Қызметте жүріп, қымбат дүниеге құмар
Қызметте жүріп, қымбат дүниеге құмар
© коллаж: Әсел Балтақызы
Билік атқамінерлерді отандық көлік мінуін та­лап еткенімен, қымбат бағалы шетелдік көлікпен жүретін шенеуніктер кө­бейген­дей. Сөйтсек, та­лай жыл­дан ­бе­рі айты­лып жүрген та­лапты құ­лаққа қыстыр­мау­ға Мем­ле­кет­тік мүлік және же­кеше­лендіру ко­ми­теті мүм­кіндік береді екен. Миллиондарға бағаланған көлік мінуді тоқтату туралы айтылмады емес, айтылды. Кейінгі жылдары да атқамінерлерді жаппай отандық көлікке ауыстырып, өзгелерге үлгі көрсетуге шақырса да шенеуніктер де, халық қалаулылары да қазақ­стандық көліктерді тізгіндеуге құ­лық таныта қойған жоқ. Бұл сө­зімізге дәлел, Мемлекет басшы­сы­ның талабынан кейін де Парламент автопаркін жаңарту үшін 2013-2015 жылдары республикалық бюджет­тен 260 миллион теңге сұратылған. Бір қызығы, Үкімет мүшелерінің автопарктерді импорттық темір тұлпарларға толтырғанын сынға алатын депутаттар отандық авто­көліктерді менсінбейтіндерді жа­залау керегін айтып мәселе көте­ретіні бар. Тіпті, бүгінге дейін Үкі­мет үйі, Парламент пен кез келген мемлекеттік мекеме, ұлттық ком­паниялар мен холдинг маңайында отандық көліктерден гөрі мемле­кеттік нөмірдегі шетелдік автокө­ліктердің қарасын көреміз. Айт­пақшы, 2017 жылы Батыс Қазақстан облысының әкімі де жалға алу құны жылына 3 миллион теңгеге жететін көлікпен жүретінін анықтаған болатын. Мәселен, облыстағы аудан әкімінің өзі жол талғамайтын қызметтік көлікті шамамен 80 мың долларға сатып алмақшы болған. Құны 56 миллион теңге тұратын бизнес-класқа жататын соңғы үлгідегі Audi A8 Long көлігі Оралға жіберілгені ресми дилерлер арқылы анықталды. Біраз уақыттан кейін 001 WK 07 мемлекеттік нөмірін таққан әлгі көлікті сол кездегі Батыс Қазақстан облысы әкімі тақымдап жүргені белгілі болады. Әкімнің бұл көлікке көзі түсетіндей бар. Себебі, көлік салоны сирек кездесетін ағаштан жасалған материалдармен әрленіп, ашық түсті былғарымен қапталған. Ол ғана емес, сапалы көліктің іші қымбат бағалы муль­тимедиалық жүйемен жабдықталған екен. Ол жылы шымкенттік шен­ділер де батыстағы әріптестерінен асып түспесе кем түспейтін сән-салтанаты жарасқан қымбат көлік­термен жүруді жөн көріпті. Мысалы, мемлекеттік сатып алулар сайтын­дағы деректерде 2017 жылы облыс­тағы мемлекеттік мекемелер 775 млн теңгеге 141 автокөлік сатып алған. Жалпы алғанда сол жылы барлық мемлекеттік мекемелер жаңа көлік сатып алуға бюджет қаржысынан 14,3 млрд теңгесін жұмсаған. Осыдан екі жыл бұрын Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев та мемлекеттік орган басшы­ларын қызметтік көлікпен қамта­масыз етудің жаңа жобасы бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды. Оның айтуынша, орталық мемлекеттік орган басшыларының көліктерін сатып алудан бөлек, автопаркін ұстап тұру үшін айтарлықтай бюд­жет қаражаты жұмсалады екен. Бір ғана автомобиль үшін орташа есеп­пен жылына 6 миллион теңгеден астам қаржы кетеді. Сондықтан ол мемлекеттік органдарға арналған қызметтік автокөліктердің санын азайтуды тапсырды. Осылайша, мемлекеттік органдар мен квази­мемлекеттік секторға автокөлік сатып алуға 3 жылға тыйым салған. Десе де, шенеуніктер жыл сайын темір тұлпарларын ауыстырғанды құп көреді. Лауазым иелерін отан­дық көлік алуға міндеттеп, қажет болса мораторий жарияладық. Бірақ «қалауын тапса қарды жан­дыратын» атқамінерлер бұл талапты айналып өтетін әдістің де айласын тапқан. Жалға алып, жолын тапты Елімізде мемлекет қызметкер­леріне Еуразия экономикалық ода­ғы мүшелері шығармаған көліктерді сатып алуға тыйым салынған. Әйтсе де, мына