Армян көлігіне қатысты жаңа қаулы
Армян көлігіне қатысты жаңа қаулы
178
оқылды
Армения, Қырғыз Рес­публикасы және басқа­сы­нан арзан көлік әкелген аза­маттар миллиондаған теңге алымын келер жылғы наурызға дейін төлеп шы­ғуы тиіс. Қазақстан ЕАЭО аумағында сатып алынған машиналарды пайдалану ережелерін айқындады. Ел Үкіметінің 31 қаңтарда қабылданған, бірақ 3 ақпанда ғана жарияланған №25 Қаулысы елді елең еткізді. Құжат «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мем­лекеттерде тіркелген жеке­леген көлік құралдарын Қазақстанға әкелудің және Қазақстан азамат­тарының пайдалануының кейбір мәселелері туралы» деп аталады. Мәселенің мәнісін түсін­дір­сек, елімізде «Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңей­тілген міндеттемелерінің опе­ра­торы» («Оператор РОП) деген ұйым бар, ол ескі-құсқы көлік­тер­ді қазақстандықтардан ар­занға сатып алып, утилизация­лайды. Бірақ адамдар шетелдегі көнерген көліктерді де тасып, соған ақшаға өткізуі мүмкін. Бұған тосқауыл қойылуы керек. Халыққа осылай деп түсіндірген, бірақ отандық зауыттардың мүддесін ілгерілет­кен кейбір шенеуніктер «утилиза­циялық төлем» дегенді енгізді. Егер Қазақстан тұрғыны кез кел­ген өзге елден «темір тұлпар» са­тып алса, міндетті түрде осы алым­ды төлейді. Тек одан отандық авто­зауыт өнімдері босатылады. Бұл алымның не үшін керегін көпшілік түсінбейді. Себебі аза­маттардан ескі көлікті сатып алу бағдарламасы жыл сайын науқан түрінде өтеді. Ал азаматтың жаңа әкелген көлігі 15-20 жылдан кейін ғана істен шықса, ол кезде мұндай бағдарлама мен әлгі оператор бола ма? Ол кезде тіпті заң қа­тайып, көне көлікті утилизациялау иесіне жүктелуі мүмкін. Ендеше бүгінде миллиондап алым төле­гендер кейін ескі машинасын кәдеге жаратуға қайта қаржы жұмсап, екі рет шығындалмақ. Арзан көлік иеленгеннің көбі аяқ астынан тағы 1-3 млн теңгені таба алмайтынына шағымданады. Сондықтан билік төлеу мерзімін ұзартып отыр. Үкіметтің жаңа қау­лысына сәйкес, Өндіруші­лердің кеңейтілген міндетте­ме­лерін іске асыру қағидасының 20-тармағы жаңа 2-абзацпен то­лығады: «Қазақстан азаматтары ЕАЭО мемлекеттерінен 2020 жыл­ғы 1 ақпанға дейін әкелген авто­көлік құралдарына қатысты төлем 2021 жылғы 1 наурызға дейін енгізіледі». Қаулы армян, қырғыз, Ресей мен Беларусь нөмірімен жүрген көлік иелеріне «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерін орын­дағанын растайтын құ­жат­ты» уәкілетті органға бастапқы тіркеу кезінде емес, кейінірек, 2021 жылғы 1 наурызға дейін ұсы­нуына рұқсат етті. Сондай-ақ Үкі­мет басшысы Асқар Мамин Ішкі істер министрлігіне одақ елдерінен биылғы 1 ақпанға дейін әкелінген барлық машиналарды 2020 жылғы 1 наурызға дейін тіркеп шығуды жүктеді. Жалпы алғанда, осы кезге дейін Еуразиялық одақ елдерінен 170 мыңнан астам автомобиль әкелінген.   Айхан ШӘРІП