Билік атқамінерлерді отандық көлік мінуін талап еткенімен, қымбат бағалы шетелдік көлікпен жүретін шенеуніктер көбейгендей. Сөйтсек, талай жылдан бері айтылып жүрген талапты құлаққа қыстырмауға Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті мүмкіндік береді екен. Миллиондарға бағаланған көлік мінуді тоқтату туралы айтылмады емес, айтылды. Кейінгі жылдары да атқамінерлерді жаппай отандық көлікке ауыстырып, өзгелерге үлгі көрсетуге шақырса да шенеуніктер де, халық қалаулылары да қазақстандық көліктерді тізгіндеуге құлық таныта қойған жоқ. Бұл сөзімізге дәлел, Мемлекет басшысының талабынан кейін де Парламент автопаркін жаңарту үшін 2013-2015 жылдары республикалық бюджеттен 260 миллион теңге сұратылған. Бір қызығы, Үкімет мүшелерінің автопарктерді импорттық темір тұлпарларға толтырғанын сынға алатын депутаттар отандық автокөліктерді менсінбейтіндерді жазалау керегін айтып мәселе көтеретіні бар. Тіпті, бүгінге дейін Үкімет үйі, Парламент пен кез келген мемлекеттік мекеме, ұлттық компаниялар мен холдинг маңайында отандық көліктерден гөрі мемлекеттік нөмірдегі шетелдік автокөліктердің қарасын көреміз. Айтпақшы, 2017 жылы Батыс Қазақстан облысының әкімі де жалға алу құны жылына 3 миллион теңгеге жететін көлікпен жүретінін анықтаған болатын. Мәселен, облыстағы аудан әкімінің өзі жол талғамайтын қызметтік көлікті шамамен 80 мың долларға сатып алмақшы болған. Құны 56 миллион теңге тұратын бизнес-класқа жататын соңғы үлгідегі Audi A8 Long көлігі Оралға жіберілгені ресми дилерлер арқылы анықталды. Біраз уақыттан кейін 001 WK 07 мемлекеттік нөмірін таққан әлгі көлікті сол кездегі Батыс Қазақстан облысы әкімі тақымдап жүргені белгілі болады. Әкімнің бұл көлікке көзі түсетіндей бар. Себебі, көлік салоны сирек кездесетін ағаштан жасалған материалдармен әрленіп, ашық түсті былғарымен қапталған. Ол ғана емес, сапалы көліктің іші қымбат бағалы мультимедиалық жүйемен жабдықталған екен. Ол жылы шымкенттік шенділер де батыстағы әріптестерінен асып түспесе кем түспейтін сән-салтанаты жарасқан қымбат көліктермен жүруді жөн көріпті. Мысалы, мемлекеттік сатып алулар сайтындағы деректерде 2017 жылы облыстағы мемлекеттік мекемелер 775 млн теңгеге 141 автокөлік сатып алған. Жалпы алғанда сол жылы барлық мемлекеттік мекемелер жаңа көлік сатып алуға бюджет қаржысынан 14,3 млрд теңгесін жұмсаған. Осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та мемлекеттік орган басшыларын қызметтік көлікпен қамтамасыз етудің жаңа жобасы бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды. Оның айтуынша, орталық мемлекеттік орган басшыларының көліктерін сатып алудан бөлек, автопаркін ұстап тұру үшін айтарлықтай бюджет қаражаты жұмсалады екен. Бір ғана автомобиль үшін орташа есеппен жылына 6 миллион теңгеден астам қаржы кетеді. Сондықтан ол мемлекеттік органдарға арналған қызметтік автокөліктердің санын азайтуды тапсырды. Осылайша, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға автокөлік сатып алуға 3 жылға тыйым салған. Десе де, шенеуніктер жыл сайын темір тұлпарларын ауыстырғанды құп көреді. Лауазым иелерін отандық көлік алуға міндеттеп, қажет болса мораторий жарияладық. Бірақ «қалауын тапса қарды жандыратын» атқамінерлер бұл талапты айналып өтетін әдістің де айласын тапқан. Жалға алып, жолын тапты Елімізде мемлекет қызметкерлеріне Еуразия экономикалық одағы мүшелері шығармаған көліктерді сатып алуға тыйым салынған. Әйтсе де, мына бір әдіс мемлекеттік мекемеге қымбат шетелдік көліктерді иемдену және