бір әдіс мемлекеттік ме­кемеге қымбат шетелдік көліктерді иемдену және қолдану мүмкіндігін ойластырып берген. Заң бойынша көлік сатып алуға болмайды. Ал жал­ға алуға болады. Отандық көлік емес, әрине... Шенеуніктер шеттен келетін шетелдік автоға әуес. Мы­салы, Павлодар облысы әкімінің аппараты бір жылы 89 миллион теңгеге тендер жариялайды. Бұл ақша көлік сатып алуға емес, бір жылға 11 көлікті жалдауға жұмсау үшін қажет болған. Көліктің дені қауіпсіздік жастықшасы мен кли­матты бақылау жүйесімен жабдық­талған премиум класқа жататын­дары. Ал мұндай көлікті мінген шенеуніктің бір жылғы жүрісі үшін облыс бюджетіне 8 млн теңгеге сал­мақ салады. Сонымен бірге, Түр­кістан облысы әкімінің іс басқар­масы 50 қызметтік көлік үшін бір жылға 21,4 млн теңгеге гараж жал­дапты. Алматы әкімдігіне қарасты Жер қатынастары басқармасы да 12 млн теңгеге көлікпен бірге жүргі­зушіні қоса алады. Бір автоның қыз­меттік құны үшін жергілікті бюд­жеттен ай сайын 1,2 млн теңге жұмсалады. Ұлттық компаниялар да ұрымтал сәтті ұтымды пайдалануда тәжірбиесі мол. «ҚазАвтоЖол» жы­лына 21,6 млн теңгеге жүргізуші­сімен бірге 4 жеңіл автомобиль жал­даған. Сонда әр автоға бюд­жет­тен 5,4 миллион теңге төленеді. Бұл айла-амал бергі жағы ғана. Махаббаты «Мерседестің» S класы мен жол талғамайтын көліктерге ғана құмар мемлекеттің заңды тұл­ғалары тәркіленген көліктерден жанға жайлысын таңдап алуына да әбден болады. Ол ешқандай заң бұ­зушылыққа жатпайды. Себебі біз­дегі заңнамалық құжаттар қымбат көліктерді алдымен мемлекеттік қызметтің құзыретіне беруді бекітіп береді. Айталық, Павлодарда Мемле­кеттік мүлік комитеті 38,4 млн теңгелік тәркіленген Range Rover-ді Қаржы мониторингі агенттігіне «сыйға» тартыпты. Тәркіленген кө­лікті сатып, ақшасын мемлекетке аударудың орнына мемлекет меке­месіне берген. Бұл әмбебап әдіс ар­­қылы сағат та, көлік те, бренд сөм­кені де иемденуге болатын көрінеді. Қолы ұзын қалағанын мінеді Комитет мамандары расында кез келген қылмыстық іс бойынша тәркіленген зат немесе мемлекеттік қорға өткен мүлікті комитет саудаға қояды. Сатылмаса, белгілі бір меке­меге қолдануға бере алады. Бірақ комитеттің тәркіленген мүлікті са­тып, қазына қаржысын толтырған қаржысының қасында, мемлекеттің заңды тұлғаларына берілген қымбат заттарының құны әлдеқайда көп. Себебі комитет «мемлекеттік меке­меге беріледі» деп тәркіленген мү­лікті саудаға шығарған бойда алды­мен МЗТ-дың назарына ұсынады. Одан кейін бірінші боп өтініш жаз­ған мекемеге бере алады. Қы­зық­тың барлығы осы жерден бас­талады. Мәселен, Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне 38,4 млн теңгелік көлік қажет болған. Агенттік көлік иесіне қарсы іс қозғаған, сот көлікті тәркілеуге үкім шығарған. Тәркі­ленген бойда көлікті сауда арқылы жергілікті Қаржы мониторингі агент­тігіне беру керек деп шешім шығарады. Кезекке бірден тұрған­ның арқасында енді Павлодар об­лысы бойынша Экономикалық тер­геу департаменті қымбат көлік­тің жаңа иесі. Мемлекеттік мүлік комитеті дәл осы әдіс арқылы 22 млн тұратын тағы бір Range Rover-ді Павлодар әкімдігіне беріпті. Арзан болғаны сол, оны қосымша жөндеу керек. Әкімдікке тәркіленген кө­лікті алу себебін «Мемлекеттік бюд­жетті үнемдеу үшін берілді» деген сөзбен түсіндіреді. Шынды­ғында солай ма? Өйткені шетелдік қымбат көлікті жөндеудің өзі қы­р­уар қар­жыны талап етпей ме? Оның үстіне ертеңгі күні мұндай көлікке қажетті жанар-жағармай­дың өзіне қым­батқа түсетіні анық. Таяуда Бас Про­ку­ратураның өзі де осы әдіс арқылы 50,5 млн теңгелік Lexus ал­дырыпты. Бұл көлікті де сатып, ақ­шасын мемлекеттік бюд­жетке