жол қызметі – өзекті мәселе. Жүйелі жұмыс пен тынымсыз еңбек, жарасқан бірлі­гіміздің арқасында барлық мәселе кезең-кезеңімен шешімін табады. Географиялық жағынан алғанда орта­лықта орналасқан Ұлытау облысы шы­ғыстағы Қорғас пен батыстағы теңізді Ақ­тауды, оңтүстік пен солтүстікті жал­ғайтын Қазақстанның логистикалық орта­лығына айналатынына сенімдімін. Осы бағытта біршама игі жобамыз бар. Еліміздегі алпауыт кәсіпорын сана­латын «Қазақмыс» корпорациясының бас офисінің Жезқазғанға оралуы да сенімге серпін берді. Ұлытау облысында орналасқан тарихи әрі киелі орындар туризмнің де қарқынды дамуына әкеледі. Өңірді дамыту – облыс не аудан-қала басшыларының міндеті, алайда халықтың белсенділігі мен жұмыла жүк көтеріп кетер жігер-күші, ұранға айналар ұстанымы қажет. Рух берік болса, табаның тиген туған жерге деген сүйіспеншілік мықты болса, алынбас қамал болмайды деп есеп­теймін. Облысымыздың әлеуетін арттырар мүм­кіндік көп. Ұлытау облысы – өндірісті өңір, мал шаруашылығын, егін шаруашы­лығын, басқа да кәсіпорындар жұмысын жандандыруға қолайлы аймақ. Бізге бір ғана күш керек: ол – рух күші. Ел аузында «Ұлытауға бардың ба, ұлар құсын көрдің бе?», «Ұлытау – ұлт ұясы» деген қанатты сөздер жиі айтылады. Бұл әсіре мақтан үшін айтыла салған сөз емесі анық. Ұлытау – рух, ұлар құс – кие. Шындығында да солай. Ұлытау – ұлт­тық рух жанартауы, Ұлытау – қазақтықтың шаңырағы, Ұлытау – елдіктің нышаны. Біздің ойымызша, бүкіл Алаш баласының осылай деп ортақ мүдде түйінін жасайтын күн алыс емес.

Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, Ұлытау облысының әкімі