Қызылорда облысы Қазалы ауданы Ғани Мұратбаев ауылындағы №64 сайлау учаскесі ресми түрде ашық деп жарияланғаннан дауыс берушілердің алғашқы легін 100 жастағы ауыл тұрғыны бастап кірді. Ғасыр жасаған кейуана Шамша Аймашқызы немере-шөберелерімен бірге келіп, өз таңдауын жасады. “Бүгін елімізде өтіп жатқан саяси науқанға өз үлесімді қоссам деген ниетпен ертемен келіп, таңдауымды жасадым. Ел тағдырына алаңдайтын барлық тұрғын бүгінгі шарадан қалыс қалмауы тиіс деп ойлаймын. Халқымыз аман болсын! Өзгерістердің барлығы оңынан болсын! – деді кейуана. Сайлау учаскесінің төрағасы Дархан Алдабергенов елден ерте тұрып, маңызды істен қапы қалмағаны үшін қазыналы әжеге қазақы дәстүрге сай камзол кигізіп, иығына ақ жаулықты жапты. Қарт ана өз таңдауын жасап, ақ батасын беріп, сәттілік тіледі. Алты ұл-қыз тәрбиелеп өсірген Батыр ана бүгінде 15 немере, 28 шөбере, 8 шөпшек сүйіп отыр. Ойы анық, денсаулығы бірқалыпты әже саналы ғұмырындағы барлық саяси науқандарға белсенді қатысып келеді.