Қытайда тарай бастаған коронавирус адамзат баласы үшін тек қатерлі дерт қана емес, бірқатар салалардың зардап шегуіне апарып соғатын «экономикалық індет» сипатын да алып бара жатыр. Өйткені вирустың кесірінен қазірдің өзінде туризм саласы зардап шегуде. Euronews-тің хабарлауына қарағанда, Қытайға баратын ұшақ рейстерінің тоқтатылуына байланысты екі аптаның ішінде Еуропаның бірқатар әуекомпаниялары әжептәуір зиян шеге бастаған. Атап айтқанда, Air France-KLM ақпан мен сәуірдің арасында шамамен 150-200 млн доллар аз табыс табатынын мәлімдеді. Олар қазірдің өзінде жаһандағы саяхатшысы ең көп елмен байланыстың үзілуінен туындаған шығындардың орнын толтыруға қиналып отыр. Ал австралиялық Qantas Airways 18 ұшағын пайдалануды доғарып, 30 мың қызметкеріне кезекті еңбек демалысына шығуға кеңес берген. Сөйтіп, авиакомпания Азия елдеріне бағытталған сапарларға сұраныстың азаюынан туындайтын шығынды сәл де болса кемітпек ниетте. Бірақ бәрібір компания биыл 90 млн доллар шығын тартады деген болжам бар. Ал IATA (Халықаралық әуекөлігі қауымдастығы) вирустың тарауы дер кезінде тоқтатылмаса, Азия-Тынық мұхиты аймағына жолаушылар тасымалдайтын әуекомпаниялары биыл 27,8 млрд доллар пайдадан қағылатынын мәлімдепті. Міне, мұның өзі COVID-19 эпидемиясының туризмге жасаған алғашқы соққыларының қаншалықты ауыр екенін көрсетеді.
Қытайлықтар болмаса көшелер қаңырап қалады
Эпидемияның тарауынан тек жолаушы тасымалымен айналысатын компаниялар ғана емес, экономикасы туризмге иек артқан бірқатар елдер зардап шегуі мүмкін. Өйткені әлемде саяхатқа шығатын азаматтарының саны жөнінен Қытай көш бастап тұр. Қазір бұл ел жабық. Демек, Грекия, Түркия, Мысыр және Еуропаның бірқатар елдеріне биыл турист жылдағыдан аз келуі ықтимал. Тіпті, коронавирустың зардабын Ресейдің кейбір аймақтары да тартып жатыр. Масс-медиа деректеріне қарағанда, қазірдің өзінде Байкал көліне саяхат жасайтын қытайлықтар саны күрт кеміп кетіпті. Бірқатар медиа құралдары қазірдің өзінде Еуропаның кейбір аймақтарында туристердің қарасы сиреп қалғанын жазады. Мәселен, Париждегі Louis Vuitton дүкенінің маңынан, Бавариядағы көне қамалдардың қасынан, Лондон көшелерінен қытайлық туристерді көру мұңға айналғанын айтып жатыр. Ал олар болса 2000 жылдардан кейін туризм саласының негізгі драйверлерінің біріне айналған болатын. Өйткені Қытай экономикасының өсуі өзге елдердегі туризмнің дамуына да ықпал еткен. БҰҰ деректеріне қарағанда, 2000 жылы Қытай туристері шетелдерге саяхат жасау үшін 10 млрд доллар жұмсаған. Ал 2018 жылы олардың саяхаттауға кеткен шығындары 277 млрд долларға жетіпті. Яғни, 27 есе өскен. Алайда бұл көрсеткіш биыл күрт төмендеуі мүмкін. Демек, туризмді кәсіп қылған мемлекеттердің табысы да ойсырамақ. Рас, әзірге туризм саласының нақты қанша миллион немесе миллиард доллар зиян шегетінін болжау қиын. Өйткені эпидемиямен күрес әлі жалғасып жатыр һәм оны толық ауыздықтау қашан мүмкін болатыны белгісіз. Егер індеттің таралуын сәуірге дейін тежеу мүмкін болмаса, туризм ғана емес, өзге де салалар қыруар зиян тартады. Біздің пайымдауымызша, COVID-19 вирусын тоқтату сәуірге дейін адамзаттың қолынан келе қоймайтын сыңайлы.Бір тәулікте 7 мемлекетке жетті
Иә, COVID-19 эпидемиясы бір тәулікте 7 елге жетті. Ақпанның 26-27-сі вирус Бразилия, Пәкістан, Солтүстік Македония, Грузия, Алжир, Грекия және Норвегиядан табылды. Дәлірек айтқанда, аталған ел азаматтарының бойынан атышулы вирус шықты. Сөйтіп, вирус жаһандағы 50-ге жуық елге жеткен жайы бар. Оның үстіне вирустың туристер көп баратын өлкелерге де жетуі алаңдатады. Өйткені экономикасы туризмге сүйенген елдер қытайлықтар келмесе, олардың орнын жапондар, кореялықтар және басқалар басатын болар деп үміттенетін. Әсіресе, Ресей туроператорларының арасында сондай үміт көп еді. Эпидемияның Қытайдан кейінгі орталығына айналу қатері төніп тұрған Оңтүстік Кореядағы жағдайдың күрделене түсуі осынау үміттің күлін көкке ұшырды. Демек, енді қытайлардың орнын өзгелер басады деп үміттенудің де жөні жоқ. Өйткені вирустың таралу қаупі бір азаматы ауырған елдің өзінде күрт көбейетіні байқалып тұр. Мәселен, Қазақстанмен Каспий теңізі арқылы шекараласатын Иранға вирустың жетуі Таяу Шығысқа тұтастай қауіп төндіріп тұр. Иран денсаулық сақтау вице-министрі Ирадж Харирчидің өзі вирус жұқтырып алған соң, қарапайым азаматтардан не сұрайсыз?! Бәлкім, содан да шығар, кеше Сауд Арабиясы эпидемияға байланысты умра қажылығына уақытша шектеу қоймаққа бел буды. Әрине, бұл жерде әңгіме вирус шыққан елдердің азаматтарына виза берілмейтіні туралы екенін де ескеру қажет. Алайда вирустың таралу қарқынының жоғары екенін ескерсек, умраға тұтас шектеу қойылуы да бек мүмкін. Өйткені вирус тараған елдер қатары көбейіп барады. Олардың арасында мұсылман мемлекеттері де аз емес. Бұл жалғаса берсе шілденің соңында келетін «үлкен» қажылыққа қатысты да түрлі шектеулер пайда болуы мүмкін. Демек, вирус арабтардың да қалтасын қағатын түрі бар. Туризммен тәуір табыс табатын Түркияның да халі қыл үстінде тұр. Өйткені вирус табылған Иран мемлекетімен көрші отыруы, парсы жерінен Анадолыға немесе керісінше туристердің де, саудагерлердің де барып-келіп жүргені Анкараны алаңдатқан жайы бар. Қазірдің өзінде бірнеше елді мекен мен қалаларда адамдарды карантинге жатқызып, барынша сақтық шараларын күшейтіп жатыр. Дегенмен вирустың Түркияға еніп кету қаупі өте жоғары. Ал Халықаралық олимпиада комитетіндегілер биыл жазда Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарын өткізу-өткізбеу мәселесін талқылай бастады. Одан бөлек, іскерлік форумдарға да шектеу қойылып жатыр. Өткен аптада Барселонада жоспарланған Mobile World Congress жәрмеңкесі өтпей қалды. Бұл жәрмеңке қала қоржынына 500 млн еуро әкелуі тиіс еді. Бұл – COVID-19 «шабуылының алғашқы нәтижелері».