Тасқынға – тосқын
Тасқынға – тосқын
688
оқылды
Атырауда 36 елді мекенге су тасқыны қатер көндіріп тұр. Қардың шамадан тыс мол түсуі және нөсерлете жауған жаңбыр суы жағдайды одан әрі ушықтырғандай. Су басу қаупі төніп тұрған елді мекендерде 86 мыңнан астам адам тұрады. Олардың барлығы да Жайық өзенінің жағасында орналасқан. Қазір еріген қар суын айдау жұмыстары Индер, Қызылқоға аудандарында жүргізіліп жатыр. Атырау облыстық Төтенше жағ­дай­лар департаменті Төтенше жағдай­дың алдын алу бөлімінің бастығы Асланбек Ғафиз облыста негізінен тас­қын және еріген сулар басуы ық­тимал 51 елді мекен барын айтады.
«Су тасқыны қаупінің алдын алу мен жою мақсатында кешенді жол картасы әзірленіп, нәтижесінде 15 елді мекенде қауіп сейілді. 36 елді мекенде су басу қаупі сақталып тұр. Қызылқоға ауданындағы Ойыл және Сағыз өзен­дері бойынша аэровизуальды тексеріс жүргізілді. Қала мен аудандарда қа­жет­ті техника жеткі­лікті», – дейді Аслан­бек Ғафиз.
Қызылқоға ауданында Ойыл өзенінен тасқын судың көптеп келуі байқалып отыр. 6 наурыздан 7 нау­рызға қараған түні нөсерлете жауған жаңбыр мен еріген қардың салдарынан Миялы ауылы суға кетудің аз-ақ ал­дында қалды.
«Су деңгейін төмендету үшін Мия­лы және Жангелдин елді мекендері арасындағы жолдың бір бөлігін ар­найы техниканың көмегімен ашу ту­ралы шешім қабылданды. Нәтиже­сінде, ауыл маңын­дағы су деңгейі төмендей бастады. Тасқын судың негізгі бөлігі Жарыпшыққан өзенінің арнасымен ағып кетті. Тек 6-8 наурыз аралығында Миялы ауылында 10 000 текше метр су шығарылды. Осындай шұғыл шаралар нәтижесінде Мия­лыны су басу қаупі сейілді», – дейді Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұханов.
Сағыз ауылының ішімен өтетін Ноғайты өзені де өз арнасына толып отыр. Аудан әкімдігі өзен жағалауын қалыпқа келтіру үшін 80-нен астам адам жұмыл­дырылғанын хабарлады. Жүр­гізілген жұ­мыс­тардан соң Ноғай­ты, Сағыз өзен­дерінің арнасы қайта өз қалпына келген. Атырау облыстық Төтенше жағ­дай­лар департаментінің өкілі Асланбек Ғафиздің айтуынша, елді мекендерде көктем мезгілінде су басу қаупі туындауының бірнеше себебі бар.
«Бірінші себеп, Жайық, Ойыл, Қиғаш, Жем және Сағыз өзендерінің жоғарғы бассейндеріндегі күзгі топы­рақтың ылғалды болуы. Екіншіден, қардың және ылғалдың қоры мол болуына байланысты Каспий теңізінің жағалауында орналасқан елді мекен­дерге жауын-шашын көп түскен кезде жаңбыр суы тез сіңіп кете алмайды. Себебі, топырақ қабатында жерасты су­ларының қоры да көп», – дейді Асланбек Ғафиз.
Мамандардың айтуынша, өзендер арнасының бітелуі де су басу қаупін күшейтетін факторлардың бірі. Мәселен, 2021-2022 жылдардағы көктемгі су тасқыны кезінде Ноғайты өзенінің арнасының тереңдетілмеуі салдарынан Сағыз елді мекеніне қауіп төнген болатын. Сағыз, Ноғайты өзен­дерінің арналарына тереңдету жұмыстарын жүргізіп, өзен арна­ларына қорғаныс бөгеттерін тұрғызу бойынша жұмыстар жеделдетуді қажет етеді. Және «Миялы-Қарабау-Индер» тасжолы бойындағы Миялы ауылынан шамамен 600 метр жер­дегі тасжол бойына су өткізгіш қабілеті жо­ғары тұрба орнату мәселесі өзекті болып отыр. Құрманғазы ауданындағы Дың­ғызыл, Көптоғай және Шортанбай ауылдық округ­теріндегі Қиғаш өзені­нің арнасын­дағы айналма жерінде судың қорғаныс бөгетін бұзу қаупі бар. Қазір бұл өзендердің жағасын бекіту жұмыстары басталды. Бүгінде су тасқынына қарсы іс-шараларға 12 тонна жанармай, 27 мыңнан астам қапшық, 10 дана шатыр және 5 мыңнан астам төсек жабдық­тары­ның қоры әзірленіпті. Атырау қаласы шетіндегі бау-бақша орна­ласқан аумақтағы су деңгейі де бақылауға алынған. Жеке сектордағы тұрғын үйлерге келетін судың жолын бөгеуге 485 тонна құм, саз, қиыр­шықтас қоры дайындалды. Атырау үшін көктем айларында су басу қаупі жиі төнеді. 1993 жылы Атырау, Құлсары қалаларымен бірге, Қызылқоға ауданын да су шайғанын тұрғындар ұмыта қойған жоқ. Ойыл өзені арнасынан тасып, Қызылқоға ауданының орталығы Миялы ауылын су басты. Қызылқоға ауданына қарасты Сағыз ауылында қазір су басу қаупі сейіліп отыр. Жергілікті тұрғын Қанағат Ибраевтың айтуынша, ауылда қазір қозғалыс біраз жеңілдеген.
«Жаяу жүргіншілерге арналған уақытша өткелдер көптеп салынуына байланысты ауыл ішіндегі қатынас жеңілдеді. Ауыл тұрғындары малды әзірге үйде ұстағанды жөн көріп отыр. Енді Ақтөбе облысындағы Байғанин ауданында қар еріп бастауда деген ақпарат бар. Сағызға енді сол Байғанин жақтан ауып келетін еріген қар суы қауіп туғызуы мүмкін. Ат үстінде жүрген азаматтардың шұғыл атқарып жатқан шаралары әзірге нәтиже беріп отыр», – дейді Қанағат Ибраев.
Ауыл тұрғыны сөзінің жаны бар. Себебі, «Казгидромет» наурыз айында ауа райының күрт жылынатынын ескертіп отыр. Сондықтан көктемгі су тасу қаупі атыраулықтар үшін үлкен сын болғалы тұр. Бұл орайда, бірінші кезекте тасқынға тосқын болуға жауапты сала мамандары­ның әзірлігі сыналатыны анық.

Атырау облысы