Қазақстанда Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау басталды
Қазақстанда Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау басталды
Бүгін, яғни 19 наурыз күні халық Қазақстанда Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлайды. Бүгін учаскелерде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін жүргізіледі. Учаскелік сайлау комиссиялары жергілікті уақыт бойынша сағат 20.00-де дауыс санауды, дауыс беру нәтижесі туралы хаттама жасауды бастайды. Inform.kz-тің дерегінше, уақыт белдеуіне байланысты кейбір шет мемлекеттерде дауыс беру бізден ерте басталады. Қазақстандықтар тұратын Еуропа, Ұлыбритания, Ресей, АҚШ, Қытай, Корея, Үндістан және т.б. мемлекетте 77 дауыс беру учаскесі ашылған. Бұл жолы дауыс санау процедурасы ұзаққа созылады. Себебі бюллетеньдер саны әдеттегіден көп. Бірақ, заң бойынша дауыстарды санау 12 сағаттан аспауы тиіс. Дауыстарды санау барлық сайлау учаскелерінде таңғы 08.00-де аяқталады. Конституцияға сәйкес, Парламент Мәжілісі аралас сайлау жүйесі бойынша Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын 98 депутаттан тұрады. Бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі аумағы бойынша, яғни партиялық тізім бойынша Мәжілістің 69 депутаты, бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша 29 депутат сайланады.