Туған күнінде өз таңдауын жасады
Туған күнінде өз таңдауын жасады
Тараз қаласындағы сайлау учаскелерінде дауыс беру қарқынды жүріп жатыр. Таң сәріден ағылған жұрт көтеріңкі көңілмен, өз таңдауын жасауда. «Арай-2» ықшамауданындағы №463 сайлау учаскесінде де сайлаушылардың қарасы қалың.
– Сайлау учаскесі таңғы сағат 06:00-де ашылды. Партия мен кандидаттардың сенімді өкілдерінің жұмысына барлық жағдай жасалған. Барлығы тіркеуден өтті. Оларға комиссияның ішкі ережесі толықтай таныстырылды. Жәшіктердің барлығына солардың көз алдында пломба салынды. Жалпы, сайлау учаскесі бойынша  2326 адам дауыс беруі тиіс болса, алғашқы бір сағаттың өзінде 25 адам дауыс беріп үлгерді. Дауыс беру кешкі сағат 20:00-ге дейін жүргізілетін болады, – дейді №463 сайлау учаскесінің төрағасы Қанатбек Мұраталиев.
Сондай-ақ Жамбыл ауданындағы сайлау учаскелерінде де дауыс беру ережеге сай жүргізілуде. Мұнда сайлаушылардың арасында жастар айрықша белсенділік танытып жатыр. Міне, сондай жастың бірі – Гүлнұр Абумуталиева өзінің туған күні №149 сайлау учаскесінде дауыс берді. 18 жасқа толып отырған бойжеткен бұл науқан елімізге үлкен өзгерістер әкелетініне сенім білдіріп, барша замандастарын сайлаудан шет қалмауға шақырды.