ау­даруға әбден болатын еді. Проку­ратура автокөлікті қолда­ныс­тағы заңнама талаптары шеңберін­де пайдала­натынымен түсіндіреді. Дұрыс қой. Бірақ мәселе отандық көліктен бас тартып, жүріп-тұруына қыруар қаржы жұмсалатын қымбат көлікті қолдануға құмарлықта бо­лып отыр. Көлікті жүріп-тұруын жайлы ету үшін алды делік. Ал құны көлікпен бірдей қымбат сағаттың мемлекеттік қызметке қандай қажеті болуы мүм­кін? Мәселен, ProTenge оқырманы дәл осы жүйе арқылы құны 7 млн теңге тұратын екі сағаттың саты­лымға шыққанын және швейцар сағаттары мемлекеттік органға берілгелі жатқанын айтқан. Сөйтсе осыған дейін де осы жолмен 8,5 млн тұратын Hermes сөмкесі де мем­лекеттік мекемеге тапсырылмақшы болған. Абырой болғанда көпшілік талқылауының арқасында сатылып, мемлекет бюджетіне 4,4 млн теңге пайда әкелген. Тәркіленген мүлік­терді сатылымға қою мен бағалау арасындағы түрлі қитұрқылықтар жайлы аз айтылмайды. Оның ішінде тәркіленген мүліктерден хабары бар қызметкерлердің өзі туыс-туған­дарының атынан аукционнан кейін де қалып қойған мүлікті арзан ба­ғаға сатып алып, кейін нарықтың бағасымен пайдаға асыратыны жайлы айтылып жүр. Әлеуметтік желідегі адамдардың аузына қақпақ бола алмайсың. Десе де, «жел бол­маса, шөптің басы қимылдамай­тынын» ескерсек, елдегі айтылып жатқан осындай әңгімелердің қан­шалықты шындыққа жанасатыны қызық. Сол үшін комитет басшы­сының атына сұрақ жіберіп, Астана қаласы мемлекеттік мүлік департа­ментіне тиесілі қоймаға кіруге ­рұқ­сат алдық. Құнды заттар қоймасы Департаменттің құзырына Ас­тана қаласының аумағында рес­публикалық меншікке айналды­рылған мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану жөніндегі жұмысты ұйымдастыру кіреді. Оның ішінде қылмыстық жолмен келген мәдени құндылық­тарға жататын қазына, қымбат сыйлықтар мен көліктер де бар. Бірақ дәл қазір қойма іші бос. Бірлі-жарым сыйлықтар мен үш көлікті ғана көрдік. Департамент өкілі тәр­кіленген заттардың дені мемлекеттік қызметшілерге берілген сыйлықтар екенін айтты. Арасында қылмыстық жолмен алын­ған бағалы заттар да тұр. Оның ішінде кітап, қалам, та­бақ, алкоголь өнімі, бренд сөмкелер, түрлі тәтті­лер мен тірі шыршаға дейін бар. Ал сырттағы үш көліктің екеуі саты­лымға шы­ғарылса, жол талғамайтын темір тұлпар таяуда ғана әкелініпті. Сондықтан INFINITI QX56 көлігі талапқа сәйкес алдымен мемле­кет­тік заңды тұл­ғаның назарына ұсы­нылады. Егер мүлік МЗТ-ға қажетсіз болғанда ғана электрондық сауда-саттыққа қойылады. Сатылымға қойылған заттар есепке алынған күннен бастап 1,5-2 ай сақталуы керек. Оның ішінде көлік, сыйлық, ме­талл, терминалдар, ұялы теле­фон­дар, ойын құралдары да МЗТ-ға қажет болмаса сауда-саттыққа шы­ғарылады. Сатудан түскен қаражат республикалық бюджетке ауда­ры­лады. Айтпақшы, мемле­кеттік қыз­меткерлерге берілген кез келген сыйлықты, тіпті дипло­матиялық кез­десулерде берілген естеліктер де тәркілеуге жатады. Мұндағы кейбір заттарды ар-ұяты бар қызметкерлер өз қолдарымен тапсырған екен. Мүліктің құнын тәуелсіз бағалаушы нарықтық ба­ғалар бо­йынша са­лыс­тыру әдісімен айқын­дайды. Со­нымен қоймадағы кітаптар 59 380, керамикалық табақ 2 700, қалам 4 300, редми телефо­ны 39 000, iPhone 140 000 теңгеге бағаланған. Департамент өкілінің айтуын­ша, былтыр мемлекеттік заңды тұлғаларға 460, 2 млн теңге сомасына 11 070 бірлік, оның ішінде жылжы­майтын мүлік, автокөлік берілген. Ал мемлекеттік бюджетке бар-жоғы 19,1 млн теңге пайда түскен. Себебі 6 968 көлік пен зат сатылыпты. Биыл бағалау құны 1 270 000 теңге болатын 22 мүлік, оның ішінде ұялы телефон, сыйлық, көлік құралдары саудаланған.