қолдану мүмкіндігін ойластырып берген. Заң бойынша көлік сатып алуға болмайды. Ал жалға алуға болады. Отандық көлік емес, әрине... Шенеуніктер шеттен келетін шетелдік автоға әуес. Мысалы, Павлодар облысы әкімінің аппараты бір жылы 89 миллион теңгеге тендер жариялайды. Бұл ақша көлік сатып алуға емес, бір жылға 11 көлікті жалдауға жұмсау үшін қажет болған. Көліктің дені қауіпсіздік жастықшасы мен климатты бақылау жүйесімен жабдықталған премиум класқа жататындары. Ал мұндай көлікті мінген шенеуніктің бір жылғы жүрісі үшін облыс бюджетіне 8 млн теңгеге салмақ салады. Сонымен бірге, Түркістан облысы әкімінің іс басқармасы 50 қызметтік көлік үшін бір жылға 21,4 млн теңгеге гараж жалдапты. Алматы әкімдігіне қарасты Жер қатынастары басқармасы да 12 млн теңгеге көлікпен бірге жүргізушіні қоса алады. Бір автоның қызметтік құны үшін жергілікті бюджеттен ай сайын 1,2 млн теңге жұмсалады. Ұлттық компаниялар да ұрымтал сәтті ұтымды пайдалануда тәжірбиесі мол. «ҚазАвтоЖол» жылына 21,6 млн теңгеге жүргізушісімен бірге 4 жеңіл автомобиль жалдаған. Сонда әр автоға бюджеттен 5,4 миллион теңге төленеді. Бұл айла-амал бергі жағы ғана. Махаббаты «Мерседестің» S класы мен жол талғамайтын көліктерге ғана құмар мемлекеттің заңды тұлғалары тәркіленген көліктерден жанға жайлысын таңдап алуына да әбден болады. Ол ешқандай заң бұзушылыққа жатпайды. Себебі біздегі заңнамалық құжаттар қымбат көліктерді алдымен мемлекеттік қызметтің құзыретіне беруді бекітіп береді. Айталық, Павлодарда Мемлекеттік мүлік комитеті 38,4 млн теңгелік тәркіленген Range Rover-ді Қаржы мониторингі агенттігіне «сыйға» тартыпты. Тәркіленген көлікті сатып, ақшасын мемлекетке аударудың орнына мемлекет мекемесіне берген. Бұл әмбебап әдіс арқылы сағат та, көлік те, бренд сөмкені де иемденуге болатын көрінеді. Қолы ұзын қалағанын мінеді Комитет мамандары расында кез келген қылмыстық іс бойынша тәркіленген зат немесе мемлекеттік қорға өткен мүлікті комитет саудаға қояды. Сатылмаса, белгілі бір мекемеге қолдануға бере алады. Бірақ комитеттің тәркіленген мүлікті сатып, қазына қаржысын толтырған қаржысының қасында, мемлекеттің заңды тұлғаларына берілген қымбат заттарының құны әлдеқайда көп. Себебі комитет «мемлекеттік мекемеге беріледі» деп тәркіленген мүлікті саудаға шығарған бойда алдымен МЗТ-дың назарына ұсынады. Одан кейін бірінші боп өтініш жазған мекемеге бере алады. Қызықтың барлығы осы жерден басталады. Мәселен, Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне 38,4 млн теңгелік көлік қажет болған. Агенттік көлік иесіне қарсы іс қозғаған, сот көлікті тәркілеуге үкім шығарған. Тәркіленген бойда көлікті сауда арқылы жергілікті Қаржы мониторингі агенттігіне беру керек деп шешім шығарады. Кезекке бірден тұрғанның арқасында енді Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті қымбат көліктің жаңа иесі. Мемлекеттік мүлік комитеті дәл осы әдіс арқылы 22 млн тұратын тағы бір Range Rover-ді Павлодар әкімдігіне беріпті. Арзан болғаны сол, оны қосымша жөндеу керек. Әкімдікке тәркіленген көлікті алу себебін «Мемлекеттік бюджетті үнемдеу үшін берілді» деген сөзбен түсіндіреді. Шындығында солай ма? Өйткені шетелдік қымбат көлікті жөндеудің өзі қыруар қаржыны талап етпей ме? Оның үстіне ертеңгі күні мұндай көлікке қажетті жанар-жағармайдың өзіне қымбатқа түсетіні анық. Таяуда Бас Прокуратураның өзі де осы әдіс арқылы 50,5 млн теңгелік Lexus алдырыпты. Бұл көлікті де сатып, ақшасын мемлекеттік бюджетке аударуға әбден болатын еді. Прокуратура автокөлікті қолданыстағы заңнама талаптары шеңберінде пайдаланатынымен түсіндіреді. Дұрыс қой. Бірақ мәселе отандық көліктен бас тартып, жүріп-тұруына қыруар қаржы жұмсалатын қымбат көлікті қолдануға құмарлықта болып отыр. Көлікті жүріп-тұруын жайлы ету үшін алды делік. Ал құны көлікпен бірдей қымбат сағаттың мемлекеттік қызметке қандай қажеті болуы мүмкін? Мәселен, ProTenge оқырманы дәл осы жүйе арқылы құны 7 млн теңге тұратын екі сағаттың сатылымға шыққанын және швейцар сағаттары мемлекеттік органға берілгелі жатқанын айтқан. Сөйтсе осыған дейін де осы жолмен 8,5 млн тұратын Hermes сөмкесі де мемлекеттік мекемеге тапсырылмақшы болған. Абырой болғанда көпшілік талқылауының арқасында сатылып, мемлекет бюджетіне 4,4 млн теңге пайда әкелген. Тәркіленген мүліктерді сатылымға қою мен бағалау арасындағы түрлі қитұрқылықтар жайлы аз айтылмайды. Оның ішінде тәркіленген мүліктерден хабары бар қызметкерлердің өзі туыс-туғандарының атынан аукционнан кейін де қалып қойған мүлікті арзан бағаға сатып алып, кейін нарықтың бағасымен пайдаға асыратыны жайлы айтылып жүр. Әлеуметтік желідегі адамдардың аузына қақпақ бола алмайсың. Десе де, «жел болмаса, шөптің басы қимылдамайтынын» ескерсек, елдегі айтылып жатқан осындай әңгімелердің қаншалықты шындыққа жанасатыны қызық. Сол үшін комитет басшысының атына сұрақ жіберіп, Астана қаласы мемлекеттік мүлік департаментіне тиесілі қоймаға кіруге рұқсат алдық. Құнды заттар қоймасы Департаменттің құзырына Астана қаласының аумағында республикалық меншікке айналдырылған мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану жөніндегі жұмысты ұйымдастыру кіреді. Оның ішінде қылмыстық жолмен келген мәдени құндылықтарға жататын қазына, қымбат сыйлықтар мен көліктер де бар. Бірақ дәл қазір қойма іші бос. Бірлі-жарым сыйлықтар мен үш көлікті ғана көрдік. Департамент өкілі тәркіленген заттардың дені мемлекеттік қызметшілерге берілген сыйлықтар екенін айтты. Арасында қылмыстық жолмен алынған бағалы заттар да тұр. Оның ішінде кітап, қалам, табақ, алкоголь өнімі, бренд сөмкелер, түрлі тәттілер мен тірі шыршаға дейін бар. Ал сырттағы үш көліктің екеуі сатылымға шығарылса, жол талғамайтын темір тұлпар таяуда ғана әкелініпті. Сондықтан INFINITI QX56 көлігі талапқа сәйкес алдымен мемлекеттік заңды тұлғаның назарына ұсынылады. Егер мүлік МЗТ-ға қажетсіз болғанда ғана электрондық сауда-саттыққа қойылады. Сатылымға қойылған заттар есепке алынған күннен бастап 1,5-2 ай сақталуы керек. Оның ішінде көлік, сыйлық, металл, терминалдар, ұялы телефондар, ойын құралдары да МЗТ-ға қажет болмаса сауда-саттыққа шығарылады. Сатудан түскен қаражат республикалық бюджетке аударылады. Айтпақшы, мемлекеттік қызметкерлерге берілген кез келген сыйлықты, тіпті дипломатиялық кездесулерде берілген естеліктер де тәркілеуге жатады. Мұндағы кейбір заттарды ар-ұяты бар қызметкерлер өз қолдарымен тапсырған екен. Мүліктің құнын тәуелсіз бағалаушы нарықтық бағалар бойынша салыстыру әдісімен айқындайды. Сонымен қоймадағы кітаптар 59 380, керамикалық табақ 2 700, қалам 4 300, редми телефоны 39 000, iPhone 140 000 теңгеге бағаланған. Департамент өкілінің айтуынша, былтыр мемлекеттік заңды тұлғаларға 460, 2 млн теңге сомасына 11 070 бірлік, оның ішінде жылжымайтын мүлік, автокөлік берілген. Ал мемлекеттік бюджетке бар-жоғы 19,1 млн теңге пайда түскен. Себебі 6 968 көлік пен зат сатылыпты. Биыл бағалау құны 1 270 000 теңге болатын 22 мүлік, оның ішінде ұялы телефон, сыйлық, көлік құралдары саудаланған.